Есім хан (1598-1628 (1645) ж.ж. билік құрған)
Шығайұлы Есім хан (1628-1645) – Қазақ хандығының ханы, Шығай ханның баласы, атақты Тәуекел ханның туған інісі. Есім хан туралы халық жадында сақталған аңыз -әңгімелер, дастан-жырлар көп. Оны халқы «Еңсегей бойлы ер Есім» деп ардақтайды.
Есім хан билік басына ағасы Тәуекел өлгеннен кейін келді. Бұл кезде Қазақ хандығының шығысындағы жағдай Тәуекел тұсындағыдан әлдеқайда күрделене түскен еді. Мұнда ойрат тайпаларының бірігіу процесі жүріп жатты. Сондықтан ол көршілерінде болып жатқан жағдайды жіті қадағалап, олардың тайпалары арасындағы алауыздықты өз пайдасына шешуге ұмтылып бақты.
Есім хан қазақ тарихында «Еңсегей бойлы ер Есім» деген атпен әйгілі болды, оған бұл атақ 1598-жылы ағасы Тәуекел ханмен бірге Мауреннахрға жасаған жорықта ерекше көзге түскені үшін берілген екен. Есім хан - Шығай ханның баласы, ол бұрын қазақ хандығының Түркістан қаласындағы хан ордасында тұрған. Хан тағына отырған соң Бұхарамен бітім-шартын жасасып, Орта Азия қалаларымен бейбіт, экономикалық байланыс орнатуға ұмтылды. Қазақ хандығын бір орталыққа бағынған мемлекет етіп құруды көздеді. «Есім ханның ескі жолы» деп аталған заңды құрастырды. Есім ханның қазақтарды бір орталыққа бағындыру саясатына қарсы болған сұлтандар қазақ хандығын бөлшектеуге тырысты.
Әдебиеттер
1. XVII-ғасырдағы қазақ хандығы: Есім хан туралы // Қазақтың көне тарихы.- Алматы, 1993.- Б.257-259
2. Байболұлы Қ. Есім хан туралы жыр // Байболұлы Қ. Төле би: Дастандар.- Алматы, 1991.- Б. 57-172
3. Есім хан // Қазақтар: Көпшілікке арналған тоғыз томдық анықтамалық.- Алматы, 1998.- Т.2. Тарихи тұлғалар.- Б. 74-75
4. Мағауин М. Есім хан және оның заманы // Мағауин М. Қазақ тарихының әліппесі.- Алматы, 1995.- Б. 42-52
5. Елешева З. Есім хан мен Тұрсын хан арасындағы ант: [Қазақ және қырғыз шежірелері негізінде] // Қазақ тарихы.- 1999.- №1.- Б. 18-22
6. Қаратаев Т. Тарихтағы аттас тұлғалар: Есім хан // Қазақ тарихы.- 1998.- № 4-5.- Б. 53
7. Мағауин М. Есім хан және оның заманы // Қазақ әдебиеті.- 1993.- 10 желтоқ. (№59).- Б. 12-14