Загрузка страницы

Для Казахстана

Курсовые

Дипломные

Отчеты по практике

Расширенный поиск
 

Предмет: Экономика

Тип: Дипломдық жұмыс

Объем: 52 стр.

Год: 2007

Полный просмотр работы

Шағын кәсіпорындардың экономикалық тиімділігін арттыру жолдары


Жоспар
1 Нарықтық экономика жағдайында шағын кәсіпорындар қызметінің теориялық негіздері 3
1.1 Нарық жағдайында кәсіпкерлік қызметті ұйымдастыру нысандары 3
1.2 Шағын кәсіпорындар қызметінің экономикадағы рөлі 9
1.3 Шағын кәсіпорындардың дамуы мен тиімді қызмет ету проблемалары 14
2 Қазақстан республикасындағы шағын кәсіпорындар қызметінің экономикалық тиімділігін талдау 22
2.1 Қазақстан Республикасында шағын кәсіпорындардың даму тенденциялары 22
2.2 «АЛМАКА» ЖШС қызметінің экономикалық тиімділігін талдау 28
3 Қазақстан республикасында шағын кәсіпорындардың экономикалық тиімділігін арттыру жолдары 36
3.1 Шағын кәсіпорындардың тиімділігін арттырудың шетелдік озық тәжірибелері 36
Қорытынды 48
Пайдаланылған әдебиеттер көздері 52

1 Нарықтық экономика жағдайында шағын кәсіпорындар қызметінің теориялық негіздері

1.1 Нарық жағдайында кәсіпкерлік қызметті ұйымдастыру нысандары

Қазақстан Республикасы жаңа жүйеге өту арқылы өзінің экономикалық даму жолында бірқатар жақсы жетістіктерге қол жеткізуге мүмкіндік алды. Яғни, бұрынғы қалыптасқан жоспарлы экономикадан шаруашылық жүргізудің нарықтық жүйесіне ауысу шаруашылық жүргізуші субъектілердің өз бетінше, дербес қызмет етуіне жағдай туғызды. Нарықтық экономика жағдайында мемлекеттік меншікпен қатар жеке меншіктің де қызмет етуі кәсіпорындарға жаңа талаптар қойды. Сонымен қатар, жеке меншіктің үлесінің жылдан-жылға артуы бәсекелік ортаның күшеюіне, өнім өндіру мен өткізу, сапаны басқару мәселелеріне ерекше мән беру қажеттігін көрсетті.
Нарық жағдайында кәсіпкерлік қызметпен айналысу еркіндігі кәсіпкерліктің қалыптасу мен дамуы, әсіресе, шағын және орта бизнестің жоғары мәнге ие болатындығын айқын көрсете алды. Сондықтан еліміздің заңнамаларына сәйкес кәсіпкерлік қызметті ұйымдастыру нысандарын айқындау өте маңызды. Кәсіпкерліктің кез-келген нысанының дамуы елдегі ішкі экономикалық жағдайға және көзделген мақсатты жүзеге асыру үшін өз құқықтарын пайдалана білетін нақты кәсіпкердің қабілеттілігіне де байланысты болады. Әрине , бұл факторлар көбінесе шағын бизнестің дамуына әсер етеді. Шағын бизнес кәсіпкерлік қызметке қатысушылардың өздерінің арасында және мемлекетпен өзара экономикалық қарым-қатынасын заңды негізде ұйымдастыруды қажет етеді.

