Қасиетті Түркі жері - Түркістан
ҮІІІ-ХҮІІ ғасырлар аралығында жазылған шығыс жазба деректерінің мәліметтерінде Түркістан атауы бірнеше мәнде қолданылады. «Түркістан» атауы жазба дерек мәліметтерінде ҮІІІ-ІХ ғасырлардан бастап кездесе бастайды да, парсы тілінде «Түркілер елі» деген мағынаны береді.
Алғаш рет бұл атауды ҮІІ-ІХ ғасырларда араб-парсы тарихшылары қолданды да, оған барлық түркі тілдес тайпалардың мекендеген жерін жатқызады. ІХ ғасырдағы араб географы Ибн Хордабек «Китаб ал-масалик уа ал-мамлмк» атты еңбегінде: «Мервтен екі жол шығады, бірі Шашқа және түркі еліне, келесісі- Балх пен Тохаристанға апарады» деп жазса, оның замандасы, тарихшы, әрі географ ал-Якуби бұл ұғымды нақтылап көрсетеді. Ол өзінің «Китаб ал-булдан» атты шығармасының бір тарауын «Түркістан» деп атап: «Барлық түркі елдері Хорасан мен және Седжестанмен шектеседі. Ал Түркістанда түркілер бірнеше елге, тайпаға бөлінеді», дей келе, түркі тайпаларының атауларын жазады. Осылайша, Түркістан атауы ІХ –Х ғасырлардан бастап этно-географиялық мәнге ие болады да, кең түрде қолданыла бастайды. [1. 12-б]
Жалпы, Түркістан атауының ҮІІІ-ХҮІІІ ғасырлардағы қолданылуы тарихына қарасақ, ірісаясиөзгерістерге байланысты атау өз ұғымын үнемі өзгертіп отырған. Ортағасырларда Түркістан атауының үш мәні болғанына көз жеткізуге болады. 1-ҮІІІ-ХІІ ғасырларда түркі тілдес тайпалардың мекендеген жалпы аймағы жатады. 2- ХІҮ-ХҮІ ғасырлардағы Сырдария өзенінің бойындағы жерлер, 3- ХҮІІІ ғасырдан бастап Сыр бойындағы Иассы қаласының жаңа атауы енген.
Ұлы Жібек жолының ортағасырлық Қазақстандағы жолдары мен тарамдары туралы еңбек жазған Қ.Байпақов: «ҮІ-ҮІІ ғасырларда Жібек жолының негізгі бағыты Сирия-Иран-Орта Азия арқылы жүріп келіп, Қазақстанда, Оңтүстік Қазақстан-Талас алабы- Шу алабы-Ыстық көл арқылы өтеді де, одан әрі Түркістанға жетеді. Бұл жолмен қатарлас Қазақстан арқылы өтетін екінші жол пайдаланылған. Визаниядан Дербент арқылы өтіп, каспий жағалауын- маңғыстауды- Арал жағалауын- Оңтүстік қазақстанды көктей өтіп, Талас- Шу бағытына келіп жалғасады, Бұл жол ІХ-ХІІ ғасырларда маңызын жоғалтқанмен, ХІІІ-ХІҮ ғасырларда қайта жанданды», - деп жазады. [6. 7-б.]
Әдебиеттер
1. Б. Керімбай. Түркістан және Қазақ хандығы. Алматы, 1994.
2. К.Р. Аманжолов Түркі халықтарының тарихы. Алматы, «Білім», 2002.
3. Б.Қ.Албани. Тарихи таным. Алматы, «Ататек», 1994.
4. Л. Гумилев. Көне түріктер. Алматы, «Білім», 1994.
5. Байырғы түркі өркениеті: жазба ескерткіштер. Халықаралық ғылыми- теориялық конференцияның материалдары. Алматы, «Ғылым», 2001.
6. К. Байпақов. А. Нұржанов. Ұлы Жібек жолы және ортағасырлық Қазақстан. Алматы, «Қазақстан». 1992.