Датұлы Сырым
Датұлы Сырым (1712-1802) – Ресей патшасының отарлау саясатына қарсы күрескен Кіші жүз қазақтары көтерілісінің көрнекті басшысы, атақты батыр, әйгілі шешен. Шыққан тегі - Кіші жүздің Байұлы тайпасының Байбақты руынан.
Өзінің асқан ақылдылығы арқасында өз ортасында тым ерте танылып, әділдішімен аты шыққан «Бала би» атанды. Жасы ұлғайған кезінде отарлаушылардың озбыр саясатына қарсы шығып, жерінен айырылып, жайылымсыз қалған, патша әкімшілігінің езіп-жаншуынан, тонауынан әбден титықтап біткен халқының наразылығына үн қосып, қарулы күреске шығады. Ол өзінің Орынбордың генерал- губернаторы Игельстромға жазған бір хатында: «Сіздердің түрлі әдістермен алдап, қолға түсірген ноғай, башқұрттар сияқты бізге де бұғалық салып, езбекші екендігіңіз белгілі» деп жазады.
Бұған қоса Сырым Датұлы сол тұста Нұралы ханмен де ұстасты. Ол Сырымға тіпті де бөтен адам емес еді. Қазақшалап айтқанда, құйрық-бауыр жескен туған құдасы. Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театры қойған Рахымжан Отарбаевтың “Сырым батыр” тарихи драмасына батыр өмірінің соңғы он жылын қамтитын осындай қым-қиғаш әрі шым-шытырық кезең өзек болып тартылыпты.
Алағай да былағай, аласапыран дүниенің ортасында қалған Сырымды автор қай қырынан көрсеткісі келді екен? Батырлығын ба, әлде көсемдігі мен шешендігін бе? Қаламгердің жаңа туындысында мұның бірде біреуі алдыңғы кезекке шыға қоймаған секілді. Драматургиялық туындыға ең алдымен динамика, интрига, талас-тартыс, іс-әрекет, қимыл-қозғалыс пен қарама-қайшылық тән десек, бұл талаптар қойылымда толығымен ескерілгенін көреміз.