Загрузка страницы

Для Казахстана

Курсовые

Дипломные

Отчеты по практике

Расширенный поиск
 

Предмет: Қазақ тілі мен әдебиеті

Тип: Дипломдық жұмыс

Объем: стр.

Год: 2010

Предварительный просмотр

Абай шығармаларының тілдік ерекшелігі


Мазмұны
Кіріспе 6
1 Абай шығармалары – асыл мұра 8
1.1 Абай және Абайға арналған мұралар 8
1.2 Абай шығармаларындағы араб-парсы сөздері 12
1.3 Абай шығармаларындағы орыс сөздері 18
1.4 Абай шығармаларындағы мақал-мәтелдердің қызметі 22
1.5 Абай шығармаларындағы диалектизмдердің мәні 26
2 Абай шығармалары – ұлттық мәдени құндылық көзі 30
2.1 Абай шығармаларындағы салт-дәстүр мен әдет-ғұрып көрінісі 30
2.2 Абай шығармаларындағы киім атауларының лингвистикалық сипаты 34
2.3 Абай қарасөздерінің ерекшелігі 40
2.4 Абай қарасөздері және эссе жанры байланысы 46
2.5 Абай шығармаларындағы афоризмдер сипаты 49
2.6 Афоризмдердің құрылымдық сипаты 55
Қорытынды 58
Пайдаланылған әдебиеттер 59

Кіріспе
Даналық өлшеміне айналған ойшыл Абайдың ой дүниесі біздің негізгі идеялық, ұлттық қаруымызға айналып, қазіргі заманғы сын таразысынан өтіп, бүгінгінің биігінен түспей, ертең де еңселі болуы үшін әлі де зерттеп, танып-таразылай береріміз заңдылық, айнымас ақиқат.
Бүгінде Абай тақырыбы әр қырынан зерттелу үстінде, шешімін табуды қажет ететін мәселелер әлі де жалғасуда. Мұхтар Әуезов: “Абай кешкен өмірді, Абай қалдырған мұраны тану керек, зерттеу керек дегенді бәріміз де түсіндік. ...Тегінде Абай шығармасының аздығынан кенде боп жүргеніміз жоқ” [1,251 б.] – дей келе, Абай тақырыбын әрі қарай байыптай түсуге шақырады. ... “Ал Абай жәйін зерттеушілерге өзгеше бағалы, өзі соны және үлкен ғылымдық, тарихтық қасиеті зор бір алуан істер бар. Енді бір кезек көңіл бөлгенде соған бөлсек екен. Ол – Абайдың дәуірін танытар мағлұматтар. Бұған үлкен де, ұсақ та нәрселер кіреді. Бірақ бәрі-бәрі де Абай өлеңдерінің ішіндегі көп-көп өзгеше жолдардың сырын, нәрін, мәні-жөнін танытады [1,252-253 б.].

1 Абай шығармалары – асыл мұра

1.1 Абай және Абайға арналған мұралар
Абай! Бүгінде тіл біткен қазақтың аузында осы есім, көңілінде осы бейне. Мұншалықты биік бақытқа ие, ғажайып мәртебеге жеткен ұлтымыздың тарихында өнер адамы әлі болып көрген емес.
Өйткені ол – адамзат поэзиясының тарих білетін алыптарының бірі. Әлемдік әдебиетке қазақ топырағынан тұңғыш маржан қосқан ақын. Абай деп атар қазақ аузы ғана емес, Отанымыздың төрт тарабында тегіс атап сүйеді, сүйсінеді.
Абай есімі Мұхтар Әуезов махаббатымен бар ғаламға мағлұм ғой. Бүгінде өз өнері де Батыс пен Шығысқа бірдей бет алады. Әлі де жетпеген жері болса, - ол ертеңгі күннің аманаты. Ұлы есімдер уақыт тастап шығандай бермек, шырқай бермек.

