Ежелгі дәуірдегі Қазақстан (Тас және қола дәуірлері)
Тас дәуірі палеолит, мезолит және неолит болып үшке бөлінеді. Әуелгі палеолиттің өзі үш дәуірге бөлінеді. Олар олдувай (2,6 млн.-700 мың жыл бұрын), ашель (700 мың -150-120 мың жыл бұрын) және мустье (150-120 мың -31-30 мың жыл бұрын) дәуірлері. Тас құралдарының мынадай түрлері болды: шапқылар, қырғыштар, үшкір тастар, пышақтар.
Ауыр салмақты, тік бұрышты, ұсақ шақпақ тастар ең ежелгі еңбек құралдарына жатады. Олар Қаратаудан табылды. Бөріқазған мен Тәңірқазған деген жерден табылған құралдар - ашельдік кезеңге жатады. Олар шапқылар, ауыр тас сынықтар, нуклевстар. Төменгі палеолитте адам тасты сындыру үшін басқа тасты пайдаланып, біріне-бірін ұрған. Мұндай техника "малта тас мәдениеті" (өзеннің малта тастарын пайдаланған) деп аталады. Мұны тапқан археолог халел Алпысбаев (Памятники нижнего палеолита Южнего Казахстана А. 1979). Ашель уақытының ескерткіштері Орталық Қазақстанда Құдайкөл, Жаман айбат, Обалысай тұрақтары, батыс Қазақстанда -Маңғыстауда Шақпақата, Сарытас.
Діні мен өнері. Өліктер қабырда бастары батысқа немесе оңтүстік-батысқа қаратылып қойылды. Бұл о дүниемен байланыс жасайтын құдайға қарату деген мағынаны білдірді. Мәйіт бүктей жатқызылды. Сондай-ақ мәйітті өртеп жіберу де болды. Ол отқа табынудан шықса керек. Үй құрылысы да құрбандық шалудан басталған. Оған сүт толы ыдыстар, бұқа не бағлан шалынған. Тіпті балаларды да құрбандыққа шалған, оны үй едені астына көмген. Үйдің ошағы отбасының ең қасиетті жері болды.
Тастағы суреттер. Қола дәуірінің жартастар бетіне салынып, кілегей қоңыр қабыршақпен жабылып қалған суреттерінің өзіндік ерекшелгі бар. Бұл суреттер - жануарлар, күн бейнелі адамдар, соғыс арбалары, шайқас көріністері туралы тасқа салынған суреттер олардың дүние-танымын көрсетеді. Жартастағы суреттер-петроглифтер Қазақстанда Таңбалы, Ешкіөлмес, Қарату мен Маймақ, Тарбағатай мен Бөкентауда табылды.