1.2 Шағын кәсіпорындар қызметінің экономикадағы рөлі

Қазақстанның нарықтық экономикаға өте отырып экономиканы жедел дамытуда, жоғары экономикалық өсімге қол жеткізуде кәсіпкерлік қызметті ұйымдастыру мен кәсіпкерлікті қолдау экономиканы құрылымдық қайта құруды жандандыруға, таңдау еркіндігі мен қосымша жұмыс орындарын ұсынуға, шығындардың тез қайтымдылығын қамтамасыз етуге, тұтынушылық сұраныстың өзгерістеріне жедел бейімделуге мүмкіндік беретін шағын кәсіпорындар торабын құруды тездетуді талап етеді. Ел экономикасын дамытуда шағын кәсіпорындардың маңыздылығы өте жоғары. Ал, осы шағын кәсіпорындар іс бастау үшін ірі көлемде инвестицияларды талап етпейді және ресурстар айналымының жоғары жылдамдығына кепілдік береді. Сол арқылы экономиканы қайта құрылымдау проблемаларын ұтымды шешуді, нарықты тұтыну тауарларымен толықтыруды, бәсекелік ортаны күшейту арқылы өндірілетін өнімдер мен көрсетілетін қызметтер сапасын жақсартуға, жаңа жұмыс орындарын құра отырып жұмыссыздық мәселесін шешуге қол жеткізуге болады.

1.3 Шағын кәсіпорындардың дамуы мен тиімді қызмет ету проблемалары

Қазақстан Республикасы қазіргі таңда кәсіпкерлік қызметті ұйымдастыру, кәсіпкерлікті дамыту, әсіресе, шағын және орта кәсіпкерліктің дамуы мен тиімді қызмет етуіне ерекше көңіл бөліп отыр. Кез-келген елдің экономикасы қанағаттанарлық деңгейде дамып отырса да шағын кәсіпорындардың дамуына баса назар аударатыны белгілі. Қазақстан Республикасының Президенті кәсіпкерлер конгресінде мемлекеттік меншікті сатылап жекешелендіру нәтижесінде өнеркәсіп өндірісі көлемінің 85 пайызы жеке секторда өндірілетіндігін, елдің жалпы ішкі өніміндегі шағын және орта бизнестің үлесі шамамен 25 пайызды құрайтындығын, экономиканың жеке секторында еңбекпен қамтылған халықтың 60 пайыздан астамы еңбек ететіндігін айтып өтті. Бірақ бұл мәліметтер дамыған елдермен салыстырғанда әлдеқайда аз шаманы құрайтындығы белгілі. Сондықтан алдағы уақытта шағын кәсіпорындардың дамуы мен тиімді қызмет ету мәселесіне мән беріліп, бұл мәселелер бойынша негізгі проблемалар анықталып, оң шешімін табуы тиіс.

2 Қазақстан республикасындағы шағын кәсіпорындар қызметінің экономикалық тиімділігін талдау

2.1 Қазақстан Республикасында шағын кәсіпорындардың даму тенденциялары

Елдегі әлеуметтік – экономикалық жағдайдың тұрақтылығы және мемлекеттің шағын кәсіпкерлікті қолдау мен дамыту бойынша жүзеге асырып отырған шаралары шағын кәсіпорындардың дамуына оң ықпал етті. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың 2005 жылғы 18-ақпандағы Қазақстан халқына жолдауында «....шағын және орта кәсіпкерлікті дамытудың түбірінен жаңа идеологиясын түзуіміз қажет. Біз кәсіпкерлік ортаның бастамашылығын іске асыру үшін қолайлы жағдай туғызуымыз керек.», - деп атап көрсетті.(2) Қазіргі таңда шағын кәсіпорындардың даму деңгейі айтарлықтай жоғары болмағанымен жыл сайын даму динамикасы байқалады.