1.2 Абай шығармаларындағы араб-парсы сөздері
Халықтардың тарихи әлеуметтік, экономикалық, мәдени байланысы нәтижесінде, тіларалық қарым қатынас барысында бір тілден екіншісіне сөздердің ауысуы – әр кезеңде бола беретін объективті заңдылық. Белгілі ғалым Ө.Айтбаев осы мәдени процестің себебін орта ғасырдағы түркі әдеби тілінің әсері; кейінгі кезеңдегі діни оқумен; ескіше оқығандардың сөйлеуінде қолданғанымен байланыстырады, сондай ақ кірме сөздер бірде о бастағы мағынасында ғана жұмсалса, енді бірде жаңа мағыналық реңкте қолданғанына тілдік сараптама жасап, объективті түйіндерін келтіреді [2,52б.].

1.3 Абай шығармаларындағы орыс сөздері
Бірқатар зерттеулер дәлелдегеніндей, қазақ пен орыс халқы арасындағы байланыс, сөз ауысу үрдісі сонау ерте замандардан басталғаны анық. Белгілі ғалым Ө.Айтбаев орыс тілінің көптеген сөзі, тікелей қарым қатынас нәтижесінде ауызекі сөйлеу тілі арқылы да, мерзімді баспасөздің жандануымен де белсенді қолданысқа түскенін нұсқайды, сонымен бірге тілдік процеске мықтап әсер еткен жағдайдың бірі – қазақ елінің Россия қоластында болуы деп көрсетеді.

1.4 Абай шығармаларындағы мақал-мәтелдердің қызметі
Абай шығармаларындағы мақал-мәтелдердің қызметі мен өзіндік сипаты ерекше көңіл аударарлық. Мақал-мәтелдер – бүкілхалықтың рухани әлемі сіңірілген тілдік құбылыс.
Мақал-мәтел мазмұны этнос тарихымен тығыз байланысты. Тіпті сонау көне дәуір ескерткіштері тілі мен М.Қашқари “Ұлғатының” өзегінде ел мен жер жайлы, халық пен қоғам тарихынан сыр тарқатар мақал-мәтелдер көптеп кездеседі. Абай шығармаларындағы мақал-мәтелдердің тілдік-танымдық мәнін анықтау арқылы қазақ тіл өнерінде көркем сөздің алатын орнын сараптай аламыз. Тілдік қордағы әрбір мақал-мәтел мағынасының қалыптасу және даму заңдылығы болатындығына Абай шығармалары арқылы тағы бір көз жеткізе аламыз. Ақын шығармалары тіліндегі мақал-мәтелдердің табиғаты мен этнолингвистикалық сипатын анықтай оның өзіндік ерекшелігін де айқындауға мүмкіндік аламыз.

1.5 Абай шығармаларындағы диалектизмдердің мәні
“Диалект деген термин тілде жалпы халықтық сипат алмаған, белгілі бір жерде ғана қолданылатын ерекшеліктердің жиынтығын білдіреді”, – [13,4б.] десек те, Абай шығармаларындағы диалектілер ұлт тілінің құрамды бөлігі, әдеби тілдің бір көрінісіндей болып, қолданыста ешбір айырмашылығы сезілмейді.
Абай тілінде қазіргі әдеби нормамен салыстырғанда бірқатар жергілікті ерекшеліктер орын алғанын филолог ғалымдар С.Аманжолов, Қ.Жұмалиев, Р.Сыздықова өз зерттеулерінде нақтылай көрсетеді. Ғалымдардың Абай тіліндегі диалектілік құбылыстарды танудағы ұстанымы бірдей болмағанымен, тілді тұтынушы, дамытушы тұлғаның тіліндегі әдеби нормаға жатпайтын ауытқушылықтар сараланады. Әйтсе де, ол құбылыстар шығарма тілінің көркемдігі мен әдеби сапа белгісін төмендете алмасы анық.

2 Абай шығармалары – ұлттық мәдени құндылық көзі
2.1 Абай шығармаларындағы салт-дәстүр мен әдет-ғұрып көрінісі
Этникалық ақпарат жеткізетін мәдени-рухани құндылықтар болмысы қазақ ғалымдары зерттеулерінде соңғы кезде кеңінен талдануда.
Абай шығармаларының сөздік құрамынан қазақ қоғамының материалдық және рухани мәдениеті жайлы толық мәлімет ала аламыз. Себебі Абай–суреткер өз ұлтының рухани арнасынан, яғни халықтық білім қорынан нәр алған, мол мағұлмат түйген, ал халықтық білім қазынасы деген – “этностың бағзы заманнан бері қоршаған ортаны иеруіне байланысты қалыптасқан қорытынды тәжірибелері, содан туындайтын этно-мәдени болмысы, сан қырлы идеологиялық, әлеуметтік, қатынастары мен ежелгі дүниетанымдар жүйесі” [16,227б.]. Мәдени-танымдық ақпарат беретін лексика қатарына тұрмыс-салт, әдет-ғұрып және материалдық мәдениетке қатысты белгілерді жатқызамыз:

