Загрузка страницы

Для Казахстана

Курсовые

Дипломные

Отчеты по практике

Расширенный поиск
 

Предмет: Өнертану

Тип: Бақылау жұмыс

Объем: 39 стр.

Полный просмотр работы

Домбыра, дамуы, жанрлары

МАЗМҰНЫ
1 ДОМБЫРА АСПАБЫ 3
2 КҮЙДІҢ АЙМАҚТЫҚ ДАМУЫ 8
3 ШЕРТПЕ КҮЙДІҢ АЙМАҚТЫҚ ҰЯЛАРЫ 11
4 ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАН КҮЙШІЛІК МЕКТЕБІ 14
5 АРҚА КҮЙШІЛІК МЕКТЕБІ 17
6 ЖЕТІСУ КҮЙШІЛІК МЕКТЕБІ 21
7 ҚАРАТАУ КҮЙШІЛІК МЕКТЕБІ 25
8 ҚАЗІРГІ ЗАМАНДАҒЫ ШЕРТПЕ ДӘСТҮРІ 31
9 ЖЕКЕ КҮЙШІЛЕРДІҢ ОРЫНДАУШЫЛЫҚ МЕКТЕБІ 36
ҚОЛДАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР 39

1 ДОМБЫРА АСПАБЫ
Домбыра көне аспап және ол қазақпен кіндіктес ұлыстардың бәріне ортақ мүлік, себебі домбыраның жасы қазақ хандығынан үш мың жылдай үлкен, дәуірлей тексергенде аспап аттары әртүрлі диалект салдарынан өзгеріске ұшырағанымен түбі бір екені айдан анық білініп тұрады. Толғамды мәселелердің сырына үңілместен бұрын, әуелі аспап жайына түсіндірме бере кетейік.
Қазақтың домбырасы түркі-монғол (арғы атасы – ғұн) мәдениетінің меншігі, тамыры тарихқа терең жайылған, байырғы аспап. С.Өтеғалиева Орталық Азиядағы танбуртекті аспаптарды үш топқа бөледі: Сібір-Алтайлық, Ортаазиялық, Таяушығыстық (Хордофоны Средней Азии. Алматы-2006. 39-бет). Осы тұжырыммен қарасақ біздің шертпелі аспаптарымызды да шартты түрде үшке бөлуге болады. Формасы мен дауыс бояу жағынан айырмашылықтары бар аспаптың бұрыннан келе жатқан белгілі үш түрі бар, әрбір өлкенің күй өнері әртүрлі орындаушылық мектеп құрап отырғанына сәйкес аспаптарының да тұрқы (формасы) жағынан өзгешелігі бар. Арқа, Жетісу, Қаратау өңірлерінде кең тараған домбыраның тұрқы қысқа, мойыны жуантық, шанағы бұрышталып шабылады. Жалпы көпшілік қаталықтан қалақ домбыра деп айдарлап кеткен бұл аспаптың көне түбірлік аталуы – қыпшақ домбырасы болуы мүмкін (Әл-Фарабидің «Музыканың үлкен кітабы» атты трактатында сипатталатын гипжак аспабының түбірі - қыпшақ, «Трактаты о музыке и поэзии», Алматы. «Ғылым» 1993. 430 бет), бұл шертпе күй тартуға қолайлы тоғыз пернелі аспап. Қазақстанның батыс өлкесі мен Сыр бойында тараған мойыны ұзын, алмұрт пішінді домбыраның көне түбірлік аталуы - оғыз домбырасы деген ұйғарымға жақын, он екі пернесі бар, негізінен төкпе күйлер тартылады. Домбыраның бірінші байланатын пердесінің оғыз перде (соль диез) аталуы тегін емес, шабылуы да дутар аспабына ұқсас. Қазақстанның шығыс өңірінде кең тараған домбыра – алтай домбырасы деп түбірленеді, ол үш ішекті, жеті пернелі, көбінесе желдірме екпінді шертпе күйлер тартуға ылайықталған.

