Қайырымдылық пен зұлымдық
«Мораль» ұғымы оны, бір жағынан, инстинктті, импульсивті мінезқұлық қалпына, екінші жағынан, белгілі бір нәтиже алуға бағытталған рационалдық есепке қарсы қоюшылық арқылы ашылады. Ең алғашқы моральдық уағыздар: «Өзіңе қаламаған нәрсені өзгеге жасама» (адамгершіліктің алтын заңы) немесе сүйіспеншілік қағидасы: «өз жақыныңды өзіңді өзің сүйгендей сүй» — адамнан ізгілікті сақтауды талап етеді.
Этикадағы барлық жақсы және жаман қасиеттер салыстырмалы мәнге ие. Мысалы, қорқыныштан туған көнбістік өз құнын жоғалтады. Э.Фроммның айтуынша, жекелеген жақсылықтар мен жамандықтар емес, ізгілік пен күнәқарлық мінез сипаты этикалық зерттеудің нағыз пәні болып табылады.
Жақсы адам пайдалы заттарды, өнер туындыларын және ой жүйелерін тудыра алғанымен, бұл игіліктің ең маңыздысы оның өзі болып табылады. Егер физикалық өсу өзіне қажетті жағдайларда жүзеге асырыла беретін болса, ал адамгершілік деңгейдегі жаратылыс үдерісі автоматты түрде іске қосыла қоймайды. Э.Фромм жазғандай, «адам ахуалының қасіреті оның дамуының толық местігінде. Адам әрқашан да толық туылуға үлгермей жатып ақ өмірден өтеді».
Алайда, нақты өмір компромистерге (келісімдерге) толы, өз өмірімді сақтау үшін мен зиян келтіруі мүмкін өзге өмірлерден өзімді қорғауым керек. Мен өсімдіктерді, жануарларды жою арқылы өзіме азық табамын. Менің бақытым өзгелерге зиян келтіруден құралады. Шындығында, этикалық емес, тек өмір қажеттілігі мен этиканың қоспасы болып табылатын нәрселерді адамдар этикалық ретінде қабылдайды.
Этиканың негізгі категориясы «қайырымдылықты» қарастыру оның «пайда» түсінігімен арақатынасын анықтамай толық жүзеге аспайды. «Пайда» адамдардың экономикалық ұмтылыстарының соңғы мақсатын білдіреді. Бұл, әсіресе, ұзақ жылдар бойы теңестірілу мен аскетизм рухында тәрбиеленген, байлық, ләззат алу, табыс туралы ойлаудың өзі әдеттен тыс саналған кешегі пост тоталитарлық қоғам мүшелері үшін маңызды.
Пайдалылық қағидасы жоғары моральға қайшы келгенімен, ол қоғамдық қатынастарға ене отырып, ол үшін жағдай туғызады, қоғамның үйлесімді дамуының, ондағы адамдардың күш, қабілеті ашылуының маңызды факторына айналады. Қайырымдылық пен пайдалылықтың арақатынасын қарастыру әлеуметтік және моральдық әділеттілік мәселесін туындатады.