2.2 Абай шығармаларындағы киім атауларының лингвистикалық сипаты
Абай шығармалары эстетикалық сипаттағы немесе адамның рухани әлеміне әсер ету құралы ғана емес, суреткердің шығармашылық шеберханасынан қазақ халқының ұлттық болмысы мен салт-санасы, тұрмыс-тіршілігінің суретін танып, жалпы мәдениеті жайлы мол мағлұмат алуға болады.
Абайтанушы ғалым Р.Сыздықованың атап көрсеткеніндей, Абай өз заманын, қазақ қоғамын, мәдениетін, экономикалық тұрмыс-тіршілігін тарихшы немесе өнертанушы болып баяндамайды, ақын болып сөзден сурет салып, сөз кестесін, өлең өрнегін тоқиды. Соның бірі – халықтың рухани-материалдық мәдениетіне қатысты лексиканың бір түрі киім-кешек атауларының қолданылу мақсатына байланысты.

2.3 Абай қарасөздерінің ерекшелігі
Абай халқының даналығын жете меңгерген, дала данагөйі әлемдік ақыл-ой шыңына көтеріле алғанын өлеңдері мен қарасөздері өзегінен таба аламыз. Абай шығармаларының өміршең болуының бір себебі – даналық дүниетанымында екені ақиқат. Абай философиясы – оның ойлау биігінің, пайым-парасатының өлшемі, ал философиялық ілімнің өзі адамзаттың ой құдыретінің биік көрінісі екендігі шүбәсіз. Абай ақыл-ойының жүлгесі дала философиясындағы “көне көздердің” терең ой иірімдеріне жетелейді. Осы мәселеге орай, ұлы Абайдың әлемдік ой алыптары мен ой таластырған, “сөз жарыстырған” дүниетанымын, олардың шығармаларын салыстыра отырып, көз жеткізе аламыз. Абай қарасөздері – ұлттық рухтың бірегей көрінісі, рухани биіктіктің өлшемі. Ұлы Абай қазақтың тілі мен ойының мәйегі, пайым-парасатының деңгейіне айналған шығармаларды ұрпаққа мұра етті. Абайдың бізге қалдырған рухани мұрасында әлемдік философиялық ой қазынасына қосылар құнды пікір-пайымдаулар мол және ол жайлы үнемі айтылып келеді. Философиялық сырын тарқатқан зерттеулер де бар. Ойы терең, мәні құнды еңбектердің қатарында қарасөздер қомақты орын алады.

2.4 Абай қарасөздері және эссе жанры байланысы
Эссе жанрының күрделі табиғатын, ғылыми теориялық мәселелерін анықтауға байланысты зерттеулер әлі де тереңдетуді қажет етеді. Бұл саланың әдебиеттану ғылымында өзіндік орны анықталуы, жан-жақты қарастырылуы оның маңызы мен құнын арттырары сөзсіз.
Ерекше әдеби жанр ретіндегі эссе мәселесі күрделі әрі шешімін таба қойған жоқ. Терминдік бірізділік болмауы бұл жанрдың тым күрделілігіне байланысты болуы керек десек те, нақты бір ұстаным, функционалды айырмашылығы ажыратыла көрсетілуі тиіс. Олай болмаған жағдайда қолжазба мақалалардан бастап, әдеби манифестке дейінгі аралықтағы шығармалар эссе деп атала беретіні жиі кездеседі. Эссе сөзінің шығу тегі, мағынасы “тәжірибе” дегенді білдіргендіктен, “алғашқы ұмтылыс, ниет”, “алғашқы қалам тербеу” сипатындағы әдеби туындылар да, мазмұны әр тарапты қамтитын, еркін баяндалған шығармалар да эссе жанры қатарында қарыстырыла беретін тұстар кездесіп қалады.

