Алтын Орда дәуіріндегі Қазақстан
Татар-монғол тайпаларының саяси жағынан басын біріктіріп, монғол феодалдық мемлекетінің негізін салушы Темучин болды. Ол 1155 жылы ірі ноян Есугей баһадүр отбасында туылған. Темучин ер жете келе қол астына монғолдың барлық тайпаларын біріктіреді. 1206 жылы көктемде Онан өзені жағасында Темучинді жақтаушы монғол ақсүйектерінің құрылтайы болып оны Шыңғысхан деген атпен монғол ұлысының әміршісі етіп жариялайды. Шыңғысхан әскери-ұйымдастыру принципін мемлекеттік құрылыстың негізі етіп алады. Елдің бүкіл жері мен халқы он қанат (барунғар), сол қанат (жоңғар) және орталық (гол) атты үш әскери әкімшілік округке бөліп, әрбір округте он мың адамнан тұратын бірнеше түмгелер (түмендер) болды. Олар өз кезегінде "мыңдық", "жүздік", "ондықтан" тұрды.
Алтын Орда өзін билеген хандары - Батый 1241-1256; Берке -1257-1266; Мөңке-Темір-1266-1280; Төде-Мөңке-1280-1287; Төле-Бұқа -1287-1291 жж, Тоқа-1291-1312 жж; Өзбек-1312-1342; Жәнібек-1343-1357жж. күшейе түсті. Егер Жошы мен Батый Монғолиядағы ұлы ханға бағынышты болса, Беркеден бастап Алтын Орда хандары өздерін тәуелсізбіз деп есептеді. Батыс Еуропамен, Мысырмен, Кіші Азиямен, Үндістанмен, Қытаймен сауда жүргізді. Ислам діні Өзбек хан тұсында үстем дінге айналды. Мемлекет құрылысы әскери негізде болды, шет аймақтарда әскери әкімшілік биледі. Қарулы күштер оң қол, сол қолға бөлініп, оларды ханзада - оғландар, түмен басы, мың басы, жүз басы, он басы басқарды. Қала мен бағынышты аймақты ұстау үшін даруғабектер, басқақтар тағайындалды.
Шапқыншылығы кезінде монғолия далаларынан келген тайпалардың жаңа жерлерге қоныс аударғандары да болды. Батыс, солтүстік Қазақстанға олар келді: маңғыттар, төлеңгіттер, төрелер, қияттар. Біраз уақыттан кейін монғолдар түркі тілдес халықпен сіңісіп кетті. Жошы ұлысында жаулап алған елдерін уәкілдер-даруғашылар мен тамғашылар арқылы басқарды. Монғол шонжарлары жергілікті тілде сөйлей бастады. Ежелгі дәстүр бойынша тек Шыңғыс ұрпағы "ақсүйек төрелердің" өкілі ғана хан бола алатын еді. Шыңғыс әулетінен тараған сұлтандар Алтын Орда құлап, жаңа мемлекеттер құрылғаннан кейін де халыққа билік жүргізу құқын сақтап қалды.