Ортақ отан – Қазақстан
Қазақстан Республикасының елордасы – Астана қаласының 10 жылдығына және Алаш қозғалысының 90 жылдығына орай «Әлем қазақтарының рухани сұхбаты: тіл, мәдениет және Алаш мұраты» атты халықаралық конференцияның ұйымдастырушы қазақстандық және осы конференция жұмысына қатысушы шетелдік қандас ханымдар мен мырзалар!
Сіздердің баршаларыңызға ұлы орыс халқымен өмір сүріп жатқан миллионнан астам ресейлік қазақтардың атынан жалынды да сағынышты салем жолдаймын! Бәріміз үшін ұлттық мәні үлкен осы конференция аясында атқарылатын жұмыстардың табысты да жемісті болуын тілеймін!
Әрине, Ресей Федерациясы Қазақстан Республикасы үшін стратегиялық маңызы бірінші кезекте тұрған ұлы да қуатты көршілес мемлекет. Ал Қазақстан Республикасы Ресей Федерациясы үшін өзінің геосаяси, ұлттық мүдделерін қорғаудағы ең сенімді де әлеуетті көршілес елдердің бірі. Сондықтан да екі ел арасындағы саяси, экономикалық, әскери, ғылыми-техникалық және де мәдени ынтымақтастық пен достық қарым-қатынастар уақыт өткен сайын жан-жақты дамып, нығая түсетіні – заңдылық. Бұл туралы екі мемлекет президенттері халықаралық деңгейде талай рет саяси мәлімдемелер жасап, Ресей мен Қазақстанда экономикалық және әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етуде өзара келісе отырып, қыруар жұмыстар тындырды. Соның нәтижесінде Ресей мен Қазақстан халықтарының хал-ахуалы әжептәуір жақсарды. Бұл екі ел қазақтары үшін ортақ жетістік болып отыр.
Осы Отаннан шалғай жат жерде өмір кешіп жатқан қандастарымызды азын-аулақ болса да Қазақстан мемлекеті мен үкіметі назардан тыс ұмыт қалдырмаса игі болар еді. Өйткені олар халқымыз үшін «жоғалған алтынның сынықтары» болуы ғажап емес ғой. Осылай тоз-тоз болып «жоғалған» қандастарымыздың жат жерде қазақи ұлттық санасы қайта оянып, бірін бірі іздеп тауып, қазақ диаспораларын құрып жатса, Қазақстан мемлекеті оларды өз қамқорлығына алуы абзал. Және де оларға моральдық, материалдық жәрдем көрсеткені жөн. Ондай жағдайда олардың өшкендері жанып, өлгендері тірілгендей болар еді.
Сөз соңында, қортынды ретінде айтарым: Бүгінгі Тәуелсіз Қазақстан – бүкіл қазақ халқының Тәңірі сыйлаған жалғыз ортақ Отаны. Бұл уәжге өзіміздің де, өзгелердің де көздері жетті. Сондықтан да әрбір әлем қазағы осы ортақ Отанымыз – Қазақстанда саяси және экономикалық тұрақтылықтың ары қарай сақталуына өз үлесін қосуға талпынуы қажет. Ол үшін шет елдердегі қазақтардың ұлттық, қоғамдық ұйымдары мен мәдениет орталықтары, диаспоралары қазақстандық отандастармен қарым-қатынас жасағанда мемлекетаралық келісім-шарттарды басшылыққа ала отырып, халықаралық достық пен ынтымақтастықты әрдайым дамытуға бағытталған өміршең іс-шараларды тындырғандары жөн. Туған халқымыздың атақ-абыройына кір келтірмейік, ұлттық рухымызды биік ұстайық!