2 КҮЙДІҢ АЙМАҚТЫҚ ДАМУЫ
Қазақ күйшілерінің орындау мәнері аймақтық күй ұяларына байланысты дамиды. Күй әуені интонациялы саз ретінде әуелде бір түбірлі болғанмен орындаушылық мәдениеттің тезіне түскен кезде әртүрлі арнаға түседі. Қазақтың күй өнері негізінен төкпе, шертпе деп айдарланған екі машыққа бөлінеді, соған орай олардың жерге, топыраққа тартып тұратын айшықты мінездемелері де бар. Төкпе және шертпе деген анықтама күйдің тәсілді тартысына байланысты туындаған кейінгі аттар, А.Жұбановтың «Ғасырлар пернесі» кітабындағы Тәттімбет жайлы зерттеуде шертпе күй деген сөз кездеспейді, мұндай атау У.Бекенов кітаптарынан кейін енген (Шертпе күй шеберлері.). Күйлердің қазіргі оқытудағы аймақтарға қарай ұялық бөліністері жеті мектепті құрайды:

3 ШЕРТПЕ КҮЙДІҢ АЙМАҚТЫҚ ҰЯЛАРЫ
Қазақтың күйшілік өнерінің үлкен екі арнасы – төкпе және шертпе болып бөлінетінін жоғарыда айтып кеттік. Біздің әңгімеміздің өзегі осы арнаның бірегей түрі - шертпе күй туралы болмақ.
Шертпе күй - аты айтып тұрғандай шертіліп тартылатын күй, мұндағы сөздің түбірі - «шерту» етістігі, музыкалық сөздікке кейіннен енген атау (ертеде күйді бөле атау үрдісі жанрлық ерекшелігіне байланысты болған, мысалы – жыр күйлер, би күйлер, ойын күйлер т.б.).

4 ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАН КҮЙШІЛІК МЕКТЕБІ
Қазақ күйлерінің архаикалық (байырғы) түрлері Алтай-Тарбағатай жерінде мейлінше мол сақталған. Күйлердің орындалу машығы көнеден келе жатқан дәстүр екендігін айғақтайды, шығыс сарындарын тыңдаған жан оның барша түркі-мұңғұл (ғұндар деген ұғымда. Ж.Ж.) нәсіліне ортақ әуен екендігін бағамдай алады. Күйлердің аттары тотемдік наным-сенімдерге құрылған, мысалы, «Самұрық», «Ақсақ марал», «Боз інген», «Бұлғын мен Сусар», «Ағаш ат», «Жорға аю», тағы басқалар. Алтай күйлерінің өзге мектептерден ерекшелігінің бірден-бір белгісі - олардың әуелден домбыра, шертер, сыбызғы, шаңқобыз, жетіген аспаптарына ортақ саз ретінде туғандығы (музыкатанушы П.Шегебаевтың пікірі). Сондықтан, домбыра күйлері осы аспаптардағы бояулар арқылы аса байытылғаны айдан анық көрініп тұрады.

5 АРҚА КҮЙШІЛІК МЕКТЕБІ
Арқаның күйшілік мектебі - шертпе мәдениетінің алтын қазығы деуге тұрарлық үлкен мектеп. Себебі, Арқа иісі қазақтың тарихи ортақ мекеніне айналған, үш жүздің еншісі бөлінбегенін айғақтап тұрған қасиетті Ұлытау да осында. Домбырасымен «Ақсақ құланды» толғаған күй атасы - Кетбұғы өмір кешкен Жошы ұлысы да Арқа өңірінде дәурендегені шежіреден аян. Нелер балбармақ домбырашылар өмір кешкен Сарыарқа жерінде күй дегенде алдымен аузымызға абыз Кетбұғыдан бөлек керей батыры–Байжігіт, арғынның аты аңызға айналған ақылманы – Тәттімбет сері түседі. Осылардың ішінде Арқа мектебінің басында тұрған тұлға сөз жоқ, Тәттімбет екені даусыз.

6 ЖЕТІСУ КҮЙШІЛІК МЕКТЕБІ
Жетісу жері – қазақ халқының тағдыры талай рет талқыға түскен жер, үш жүздің қаны топырағына мәңгі сіңіп қалған тарихи мекен. Мемлекет басына күн туғызған талай құйтұрқы саясатты көрген қасиетті Алатау қазақтың байтақ елін көлеңкесімен қорғағалы нелер заман өтпеді, мұқым Шығысқа ықпалы жүрген Қытай империясы құдайы көршісі – Қазақты бодан қылудың бар айласын жасап бақты, ғасырлар бойы атүсті айқаспен бостандығын сақтап қалған қазақ елі үшін Жетісу жері әрісі - алты алаштың жерұйығы боп саналады.

