Ғарифолла Құрманғалиев
Ғарифолла Құрманғалиев – ХХ ғасырдағы қазақ музыка мәдениетінің ерен құбылысы. «Бүгінгінің Мұхиты» атанған, ондаған жылдар бойы ол жалғыз өзі Батыс Қазақстанның көне де жоғары дәрежеде дамыған вокалды-аспаптық дәстүрін паш еткен. ХІХ ғасырда эпикалық кең тынысты әннің асқан шебері болған Мұхит мұрасын жеткізген де Ғарифолла Құрманғалиев болатын. Халықтың сүйіп тыңдайтын теңдесі жоқ екпінді дауысты әншісі болды.
Сөйтіп, Мұхиттың әндері оның туған жері Орал облысы шеңберінен шығып, шалғай жерлерге де кеңінен тарады. Республиканың батыс облыстарында Мұхиттың әнін орындамаған өнерпазды кәсіпқой әнші деп санамаған. Сондықтан мамандар Мұхит әндерінің авторлығын анықтауға арналған зерттеу жұмыстарын жүргізуде. Орындаушылық өнері бүкіл Қазақстан үшін үлгі болған Ғарифолла Құрманғалиев “екінші Мұхит” атанды. Әнші өз өлкесінің халық әндері мен термелерін (халық және авторлық термелер) тамаша орындай білген. Диск іде Батыс Қазақстан әуендерінің бірнеше аймақтық атыраулық (“Гурьев”, “Гүлжан-Сара”) маңғыстаулық (Қайыптың “Ақбөбегі”), ақтөбелік (Сары Батақовтың әні) үлгілері келтірілген. “Егер адам талантты болса, онда ол барлық жағынан да талантты”, - деген бар. Ғарифолла керемет концерттік орындаушы және опералық әнші ретінде өз өнерімен қазақ мәдениетінде өшпестей із қалдырды.
Шырайлы шығармалар - әндер, өлеңдер, жырлардың авторы және қайталанбас киноактер, фольклор жинаушы, ұлағатты ұстаз ретінде де Ғарифолла Құрманғалиев әрқашанда халықтың аса сүйіктісі бола білді. Оның сахналық өмірінің көбі гастрольдік сапарларда өтіп, барлық жерде табыстан – табысқа жете білді. Халық қашанда, қай жерде де он қуана қарсы алып, дамылсыз соғылған қол шапалақтаулармен қолпаштап отыратын. КСРО – да аралаған ең елеулі де жауапты гастрольдері – Мәскеу, Ленінград, Киев, Ташкент, Ашхабад, Фрунзеге барған сапарлары еді.
Бірақ, өкінішке орай, шәкірттері оның шалқар талантының тек бір-бір тамшысына ғана таңдай жібітті, олардың ешқайсысы да Ғарекеңдей ән сала алмайды. Осыған сәйкес, Мұхиттың орындаушылық дәстүрі өз дамуын Ғарифолламен аяқтады деген Таласбек Әсемқұловтың сөзі ерекше еске түседі.