2.2 «АЛМАКА» ЖШС қызметінің экономикалық тиімділігін талдау

Қазақстан Республикасында шағын кәсіпорындар қызметін ұйымдастыру, ел экономикасындағы рөлін анықтау, даму тенденцияларын қызмет түрлері мен аймақтар бойынша қарастыра келіп, нақты кәсіпорын мысалында экономикалық тиімділігін талдау арқылы көзделген мақсатқа жетуге болады. Алматы облысының Жаркент қаласында орналасқан «Алмака» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі барлық белгілері бойынша шағын кәсіпорынға сәйкес келеді. Бұл кәсіпорын алғаш рет 1994 жылы елімізде жекешелендіру үрдісі басталған сәтте «Жаркент» кондитерлік цехын жекешелендіру негізінде құрылған. Яғни, кондитерлік, нан жабу және жартылай фабрикаттар цехтарын, қоймалық жайлар мен фирмалық дүкендерді жекешелендіре отырып «Алмака» өндірістік кооперативінің негізі қаланды. Бірақ бірте-бірте өз қызметін кеңейте отырып, қосымша қатысушыларды тарту арқылы ұйымдық-құқықтық нысанын жауапкершілігі шектеулі серіктестік нысанына өзгерте отырып, 1996 жылы Әділет министрлігінде қайта тіркеуден өткізілді. Бұл кәсіпорын негізінен кондитерлік және ұннан пісірілетін өнімдер өндіреді.Мұндағы өндірілетін өнімдер сапасы жоғары және тұтынушылар сұранысына ие. Өзі шағын кәсіпорын және жергілікті нарыққа ғана жұмыс істейтін болғандықтан өнім сапасы мен тұтынушылар талғамына жоғары мән беріледі. Кәсіпорында тәжірибелі және арнайы білімі бар мамандар қызмет етеді.

3 Қазақстан республикасында шағын кәсіпорындардың экономикалық тиімділігін арттыру жолдары

3.1 Шағын кәсіпорындардың тиімділігін арттырудың шетелдік озық тәжірибелері

Әлемдік тәжірибеде шаруашылық жүргізуші субъектілерді шағын және орта кәсіпкерлікке жатқызудың жалпы критерийлері ретінде персоналдар саны, жарғылық капиталының мөлшері, активтерінің шамасы, айналым көлемі және басқаларын айтуға болады. Алайда айтарлықтай жиі қолданылатын критерийлерге келесілерді жатқызуға болады: кәсіпорындағы жұмыскерлердің орташа жылдық саны, кәсіпорынның жылдық айналымы және активтерінің мөлшері. Ал, дамыған елдердің барлығында дерлік негізгі критерий жұмысшылар саны болып табылады. Мысалы, құрамына дамыған елдер кіретін экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының анықтауы бойынша кәсіпорындағы персоналдар саны 19 адамға дейін «өте шағын», 100 адамға дейін «шағын», 100-ден – 499 адамға дейін «орта» және 500-ден жоғары «ірі» кәсіпорындар ретінде анықталған.

Қорытынды

Қазақстан Республикасында шағын кәсіпорындардың дамуы мен табысты жұмыс жасауына мүдделіліктің жоғары болуы олардың экономиканы дамыту мен экономикалық өсімге жетуде ғана емес басқа да әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешудегі маңыздылығымен байланысты. Қазақстан Республикасы Президентінің 2005 жылғы 18-ақпандағы «Қазақстан экономикалық, әлеуметтік және саяси жедел жаңару жолында» деп аталатын Қазақстан халқына жолдауында мемлекеттік кәсіпорындар мен мегахолдингтердің, ең алдымен ірі мемлекеттік компаниялар мен монополиялардың өздеріне үйлеспейтін міндеттерін шағын және орта бизнеске беру мәселесі қозғалды. Сонымен бірге, Қазақстан кәсіпкерлерінің конгресінде , үстіміздегі жылғы жолдауда да шағын кәсіпкерліктің маңыздылығына тоқталып, оны дамыту жөнінде нақты шаралар жүзеге асырылу қажеттілігі айтылды.
Қазақстан Республикасының «Жеке кәсіпкерлік» туралы заңына сәйкес, заңды тұлға құрмаған, қызметкерлерінің жылдық орташа саны елу адамнан аспайтын дара кәсіпкерлер және кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын, қызметкерлерінің жылдық орташа саны елу адамнан, активтерінің орташа жылдық құны алпыс мың еселенген айлық есептік көрсеткіштен аспайтын заңды тұлғалар шағын кәсіпкерлік субъектілері болып табылады . Көрсетілген талаптарға сәйкес келетін заңды тұлғалар шаруашылық серіктестіктер немесе өндірістік кооператив нысанында өз қызметін жүзеге асыра алады.