Дәстүрлі ән өнері
Қазақ әндерінің жанрлық сипаттамасы ретінде оқыту тәжірибесінде этномузыкатанушы - Б.Ерзаковичтің тұжырымдамасы қолданылып келеді. Ғалым өзінің «Қазақ халқының ән мәдениеті» еңбегінде мынадай жанрлық анықтамаларды келтіреді:
1. Тұрмыс-салт әндері. Күнтізбелік әндер-жыл өлеңдері, емдік-жоралық әндер - «Бәдік», «Күлапсан», жан-жануарларға арналған әндер;
2. Әулеттік-жоралық әндер. Той әндері - «Жар-жар», «Беташар», «Той бастар», «Сыңсу», «Қоштасу», қазаға (өлімге) байланысты әндер - «Естірту», «Жоқтау», «Көрісу»;
Халық әндерін мұндай жанрларға бөлудің тым саяси реңк алғаны кейінгі зерттеулерде айтылып жүр. Б.Ерзакович сөз жоқ, халық әндерінің жанрлық тұғырын дәл таныған, дегенмен әндердің бөлінуінің дәстүрлі формалық түрлері анықталмай отырғаны да рас. Ж.Кәрменов халық әндерінің екі томдық жинағын шығарғанда кеңестік кезеңдегі ән мәтіндерінен арылу керектігін баса жазды, сонымен бірге әндердің күрделілігі мен формасын жанр ретінде ұсыну қажеттілігі айтылды. Мұндай пікірді А.Алматовтың зерттеулерінен де кездестіруге болады. Осы орайда ән жанрларын мынадай топтарға бөле қараудың ыңғайы бар сияқты:
Әндерді бұлай бөлу арқылы олардың формасын анықтауға болады, романс тектес әндердің диопозоны кең, вокалдық қайырымы мол болады. Ал, сатиралық-юморлық әндерде керісінше, мұндағы ән ырғағы шапшаңырақ, мәтіні мен мелодиясы үнемі қайталанып отырады, вокалдық дамуы шектеулі.
Халық әндері аймақтық мектептерге бөлінгенмен негізгі сарыны жалпы қазақы әнге ортақ сазға құрылады, сондықтан бір өлкенің әнін басқа өлкенің әншісі қиналмай айта береді, яғни қазақ әнінің біртұтастығы аймақтық әншілік мектептеріне қанша жіктегенмен бұзылмайды. Ғарифолланың Арқа әндерін тамылжыта шырқағаны, Жүсіпбектің Мұхит әндерін тебірене айтқаны соған дәлел бола алады.
Халықтық ән дәстүрінде орындаушылық ерекшеліктеріне қарай аймақтық мектептерге бөле оқыту тәжірибесі қалыптасқан. Жалпылай айтқанда, шартты түрде Арқа мектебі, Жетісу мектебі, Батыс Қазақстан (Мұхит Мералиев) мектебі деп бөлінеді.
Халық әндерін аспаппен сүйемелдеу ежелден келе жатқан өнер, ертеде түркі серілері әнді барабан, сыбызғы, домбыра (танбура, танбур, дутар, шертер, рубаб, қомуз т.б шертпелі-шекті аспаптар), қобыз, жай, ғиджак (немесе гыпжак – төркіні қыпшақ деген сөз), жетіген (ятган, чаткан), шаңқобыз (варган) аспаптарының көмегімен шырқағаны тарихтан белгілі. Кейіннен қобыз бен домбыра аспабындағы үрдіс кең тарады, қалғандары қолданыстан шыға бастады, яғни, осы аспаптармен айту дағдысы мейлінше дамып, қалғандарын ығыстыра бастады. ХХ ғасырдың бастапқы кезеңінде татар (қазан) сырнайының қазақ даласында пайда болуы қобызбен айту дәстүрін кейін шегерді, ең соңғы қобызбен жырлаған адам ретінде тарихта Жанақ ақынның аты аталады, басқалай мәдени дерек жоқ. Сырнайдың келуі ән сахнасына Майра, Шашубай, Тайжан, Нартай, Құтбай сияқты тарландарды әкелді, олардың сырнаймен толғаған әндері cахарада жаңаша мәнермен шырқалды.
Домбырамен ән салу сәттілігінің елу пайызы аспапқа байланысты. Әнші күйшіге барабар өнерпаз болуы шарт. Ертеде әншілер халық дамылдауы үшін күй тартып сейілтіп отырғаны белгілі. Жүсіпбектің Тәттімбет күйлерін сұңғыла шерткені, Манарбектің артында ондаған күйі қалғаны осыған куә. Қазіргі кезде домбыраны оқыту біржақты жүргізілетін сияқты. Себебі, белгілі ән мектебінің өкіліне өз аймағына тән күйлерді оқыту біздің пайымымыз бен тәжірибеміз көрсетіп отырғандай үлкен нәтиже бермек. Арқа әншісі шертпе күйші, Батыс Қазақстан әншісі төкпе күйші болуы керек. Алайда жаппай төкпеге тәрбиеленген Арқа мектебінің шәкірті аспапты әнге ылайық жатықтықпен ешқашан тарта алмайды, немесе керісінше. Жалпы арнайы домбырадан дәріс беруші мамандар халық әнінің білгірі болғаны дұрыс. Бұл талап домбырашылар үшін қиын болмаса керек-ті, себебі күй мен ән егіз өнер екені бесенеден белгілі.
Аспап меңгеру - дәстүрлі әншінің алатын алғашқы асуы. Сондықтан мамандықтан сабақ беретін оқытушы бұған аса мұқият болғаны абзал.