Загрузка страницы

Для Казахстана

Курсовые

Дипломные

Отчеты по практике

Расширенный поиск
 

Предмет: Қазақстан Республикасының тарихы

Тип: Реферат

Объем: 34 стр.

Полный просмотр работы

«Таңбалы тас»

Осыдан бірер жыл бұрын Жезқазғандық ақсақал Қойшыбек Тоқтамысұлымен кездесіп қалғанымда ол кісіден «Таңбалы тас» жайында сұрап едім. Қойшекең ол тас жатқан жерге 1949 жылы барған екен. Арада бір жыл өткенде мен ол кісіге телефон соғып, өзімнің «Таңбалы тас» жөнінде тереңірек мағлұмат жинағым келіп жүргенін айтып едім, маған ол таспен айналысып жүрген кісілердің телефондарын берді. 1989 – 1992 жылдары Жезқазған облысының атқару комитетінің орынбасары болып қызмет атқарған Сағындық Қожамсеитовпен телефон арқылы танысып, тастың мән-жайын сұрағанымда біраз әңгімеге қанықтым. Түсінгенім, тастың әлі күнге дейін сақталғандығы және Кеңес үкіметі кезінде уран кенін іздеген геологтардың жарылыс жұмыстарын жүргізгенде, жаңағы тастың ортасынан қақ бөлініп, жерге етпетінен құлап түскендігі еді. Сакең тастың бетінде елуге жуық ру таңбаларының қашалып, ескі шағатай әрпінде жазу бедерлері бар екендігін растап қана қоймай, ол тасқа атақты ғалымымыз Қаныш Сәтпаевтың «Таңбалы тас – Қазақ халқының ең алғашқы мемлекетінің ірге тасын қалап жатқандағы жазып қалдырған Дала Конституциясы» деген ғылыми бағасын аса мақтанышпен айтты.

Алматыға қарай қайтарда Сағындықтың жұмыс орнына барып, екі сағаттай отырып әңгімелестік. Сәкең біз Бетпақдалада сандалып, киелі тасты іздеп жүргенімізде маған бола біраз ғылыми деректерді, құнды мағлұматтарды жинастырып, көшірмелерін дайындап қойған екен, соны қолыма ұстатты. «Жезқазған энциклопедиялық анықтамасында» Бұлғақбаев Серік Құрматайұлы былай деп жазады:
«ТАҢБАЛЫ ТАС ҚОРЫҒЫ (пантеон) Сарысу өзенінің төменгі жағында, Боқтықарын өзенінің оң жақ жағалауында, «Таңбалы жар» жерінде орналасқан. Таңбалы тас жайындағы тұңғыш мәліметтер XVIII – XIX ғ.ғ. ресей саяхатшы-ғалымдары А.И. Шренк, казак офицері Д.Телятников, М.М. Иванин, Ю.Шмидт жазбаларында кездеседі. 1895 ж. Л.Кузнецов пен Х.Бекхожин тас бетіндегі 500-ге тарта таңбалардың көшірмесін жасады. 1934 жылы зерттеуші В.А. Селевин Таңбалы тасты суретке түсірген. 1941 жылы Академик Қ.И. Сәтбаев «Жезқазған ауданының тарихи ескерткіштері» атты мақаласында ескерткішке ғылыми анықтама береді. 1950-ші жылдары академик Ә.Х. Марғұлан Орталық Қазақстанда барлау жұмыстарын жүргізіп, бірқатар ескерткіштерге ғылыми талдау жасайды. 1974 жылы археолог-ғалымдар Кемал Ақышев пен Марал Хабдуллина, 1998 жылы этнограф ғалым Ж.О. Артықбаев Таңбалы тастың маңыздылығы жайында бірталай пікірлер айтты. Ескерткіште, Л.Кузнецовтың дерегіне сүйенсек, «500 таңба немесе мөр қашалған». Х.Бекхожин тастағы арап әрпімен жазылған жазуларды оқып, орысша аудармасын берді. Академик Қ.И. Сәтбаев «Жезқазған-Ұлытау перифериясында қазақ халқын құрған үш жүздің жері тоғысады» деп Ұлытаудың саяси орталық екенін атап өтсе, Ә.Х. Марғұлан Таңбалы тастың тарихын оғыз, қыпшақ, Ақ Орда дәуірлерімен байланыстырады. Бетпақдаланың дәл ортасында орналасқан Таңбалы тас ескерткіші жайындағы ескі сөздерді шежірешілер М.Ж. Көпеев пен Н.Наушабайұлының жинақтарынан жолықтырамыз».

