Кiсен үзген көтерiлiс Бекболат Батыр
1916 жылғы тарихи оқиғаға Оралдағы-10, Сырдариядағы-13, Cемейдегi-17, Ақмоладағы-27, Торғайдағы-60, Жетiсудағы-102 болыстың ер азаматтары қатысты. Жетiсуда тұратын қазақ, қырғыз, дұнғандардың ұлт-азаттық көтерiлiсi қазақ даласындағы қозғалыстың ең көлемi маңызды орталығына айналды. Олардың iрi ошақтары Асылдағы — Қызылбөрiк, Үшқоңырдағы — Жайылмыс, Қастек-Самсыдағы — Ботбай, Тайторы болыстарында болды.
Көтерiлiстi қазақ демократиялық интеллигенциясының өкiлi Тоқаш Бокин ұйымдастырды, дайындады. Жер-жердегi топтарды Бекболат Әшекеев, Ұзақ Саурықов, Нүке Сатыбеков, Доқожа Қашағанов, Әли Нұрғожаев, Сатай Көбегенов, Жақабай Құдайбергенов, Байхан Қазыбеков, Сатай Қарашаев, Боранбай Жантөлеев, Әлиасқар Сырабаев, Серғазы Күшiков, Сейдахмет Ысқақаов, Иса Сексенбаев сияқты халық ұлдары басқарды.
Қыркүйектiң соңы мен қазанда Жетiсу көтерiлiстерiнiң негiзгi күштерi жеңiлiске ұшырады. Патша жендеттерi көтерiлiсшiлердi ғана емес, олармен бiрге бейбiт халықты да қатал жазалады. Жалпы Түркiстан өлкесi бойынша 1917 жылдың 1 ақпанына дейiнгi мәлiметтер бойынша, мыңдаған көтерiлiстер сотқа тартылыпғ 347 адам өлiм жазасына, 168 адам каторгалық жұмыстарға, 129 адам түрмеде отыруға кесiлдi.
Қатал қуғын-сүргiнге ұшыраған 300 мыңнан астам адам, немесе Жетiсу өңiрiнiң тұрғылықты халықтарының төрттен бiр бөлiгi атамекендерiн тастап кетуге мәжбүр болды. Сондықтан да Жетiсуды мекендеушi тұрғылықты халықтар 1916 жылды тек қана көтерiлiс жылы емес, сонымен бiрге «Үркiн» (үрке көшу) жылы ретiнде көп уақыт бойы ұмыта алмады.