Сұрапыл соғыс жылдарында - жаңақала жауынгерлері!
«Кіші жүзді - найза бер де, жауға қой» - деген тұжырым қай - қайсысымызға да мәлім. Арғысы Бейбарыс Мысыр елінде қыпшақтар билігін орнатса, бергісі кешегі қазақ елінің тәуелсіздігі жолындағы күресте қол бастаған Сырым, Исатай, Махамбет сынды батыр бабалардың есімдері халқымыздың мақтанышы. Ержүректік, батырлық, жауынгершілік - бұл Кіші жүз саналатын ел ұрпақтарының қанға сіңген қасиеті. Сол бабалар жалғаған, қанымызға сіңірген осынау намыстылық, батырлық үлгісін Ұлы Отан соғысы кезінде көрсеткен өлкемізден шыққан ержүрек батырларымыз да кейінгі ұрпаққа дәріптеуге тұрарлық ерлік көрсетті.
Қалмұқан аға Кеңес Одағының Батыры Мәжит Жүнісов туралы алғаш 1945 жылы маусым айында жараланып, Словакияның Братислава деген қаласындағы госпиталда емделіп жатқан кезде, кеше ғана жау оғынан жарақат алып, госпиталға жеткізілген Сергеев деген бір орыс офицерінен естіпті. Әлгі офицер есін жинағаннан кейін палатадағыларға. «Апыр-ай жігіттер - ай! Біз мына соғыста не көрмедік, неге көнбедік?! Бірақ кеше ғана жау оғы борап тұрған Днепрден бірінші болып өтіп, командованиенің тапсырмасын ойдағыдай орындап, Кеңес Одағының Батыры атанған бір жап-жас қазақ жігіті енді жер-жердегілер Ұлы Жеңістің қуанышын тойлап жатқан кезде, Праганы азат ету үшін болған ұрыстың үстінде жау оғынан қаза тапты. Ертесіне Прагада қаралы жиын болып, біз жылай-жылай Мәжитті өз қолымызбен жерледік»,- деп еңіреп жылап жіберіпті. Орыс офицері Қалмұқан ағаға: «Коля ол - сенің қандас ағаң! Егер алда-жалда Прагаға қарай жолың түсе қалса, сен енді қалай да оның бейітіне бар. Ол сондағы қаза болған Кеңес батырларының бейітінде жерленген»,- дейді. Қалмұқан аға болашақта өзінің Прагаға жолым түсіп, Мәжит ағасының бауырластар еліндегі бейітін алғаш көріп, рухына тағзым еткен алғашқы қазақ боламын деп еш ойламаған.
Сәлім бөлімшесінің алдына мынадай міндет қойылды: дұшпанның қорғаныс шебінің ішіне кіріп, шіркеу мұнарасына орнатылған пулемет ұясын жойып астық пен оқ-дәрі тиелген эшелондарды гитлершілердің алып кетуіне мүмкіншілік бермеу еді. Жүктелген тапсырманы өз дәрежесінде орындады. Әсіресе, Днепрдегі операция - Сәлім Айтқұловтың батырлығын паш етті. Қызу ұрыс кезінде взвод командирі жараланды. Аға сержант Айтқұлов еш ойланбастан басшылықты өз қолына алады. Взвод жаудың әсіресе бір шүйліккен тұсын полктің оң қанатын қорғап тұрған болатын. Взвод жауынгерлері кескілескен ұрыста жаудың шабуылын тоқтатты. Сәлімнің бастауымен төрт рет контратакаға шықты.