Қошқарбай батыр (қазақша)
Тарихи фактілерге жүгінер болсақ, Абылай ханның жоңғар шапқыншылығына қарсы күресі 1723 жылғы әйгілі «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» атанған үлкен соғыстан кейін, еуропалық есеп бойынша 1750 жылдар шамасында басталады. Сөйтіп қазақ даласы жоңғарлардан тазартылады. Бұл азаттық соғыста Қанжығалы қарт Бөгенбай, Қаракерей Қабанбай секілді қолбасшылар айтарлықтай рөл атқарды. Ал, жоңғарларды әскери қорған ретінде салынған Омбы түбінен қуып, Обь өзенінен асыруда Қошқарбай батырдың сіңірген еңбегін ерекше атап өтуге тұрарлық. 1755 жылдар шамасында болған осынау тарихи оқиғалар жайында кезінде «Азия» кітабына жазылып, 1913-1917 жылдары «Қазақ» газетінде мақалалар жарияланды.
Жоғарыда айтқанымыздай, батырдың өз бойындағы және атының ерекше қасиетін қызғанған кейбір шолақ ойлы күншілдер: «Қошқарбайдың бағы тек Кертөбелде» деген әңгімені ханға жеткізіп, Кертөбелді қалап алуды ұсынады. Ханның ойын іштей сезіп жүрген Қошқарбай қолбасшылар бас қосқан бір жиынға сәл кештеу келіп, ханға: « - Уа, ардақты хан ием! Менің сезімім саған ат керегін сездірсе, мен өзіме бас керегін айтқым келеді» - деп шығып жүре беріпті. Сөз түсінетін Абылай хан батырдың ренжігенің біліп, кейін райынан қайтқан көрінеді.
Абылай ханның Қошқарбай батырды қатты қадірлегенін, оның рөлі өз ортасында өте жоғары болғанын мына бір әңгімеден айқын аңғаруға қиын емес.