2.5 Абай шығармаларындағы афоризмдер сипаты
Қазіргі таңда қазақ тіліне әлеуметтік сұраныстың жоғарылауы сөйлеу тіліне тән ұлттық ерекшеліктерді айқындауды қажет етіп отыр. Сөйлеудің жалпыланған түрлерінің болуы ойлаудың адамзатқа тән ортақ логикалық құрылымымен байланысты. “Сөйлеу әрекетінде жалпылылықпен қатар әр ұлттың дүниетаным ерекшелігінің тілдік бейнесі беріледі. Ұлттық ерекшеліктің белгісі, ең бірінші, сөйлеу актісінің берілуінен көрінеді. Сөйлеу актілерінің тілдік көрінісі ұлттық ерекшелікке бай” [30,149б.]. Сондай құндылықтар қатарына біз афористік ойлау үлгілері жатады. Қазіргі жоғары қарқынмен дамыған, ақпараттар ағыны тасқындаған, техникасы қарыштаған заманда, уақыты шектеулі тіл тұтынушының қолдануына ықшам әдеби жанр – афоризмдер өте ыңғайлы, яғни ойына ой қосу, пікір түю, ойын өзгеге жеткізу сияқты функция атқару үшін афоризм көмегі керек-ақ. Ол өзінің толықтай түйінімен де қазақ ұлтының менталитетіне өте жақын келеді.

2.6 Афоризмдердің құрылымдық сипаты
Белгілі ғалым Қ.Жұмалиев мағынасына, құрылысына қарай: ақыл сөздер (дидактикалық сөздер), нақыл сөздер (афоризм) деп жіктейді [8,313- 314].
а) Афоризмдер құрылымына қарай екі бөліктен: 1) нақты ой айтылған алғашқы бөліктен және 2) қорытынды тұжырымнан тұрады да, бұл бөлімде, әдетте, автордың бағалауыштық, модальдік көзқарасы беріледі. Оның құрамындағы әр сөздің тұрақты орнын ауыстыруға, сөз қосуға немесе алып тастауға болмайды. Бұл жағынан ол фразеологиялық тұтастыққа ұқсайды. Мысалы, (І) Адамшылықтың алды – махаббат, ғаделет, сезім. (ІІ) Бұл гаделет, махаббат, сезім кімде көбірек болса, ол кісі – ғалым. Осы мәнмәтіннің бірінші бөлігіндегі (І) негізгі ой адамшылықтың бастауы не екенін анықтап берсе, екінші бөлігінде (ІІ) оның қандай нәтижеге қол жеткізеріне нұсқайды; яғни махаббат, ғаделет, сезімі көп адам-ғалым болады. Бұл жерде ғалым семасының мәні, біздіңше, даналық, биік адамгершілік дегенді де білдіреді. Автордың адамды адамгершілігіне, ізгілігіне, имандылығына қарай бағалайтыны және оның барлық шығармашылығының өзегіне айналғаны туралы әркім білері дау туғызбайды.

Қорытынды
Абай өз халқының рухани мәдениеті мен ой-санасын жаңа сатыға көтерді, жаңа рухани кеңістік ашты, шындықты көркем тұрғыда игерудің бұрын белгісіз болып келген үлгілерін өрнектеді. Біздің дәстүрлі мәдениетіміздегі үлгілерден түбірлі айырмашылығы бар үлгілер жасады. Ол жаңаша ойлау мен тың көзқарас негіздерін, басқа этникалық және эстетикалық құндылықтарды қалыптастырды. Мәдениеттің кейінгіге мирас болар табиғатына қатысты алғанда, Абай тіліндегі лексика көркем эстетикалық қызметте де, ең бастысы, халықтың тарихи-мәдени тұрмысынан хабардар етер ақпарат көзі ретінде де талдап-танылуы міндет. Абай шығармаларының мәтіні ұлттық мәдени құндылықтарды тек сипаттап қана қоймайды, кейінгі толқын Абайдың тілі арқылы ұлттың дүниетанымы мен болмысынан хабардар болып, дүниенің ұлттық тілдік бейнесі көмегімен олардың мазмұнына қанығады.