Абай шығармалары - асыл мұра
МАЗМҰНЫ
Кіріспе 6
1 Абай шығармаларының тілдік ерекшелігі 8
1.1 Ұлы ақын туралы мағлұмат 8
1.2 Абай шығармаларындағы кірме сөздері 12
1.3 Абай шығармаларындағы мақал-мәтелдердің тілдік-танымдық мәні 22
1.4 Абай шығармаларындағы диалектизмдердің мәні 27
2 Абай шығармалары – ұлттық мәдени құндылық көзі 31
2.1 Абай - ұлттық мәдени құндылықтарды насихаттаушы 31
2.2 Абай шығармаларындағы салт-дәстүр мен әдет-ғұрып көрінісі 35
2.3 Абай қарасөздері-заман шындығы 41
2.4 Абай қарасөздері және эссе жанры байланысы 47
2.5 Абай афоризмдерінің туу негіздері жайында 50
2.6 Афоризмдер-қарасөздерінің негізгі тілдік құралы 58
Қорытынды 62
Пайдаланылған әдебиеттер 63
Кіріспе
Даналық өлшеміне айналған ойшыл Абайдың ой дүниесі біздің негізгі идеялық, ұлттық қаруымызға айналып, қазіргі заманғы сын таразысынан өтіп, бүгінгінің биігінен түспей, ертең де еңселі болуы үшін әлі де зерттеп, танып-таразылай береріміз заңдылық, айнымас ақиқат.
1 Абай шығармаларының тілдік ерекшелігі
1.1 Ұлы ақын туралы мағлұмат
Абай – адамзат поэзиясының тарих білетін алыптарының бірі. Әлемдік әдебиетке қазақ топырағынан тұңғыш маржан қосқан ақын. Абай деп атар қазақ аузы ғана емес, Отанымыздың төрт тарабында тегіс атап сүйеді, сүйсінеді.
Абай есімі Мұхтар Әуезов махаббатымен бар ғаламға мағлұм ғой. Бүгінде өз өнері де Батыс пен Шығысқа бірдей бет алады. Әлі де жетпеген жері болса, - ол ертеңгі күннің аманаты. Ұлы есімдер уақыт тастап шығандай бермек, шырқай бермек.Абайтанудың негізін алғаш қалаған және де «абайтану» атты ғылым жүйесінің анық қалыптпастырушысы әрі соны жасаушылардың көшбасшысы болған М.Әуезов «Абай Құнанбаев»деген монографиясына осы тарихи құбылысты мына тұрғыдан таратып айтып еді:Абайды тану,таныту,біріншіден, ақын шығармаларын әуелде қолжазба күйінде тарату, кейінбаспа жүзінде (газет,журнал,жеке кітап түрінде) тарату жолымен іске асырылып келеді.
1.2 Абай шығармаларындағы кірме сөздері
Халықтардың тарихи әлеуметтік, экономикалық, мәдени байланысы нәтижесінде, тіларалық қарым қатынас барысында бір тілден екіншісіне сөздердің ауысуы – әр кезеңде бола беретін объективті заңдылық.
Абай шығармалары тілінде кірме сөздердің қолданылуының бірнеше себебі бар. Араб, парсы, шағатай, орыс тілдерін еркін меңгеріп, сол тілдердегі өнер туындыларын терең білген Абай ол сөздерді тілін шұбарлау үшін емес, түрлі стильдік мақсатпен саналы түрде қолданғаны мәлім. Ақын шығармалары тілін зерттеушілер өзге тілдік сөздер саны шамамен 578, олардың 402 сі араб, 50 і парсы, бесеуі латын, 25 і татар, ноғай, 62 cі орыс, 27 cі шағатай, төртеуі түрік, бір бірден грек, поляк, қытай сөздері деп көрсетеді [3, 631]. Абай тілінің қарапайым деңгейін анықтауда оның тілді меңгеру дәрежесі, әр сөздің бітім болмысын байыптай алу қабілеті тексеріліп, ол кейінгі деңгейлерді дұрыс сараптауға басшылық етеді, негіз қалайды.
1.3 Абай шығармаларындағы мақал-мәтелдердің тілдік-танымдық мәні
Абай шығармаларындағы мақал-мәтелдердің қызметі мен өзіндік сипаты ерекше көңіл аударарлық. Мақал-мәтелдер – бүкілхалықтың рухани әлемі сіңірілген тілдік құбылыс.
Мақал-мәтел мазмұны этнос тарихымен тығыз байланысты. Тіпті сонау көне дәуір ескерткіштері тілі мен М.Қашқари “Ұлғатының” өзегінде ел мен жер жайлы, халық пен қоғам тарихынан сыр тарқатар мақал-мәтелдер көптеп кездеседі. Абай шығармаларындағы мақал-мәтелдердің тілдік-танымдық мәнін анықтау арқылы қазақ тіл өнерінде көркем сөздің алатын орнын сараптай аламыз. Тілдік қордағы әрбір мақал-мәтел мағынасының қалыптасу және даму заңдылығы болатындығына Абай шығармалары арқылы тағы бір көз жеткізе аламыз. Ақын шығармалары тіліндегі мақал-мәтелдердің табиғаты мен этнолингвистикалық сипатын анықтай оның өзіндік ерекшелігін де айқындауға мүмкіндік аламыз.
