Байғозы батыр (1705-1803) (қазақша)
Қазақ халқының елдігі мен еркіндігін қорғау жолында жоңғар шапқыншылығына қарсы ерең ерліктер жасап, иісі қазаққа даңқы жайылған батырлардың бірі. Байғозы батырдың туып өскен жері Арқаның Ортау, Қызылтау деп аталатын сілемді тауларының арасы. Топырақ бұйырған жері Қарағанды облысының Жаңаарқа және Шет аудандарының жапсарындағы Жаман Сарысу өзенінің бойы. Батырдың бейіті тұрған жер «Батыр басы» деп аталады.
Қазақ пен қалмақ жасақтарының болған Бұланты, Қарасире, Талқы, Қозымаңырақ, Қалба, Терісаққан, Аңырақай, Хантау, Қызылтау, Ерейментау, Түркістан, Қарқаралы, Ыстықкөл шайқастарының Байғозы батыр бел ортасында болып, ерең ерліктер көрсеткен. Ол ерліктердің небір ғажайып оқиғалары Шоқан Уәлихановтың, Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің еңбектерінде, Жаңақ, Шөже сияқты ақын-жыраулардың жыр-толғауларында кездеседі.
Байғозы батырдың ұрпағы өсіп-өнген, қазір Қарағанды, Ақмола, Жамбыл, Шымкент облыстарында көптеп кездеседі. Солардың бірі батырдың алтыншы ұрпағы, белгілі жазушы, филология ғылымының докторы Ақселеу Сейдімбек.