Педагогикалық зерттеу әдістері
Жоспар
1 Педагогикалық зерттеу әдістері 3
1.1 Педагогикалық зерттеулерді ұйымдастыру 3
1.2 Педагогикалық зерттеу әдістемесі мен әдістер жүйесі 6
1 Педагогикалық зерттеу әдістері
1.1 Педагогикалық зерттеулерді ұйымдастыру
Педагогика саласындағы зерттеулер – бұл білім заңдылықтары, оның құрылымы мен механизмдері, мазмұны, принциптері мен технологиясы жөніндегі жаңа мәліметтерді алуға бағытталған ғылыми ізденіс процесі және оның нәтижесі. Педагогикалық зерттеулердің міндеті-деректер мен құбылыстарды түсіндіру және оларды алдын ала болжастыру.
Бағытталу тұрғысынан педагогикалық зерттеулер іргелі (фундаменталды), қолданбалы және болжам-жобалау (разработки) деңгейіндегі болып үш топқа бөлінеді. Іргелі зерттеулер нәтижесінде педагогиканың теориялық және практикалық жетістіктерін қорытушы жалпы тұжырымдамалар алынады немесе болжам жобалаумен педагогикалық жүйелерді дамытудың моделдері ұсынылады. Қолданбалы зерттеулер – бұл педагогикалық процестің кейбір тараптарын тереңдей тануға, алуан қырлы педагогикалық қызметтің заңдылықтарын ашуға бағдарланған істер. Болжам жоба – бұрыннан белгілі теориялық көзқарастарға негізделген нақты ғылыми-практикалық ұсыныстар дұрыстығын дәлелдеп, оларды практикалық айналымға қосу бағытында істелетін жұмыс.
1.2 Педагогикалық зерттеу әдістемесі мен әдістер жүйесі
Зерттеу әдістемесінің (методика) дайындығы ғылыми ізденіс логикасына орай жүргізіледі. Бұл әдістеме өте күрделі де сан қилы қызметтермен байланысты нысан болған білімдену процесін аса жоғары шынайылылықпен зерттеуге мүмкіндік беретін теориялық және эмпирикалық әдістер (метод) тобынан құралады. Әдістердің тұтастай бір бөлігін қолданудан назарға алынған проблема жан-жақты айқындалады, оның барша қырлары мен шектері түгелдей зерттеуден өтеді. Педагогикалық зерттеу әдістерінің әдіснамадан өзгешелігі - бұл педагогикалық құбылыстарды зерттеу, олар жөніндегі ғылыми ақпараттарды жинақтап, заңдылықты байланыстар, қатынастарды анықтау, оның нәтижесінде ғылыми теория қалыптастыру мақсатымен жүргізілетін іс-әрекет жолдары мен тәсілдерінің өзі.