Меркі – түркілердің ежелгі мекені
Сол өңірдің тарихын, атақты ұл – қыздарының еңбегі мен ерлігін келер ұрпаққа үлгі етіп көрсету өте бір маңызды еңбек деп санаймын.
Меркі - тарихы терең, табиғаты таңғажайып өлке. Оңтүстігінде асқақтап Алатау тұрса, одан бастау алатын мың - мың бұлақ тау етегін гүл-бәйшешекке толтырып, сылдырай төмен ағады. Мың тарамданған кішігірім өзендер Меркінің солтүстігінде жатқан құмға барып сіңеді, құрдымға кетеді. Меркі, Қорағаты өзендерінің ортасында жатқан бұл мекен ықылым заманнан-ақ елдің құтты жеріне айналған. Егіншілік пен мал шаруашылығын, сауда мен кәсіпкерлікті қатар жүргізуге табиғаттың өзі жағдай жасағандықтан болар мұнда кәсіп те, сауда да, өнер де, ғылым да дамыған. Сондықтан да бұл өңірге ерте заманнан-ақ көп қызыққан, туын тігуге ұмтылған. Осы жерде берік бекініс жасап, орта ғасырдың інжу-маржанына айналған Баласағұн мен Таразға шабуыл жасаудың тиімді сәттерін күткендер де болған. Осы мақсатта Меркіден 15-20 шақырым жерде Аспарадай берік әскери қамал тұрғызылған. Меркі Ұлы Жібек жолының негізгі қақпаларының біріне айналуының басты себептерінің бірі осы болса керек.
Меркі ауданының орталығында биік қорғанның орны ерекше көзге түседі. Қорғанның биіктігінен оның айналасында өткел бермес өзеннің болғанын аңғару қиын емес. Ғалымдардың топшылауынша Меркі қорғанының негізі тас дәуірінде қаланған деген мәлімет бар. Бұл қорғанға айтарлықтай қазба жұмыстары жүргізілмеген, Алайда ішінара жүргізілген қазба жұмыстары бұл қамал ірі елді мекеннің орталығы болғанын аңғартады. Су ағар құбырлар мен керамикалық бұйымдардың қалдықтары, шырағданның көптеген үлгілері табылған. Бұл Қазақстан аумағында кездесетін ортағасырлық қалалардың бәрінен табылатын жәдігерлер.
Абылайдың осы жорығынан кейін ғана қырғыздар аяғын тартып, Алатаудан бері аспады. Бірақ жергілікті мәні бар шайқастар мен барымталар ұзақ жылдар бойы тоқтамады. Оған дәлел 1785 жылы шанышқылы Бердіқожа батыр тыныш өмір сүрмеген қырғыздарға көп әскермен және қытайлардың көмегімен шапқаны жөнінде орыс тарихшылары жазып жүр. Дегенмен де бір нәрсенің басы артық, ол—қазақ пен қырғыздың ынтымағын, достастығын нығайтуда Меркі өңірі де, оның азаматтары да шешуші рөл атқарды. Жоғарыда айтылған «Жайыл қырғыны» кезінде де Абылайдың қаһарынан қаймықпай Жайыл батырдың ұрпағын, қазақ пен қырғыздың достығын сақтап қалуға Жауғаш батыр үлкен үлес қосқаны тарихтан белгілі. Осы дәстүр Абылайдың немересі Кенесары кезінде де жалғасын тапты, Бұл жолы Сыпатай батыр ерекше жарқылдады. Бұл кезде заман да, заң да өзгеше еді. Тап осы жылдары қазақ орыс империясының бұғауына түскен, одан бұлқынып еркіндік таңына ұмтылған Кенесары сияқты тұлға тәуелсіздік туын тігу жолдарын іздеп бақты. Арқада аласұрып, орыс бекіністеріне шабуылдағанымен одан ешнәрсе өнбеді. Жаппай қолдау таппаған, қаруы мылтықтан аспаған қазақтардың Кенесары бастаған батыл шоғыры оңтүстікке қарай ойысқаны тарихтан белгілі. Ол кезде де бұл өңір өзгенің езгісінде болғанымен анау айтқандай отаршылдықтың ащы дәмін тата қоймаған болатын. Қоқаңдаған Қоқанға да салым төлеп, өздерінше өмір сүріп жатқан.