Байбекұлы Әйтеке би
Әйтеке би (1644-1700) – қазақ халқының бірлігін нығайтуға үлкен үлес қосқан атақты үш бидің бірі, мемлекет қайраткері, Әмір Темірдің бас кеңесшісі Ораз қажының бесінші ұрпағы, бүкіл парсы, өзбек, қырғыз, қазақ, құрама жұрты «Синесоф буа» (жаны пәк жан) атаған Сейітқұл әулиенің үшінші ұрпағы, 1922-1635 жылдары Қоқанға хан болған Ақшаның немересі, 1622-1656 жылдардағы Самарқан әмірі Жалаңтөс баһадүрдің немерелес туысы. Әлім тайпасының төртқара руынан шыққан. Әйтеке би бес жасында ауыл молдасынан сауатын ашқан. Шешендік қасиетінің ерте танылуына әкесі Байбек пен Қосуақ бидің айрықша ықпалы тиген. Алайда жеті жасынан бастап аталары Ақша хан мен Жалаңтөс баһадүр Әйтекені өз тәрбиесіне алған. Ол әуелі Самарқандағы Ұлықбек медресесінде, кейін Жалаңтөс баһадүр салдырған, сән-сәулетімен әйгілі «Тіллә-кари» (Алтынмен апталған), «Шер-дор» (Арыстанды) медресесінде оқыған. Дін, құқық, аспан әлемі, жағырапия, тарих, математика пәндерін, араб, парсы, шағатай, өзбек тілдерін меңгерген. Әйтеке би Ақша атасынан ел басқару, елшілік байланыстар жасау жолдарын үйренсе, Жалаңтөс атасынан әскери қолбасшылық дәстүрлер мен дағдыларға жаттыққан.
Әйтеке би шешендігімен, «қара қылды қақ жарған» әділдігімен бірге жоңғарлармен болған ұрыстарда қол бастаған батыр да болған. 1685 жылы Нұрата маңына шабуыл жасаған Қалдан-Бошақтының он мың жасағына Нұрата, Қыз Бибі, Ақтау, Тамды, Кенимех төңірегіндегі алшындар мен қарақалпақтардан және құрамалардан жиналған бес мың қол әскерімен Әйтеке би қарсы аттанған.
Ел аузында Әйтеке айтқан билік, шешендік сөздер, толғаулар, баталар көп сақталған. Ол туралы аңыз әңгімелер мен жырлар да жеткілікті. Соның бірі авторы беймәлім «Әйтеке би» деген ұзақ дастан. Биді халық «айыр тілді Әйтеке» деп атаған.