«ТАҢБАЛЫ – ҚАЗАҚТЫҢ ТАСҚА БАСҚАН ШЕЖІРЕСІ.
Тарихтан сәл-пәл хабары бар қазақ баласы үшін Таңбалы тас атауының қасиеті ерекше. Қазақ түгілі көрші көшпелі түрік елдері: ноғай, өзбек осы қасиетті орынды керемет қадыр тұтады. Қадым заманнан бері иісі түркі руларының басын қосқан алтын қазығы болған қасиетті ескерткішті көру екі адамның бірінің маңдайына жазылмаған бақыт. Қазақ тарихын сүйген, сол үшін түн ұйқысын төрт бөліп қаншама еңбек атқарған ғалымдардың өзі де Таңбалы тасты көре алмай кеткен. Қазақстанда да, көрші түркі жұрттарында да – шіркін-ай, осы мекенді бір көрсем, түркі руларының бас қосып, таңба бөліскен, енші алысқан құт мекен, қасиетті қазығына тәуәп етсем дейтін азаматтар көп. Олардың көре алмайтыны Таңбалы тас Бетпақ шөлдің ортасында, адам аяғы сирек басатын, жер танитын жолбасшың болмаса сүйегіңіз қурап қалатын қорық жерде.

ТАҢҒАЖАЙЫП ТАҢБАЛЫ ТАС
Міне, еліміз тәуелсіздік алғаннан бері әлі толық ашылмаған өткен тарихымыз азды-көпті түгенделіп, олжамызға марқайып, айналаға асқан құмарлықпен қарайтын болдық. Осыдан болар, талай ғасыр ашық аспан астындағы қараусыз қалған тау мен үңгір қабырғаларындағы бедерленіп, қашалып жазылған суреттер мен бел¬гілерге деген қызығушылық арқылы ата-бабалардың өткен өмірі мен тіршілігінен хабардар болғанымыз. Даламыз қандай кең болса, ондағы құнды жәдігерлер де жеткілікті. Және олардың жер жағдайына байланысты өз атаулары да бар. Жамбыл ауданының батысындағы шөлейтті және жартылай шөлейтті аймаққа жататын Қарабастау елді мекенінің жазықпен шектескен Таңбалы шатқалындағы талайды тамсандырған тастағы қашалған, бедерленген (петроглифтер) қазіргі кезде туризм көзіне айналып, халқымыздың бай мұрасы ретінде алыс-жақыннан келгендердің назарына ұсынылып, “біздерде мынадай бар, мынадай бар” деп ауыз толтырып айтуға, мақтанышымызға айналғаны да тәуелсіздікпен келген игілік.

Қорық-мұражайдағы суреттер бес топқа бөлінсе, оны көруге келгендерді шағын топпен апаруға арнайы автокөлік бөлінген. Негізінен мұндағы жұмыстың ғылыми негізде болуына назар аударылуда. Қазірдің өзінде Таңбалыға келгендер саны мыңдап саналады. Олардың қатары да әр алуан. Жақында ғана көршілес Қытай елінен келгендер қорық-мұражайдағы суреттерге қызығушылығын танытқан. Қарабастау елді мекеніндегі бас кеңседе келгендерді қарсы алып, одан әрі тау шатқалына жаяу сапарлары жалғасады.
Таңбалыдағы мұражай ғимаратында спутниктік байланыс орнатылған. Қазіргі заман талабына сай құрал-жабдықтармен, қорықшылар дүрбімен, мініс аттарымен қамтылған. Ашық аспан астындағы тарихтан сыр шертетін құнды мұрағаттармен келушілерді таныстыру мақсатында көрнекі құралдар шығарылса, ұжымның тиянағын келтірер жұмыстары әлі алда. Өйткені, тың және тыңайған жерлерді игеру кезінде Рославль кеңшарының мал қоралары мен үйлерін салуға осы мекеннің тастары пайдаланылған. Заңсыз салынған құрылыстарды бұзған кезде құнды жәдігерлері бар тастар табылып, ол қайтадан қорғауға алынуда. Оның біразы мұражайға қойылыпты.
“Таңбалы” мемлекеттік тарихи-мәдени және табиғи қорық-мұражайы Алматыдан 200 шақырымға жуық. Алматы-Бішкек бағытымен баратын автокөлік жолының біраз бөлігі жақсы болғанымен, дені – таптаурын жылдамдықты үдетуге мүмкіндік бермейді. Сондықтан екі арадағы уақыт үш сағаттан астам. Мұражай аумағында жаяу жүретін туристік маршруттың ұзақтығы 900-1900 метр, ал көру мерзімі үш жарым сағатқа жуықтайды.

Ең бастысы, үш мың жыл бойы тарихи мәнiн жоғалтпай келе жақан петроглифтер кешеннiң ең маңызды буыны болып саналады.Таңбалытас кешенiнде Қазақстан мен Орталық Азиядағы қола дәуiрiнен белгiлi жартастық өнер туындылары шоғырланған. Негiзгi кейiпкерлердi бедерлеу тәсiлi қола дәуiрiндегi тайпалардың мифологиялық концепциясы болғандығын дәлелдей алады. Таңбалытас кешегi жастардың туған жерi мен оның тарихына деген ықыласы арттыруда тарихи маңызы зор деп бiлемiз.