1.4 Абай шығармаларындағы диалектизмдердің мәні
“Диалект деген термин тілде жалпы халықтық сипат алмаған, белгілі бір жерде ғана қолданылатын ерекшеліктердің жиынтығын білдіреді”, – [13,4б.] десек те, Абай шығармаларындағы диалектілер ұлт тілінің құрамды бөлігі, әдеби тілдің бір көрінісіндей болып, қолданыста ешбір айырмашылығы сезілмейді.
Абай тілінде қазіргі әдеби нормамен салыстырғанда бірқатар жергілікті ерекшеліктер орын алғанын филолог ғалымдар С.Аманжолов, Қ.Жұмалиев, Р.Сыздықова өз зерттеулерінде нақтылай көрсетеді. Ғалымдардың Абай тіліндегі диалектілік құбылыстарды танудағы ұстанымы бірдей болмағанымен, тілді тұтынушы, дамытушы тұлғаның тіліндегі әдеби нормаға жатпайтын ауытқушылықтар сараланады. Әйтсе де, ол құбылыстар шығарма тілінің көркемдігі мен әдеби сапа белгісін төмендете алмасы анық.
2 Абай шығармалары – ұлттық мәдени құндылық көзі
2.1 Абай - ұлттық мәдени құндылықтарды насихаттаушы
Абай шығармаларының сөздік құрамынан қазақ қоғамының материалдық және рухани мәдениеті жайлы толық мәлімет ала аламыз. Себебі Абай–суреткер өз ұлтының рухани арнасынан, яғни халықтық білім қорынан нәр алған, мол мағұлмат түйген, ал халықтық білім қазынасы деген – “этностың бағзы заманнан бері қоршаған ортаны иеруіне байланысты қалыптасқан қорытынды тәжірибелері, содан туындайтын этно-мәдени болмысы, сан қырлы идеологиялық, әлеуметтік, қатынастары мен ежелгі дүниетанымдар жүйесі” [16,227б.]. Мәдени-танымдық ақпарат беретін лексика қатарына тұрмыс-салт, әдет-ғұрып және материалдық мәдениетке қатысты белгілерді жатқызамыз:
2.2 Абай шығармаларындағы салт-дәстүр мен әдет-ғұрып көрінісі
Абай шығармалары эстетикалық сипаттағы немесе адамның рухани әлеміне әсер ету құралы ғана емес, суреткердің шығармашылық шеберханасынан қазақ халқының ұлттық болмысы мен салт-санасы, тұрмыс-тіршілігінің суретін танып, жалпы мәдениеті жайлы мол мағлұмат алуға болады.
Абайтанушы ғалым Р.Сыздықованың атап көрсеткеніндей, Абай өз заманын, қазақ қоғамын, мәдениетін, экономикалық тұрмыс-тіршілігін тарихшы немесе өнертанушы болып баяндамайды, ақын болып сөзден сурет салып, сөз кестесін, өлең өрнегін тоқиды. Соның бірі – халықтың рухани-материалдық мәдениетіне қатысты лексиканың бір түрі киім-кешек атауларының қолданылу мақсатына байланысты.
2.3 Абай қарасөздері-заман шындығы
Абай қарасөздерінің тілі сырттай, тұтас алып қарағанда бір стильдік үлгіде болғанымен, іштей, жіктей оқығанда, осы үлгінің өзінде азды-көпті айырым жайлар байқалады. Ақынның поэзиясындағы талғампаздық, яғни сөз етіп отырған тақырыбына орай өлеңдік үлгі, форма іздену сияқты талғампаздық қарасөздері тілі тұсында да көрінеді. Қарасөздердің тақырыбындағы әр алуандастық оның лексикасына ғана емес, синтаксисінде де белгілі бір тіркестік орам, сөйлемдік түр табуға, ондай үлгіні әдейі ұстанып отыруға анық итермелеген сияқты. Абай поэзиясымен қоса қарасөздері беретін әр заманда бағасы жоғалмайтын бір үлкен қымбат қазына бар. Ол- Абайдың осы қарасөзді жазған тілі. Өлең сөзінде өзінің барлық шеберлігі, жаңалығы, көркемдік таланты бойынша қазақ тілінің сапасын әдебиет тілінің дәрежесіне көтерген ұлы тарихтық еңбегі қандай болса, қарасөздерінің тілімен де Абай осындай еңбекті біздің мәдениет тарихымызға мол сіңірді.
2.4 Абай қарасөздері және эссе жанры байланысы
Эссе жанрының күрделі табиғатын, ғылыми теориялық мәселелерін анықтауға байланысты зерттеулер әлі де тереңдетуді қажет етеді. Бұл саланың әдебиеттану ғылымында өзіндік орны анықталуы, жан-жақты қарастырылуы оның маңызы мен құнын арттырары сөзсіз.