7 ҚАРАТАУ КҮЙШІЛІК МЕКТЕБІ
Қарата күйшілік мектебі дегенде домбырашылық пен қобызшылық өнер қатар қанат жайған Созақ жері бірден ауызға оралады. Күйшілік дәстүрге келсек - Қаратау күйлері Арқа орындаушылық үлгісінің өзінше дамыған бір арнасы болып табылады. Арқа күйшілерінің ішінде әуелі Сайдалы сары Тоқа мен Арғын Дайрабайдың (Алшын Дайрабай дейтін де күйші өткен) ықпалы Қаратау күйшілік мәдениетіне көбірек тигені тарихи дәлелді шындық. Осы күні Қаратау мектебін зерттеушілер Сүгірдің Тоқадан бата алғанын айтқанмен, тарту үлгісін бөлекше деп санап жүр. Шындығында, Сүгірдің ұстазы – Ықылас пен Тоқа бір елдің адамдары болған, олардың күй шалу мәдениеттері Тәттімбеттен тарағаны даусыз ақиқат. Қаратау мектебін талдағанда Ықылас пен Сүгірден арғы күйшілерден ешқандай дерек келтіре алмай жүргеніміздің бір шеті осында жатыр, яғни ежелден қоныстас болған Арқа мен Бетпақдаланың әлеуметтік-мәдени шежіресін білмеуіміз қате пайымдар жасауға түрткі болып-ақ жүр.

8 ҚАЗІРГІ ЗАМАНДАҒЫ ШЕРТПЕ ДӘСТҮРІ
Кеңес дәуірі (1917-1990) қазақ музыка мәдениетіне үлкен серпіліс әкелді. Бұрынғы күйшілік дәстүрдің ғасырлар бойы еркін дамыған ғұрыптық жолы ендігі жерде басқа соқпаққа түсті. Байырғы күйшілік салт ноталық жүйеге ауыстырылды, барлық күйшілік үрдіске ортақ орындаушылық методика қалыптасты, бұл жағдай домбырашылықтың ноталық сауатын ашқанмен, күй мектептерінің дәстүрлі дамуына едәуір зардабын тигізді. Европалық нота жүйесінің домбыра меңгертуді жеңілдетуден басқа зияны жоқ еді, мәселе қазақы күй өлшемдерінің орыстың халық аспаптары үлгісіне ұқсастырылып, ықшамдалып нотаға түсуінде болды.

9 ЖЕКЕ КҮЙШІЛЕРДІҢ ОРЫНДАУШЫЛЫҚ МЕКТЕБІ
Қай дәуірде болмасын, белгілі бір музыкалық ағымның негізін қалап, соның басында тұратын орындаушылығы дара тұлғалар болады. Қазақтың аспаптық музыка мәдениетінің деңгейін көтерген дарынды бабаларымыз әр кезеңде өздеріне тиісті міндеттерін атқарып отырды. Олар күйдің композициялық құрылымының өзінше өсіп-өнуіне үлгі болды, тартыс мәнерінің мектебін қалыптастырып, оны арттағыға атамұра ретінде аманаттап отырды. Күй тарихында мұндай жандарды «Күй атасы» деп мәртебелеп атап отырған. Біздің тоғыз ғасырлық күй шежіремізде аттарын кие тұтып ардақтайтын осындай төбелі өнер иелері аса көп емес: Қорқыт, Кетбұғы, Асан Қайғы (Қайқы болуы да мүмкін), Қазтуған, Байжігіт. Ал, Тәттімбет, Құрманғазы, Бейсенбі, Дәулеткерей, Тоқа, Ықылас, Қожеке, Абыл, Қазанғап, Дина сияқты күйшілер солардың дәстүрін жалғастырушылар.

ҚОЛДАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР:
1.Сейдімбек А. Қазақтың күй өнері. – Астана, Күлтегін баспасы, 2002.
2.Жұбанов А. Өскен өркен. –Алматы, Ғылым баспасы, 1985.
3.Жұбанов А. Ғасырлар пернесі, Дайк-Пресс, 2002.
4.Жұмақова Ү. Күй құрылымындағы метроритм мәселелері. Алматы, Ғылым баспасы, 2000.
5.Шегебаев П. Дәстүрлі музыка туындату саласындағы домбыра стереотипінің функциялары. – Алматы, Ғылым, 2002.
6.Күзембаева С, Егінбаева Т. Қазақ музыкасы тарихынан лекциялар. –Алматы, «Таймас» баспа үйі, 2005.
7.Мұхамбетова Ә. Қазақ күйі.- Алматы, Дайк-Пресс, 2002.
8.Өтеғалиева С. Көшпенді халықтардың музыкалық аспаптар қоры. –Алматы, Ғылым, 1995.
9.Сарыбаев Б. Қазақтың халық аспаптары. –Алматы, Өнер, 1978.