Ерекше әдеби жанр ретіндегі эссе мәселесі күрделі әрі шешімін таба қойған жоқ. Терминдік бірізділік болмауы бұл жанрдың тым күрделілігіне байланысты болуы керек десек те, нақты бір ұстаным, функционалды айырмашылығы ажыратыла көрсетілуі тиіс. Олай болмаған жағдайда қолжазба мақалалардан бастап, әдеби манифестке дейінгі аралықтағы шығармалар эссе деп атала беретіні жиі кездеседі. Эссе сөзінің шығу тегі, мағынасы “тәжірибе” дегенді білдіргендіктен, “алғашқы ұмтылыс, ниет”, “алғашқы қалам тербеу” сипатындағы әдеби туындылар да, мазмұны әр тарапты қамтитын, еркін баяндалған шығармалар да эссе жанры қатарында қарыстырыла беретін тұстар кездесіп қалады.
2.5 Абай афоризмдерінің туу негіздері жайында
Қазіргі таңда қазақ тіліне әлеуметтік сұраныстың жоғарылауы сөйлеу тіліне тән ұлттық ерекшеліктерді айқындауды қажет етіп отыр. Сөйлеудің жалпыланған түрлерінің болуы ойлаудың адамзатқа тән ортақ логикалық құрылымымен байланысты. “Сөйлеу әрекетінде жалпылылықпен қатар әр ұлттың дүниетаным ерекшелігінің тілдік бейнесі беріледі. Ұлттық ерекшеліктің белгісі, ең бірінші, сөйлеу актісінің берілуінен көрінеді. Сөйлеу актілерінің тілдік көрінісі ұлттық ерекшелікке бай” [30,149б.]. Сондай құндылықтар қатарына біз афористік ойлау үлгілері жатады. Қазіргі жоғары қарқынмен дамыған, ақпараттар ағыны тасқындаған, техникасы қарыштаған заманда, уақыты шектеулі тіл тұтынушының қолдануына ықшам әдеби жанр – афоризмдер өте ыңғайлы, яғни ойына ой қосу, пікір түю, ойын өзгеге жеткізу сияқты функция атқару үшін афоризм көмегі керек-ақ. Ол өзінің толықтай түйінімен де қазақ ұлтының менталитетіне өте жақын келеді.
2.6 Афоризмдер-қарасөздерінің негізгі тілдік құралы
Белгілі ғалым Қ.Жұмалиев мағынасына, құрылысына қарай: ақыл сөздер (дидактикалық сөздер), нақыл сөздер (афоризм) деп жіктейді [8,313- 314].
а) Афоризмдер құрылымына қарай екі бөліктен: 1) нақты ой айтылған алғашқы бөліктен және 2) қорытынды тұжырымнан тұрады да, бұл бөлімде, әдетте, автордың бағалауыштық, модальдік көзқарасы беріледі. Оның құрамындағы әр сөздің тұрақты орнын ауыстыруға, сөз қосуға немесе алып тастауға болмайды. Бұл жағынан ол фразеологиялық тұтастыққа ұқсайды. Мысалы, (І) Адамшылықтың алды – махаббат, ғаделет, сезім. (ІІ) Бұл гаделет, махаббат, сезім кімде көбірек болса, ол кісі – ғалым. Осы мәнмәтіннің бірінші бөлігіндегі (І) негізгі ой адамшылықтың бастауы не екенін анықтап берсе, екінші бөлігінде (ІІ) оның қандай нәтижеге қол жеткізеріне нұсқайды; яғни махаббат, ғаделет, сезімі көп адам-ғалым болады. Бұл жерде ғалым семасының мәні, біздіңше, даналық, биік адамгершілік дегенді де білдіреді. Автордың адамды адамгершілігіне, ізгілігіне, имандылығына қарай бағалайтыны және оның барлық шығармашылығының өзегіне айналғаны туралы әркім білері дау туғызбайды.
Қорытынды
Абай өз халқының рухани мәдениеті мен ой-санасын жаңа сатыға көтерді, жаңа рухани кеңістік ашты, шындықты көркем тұрғыда игерудің бұрын белгісіз болып келген үлгілерін өрнектеді. Біздің дәстүрлі мәдениетіміздегі үлгілерден түбірлі айырмашылығы бар үлгілер жасады. Ол жаңаша ойлау мен тың көзқарас негіздерін, басқа этникалық және эстетикалық құндылықтарды қалыптастырды. Мәдениеттің кейінгіге мирас болар табиғатына қатысты алғанда, Абай тіліндегі лексика көркем эстетикалық қызметте де, ең бастысы, халықтың тарихи-мәдени тұрмысынан хабардар етер ақпарат көзі ретінде де талдап-танылуы міндет. Абай шығармаларының мәтіні ұлттық мәдени құндылықтарды тек сипаттап қана қоймайды, кейінгі толқын Абайдың тілі арқылы ұлттың дүниетанымы мен болмысынан хабардар болып, дүниенің ұлттық тілдік бейнесі көмегімен олардың мазмұнына қанығады.