«Татьянаның қырдағы әні». (М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясының «Биікте» деген бөлімі бойынша әдеби-әуенді қойылым)
Қазақтың киіз үйі бейнесімен жасандырылған сахна төрінде үлкен дөңгелек үстел тұр. Аласа үстелге біресе шынтақтап, біресе алақанымен басын таянған Абай үнсіз отыр. Алдында айқара ашулы көнелеу екі үлкен кітап. Оң жағында, Абайдың қайда отырса қасынан қалмайтын көршісі – үлкен жастық жатыр.
Жүргізуші І: Бұл күндегі Абай, ақын атын анық алған. Сол ақындық еңбегін, енді халыққа етер азамат қарызы деп біледі.
Өмірден, көп кітаптан тапқан сан-салалы күйлер, ойлар ендігі шақта өз өлшеуін тауып, ақынның уәзінді, соны жырларына араласқан-ды...
Жүргізуші ІІ: … Абай көп кештерде, жалғыздық шақтарда өзімен үнсіз тілмен ұзақ-ұзақ сырласатын достарынан сырт адамның көпшілігі жат жұмбақша бағалайтынын біледі. Бірақ, оны елеп, ескерген емес. (Абай бір кітаптың бетін ашып, өзіне керек жерін табады да оқымай, сол беттерге қарап шалқиыңқырап, біраз бөгеліп отырып қалды. Енді қолына екінші кітапты алып аударыстырып, мұқабасын аялай сипайды).
Абай сөзі: Өткен жандар, бірақ мұндай өлім, өлім бе? Мәңгі-бақи өлместей боп, кейінгі дүниеде өз аттарын ұмытпауды уағыз етіп кеткендер. Өзгеден жер үстінде қалатын белгі – томпайған мола. Әуелде жер бетінде томпайған бос топырақ мезгіл сайын шөге-шөге барып, ақырында мүлдем жер болып тапталады. Шамасы, осы көр жер болумен қатар, адам аты да өшеді. Мәңгілікке жұтылады. О да бітеді. Мыналар (екі кітаптың мұқабаларын сипалай түсіп) сол өзінен қалған, жер үстіндегі белгіні тау етіп, мәңгі мықты беріктікке бекітіп кеткендер. Олар Ақшоқының екі биігіндей…
Абай: Жоқ, Татьяна Мұхаметжаннан үріккен жоқ. Танысты… Бірақ
айта түс деді. (Мұхаметжан тізесінде жатқан жазуына көз қиығын тастай отырып, Татьяна әнін толық айтып шығады).
Жүргізуші І: Абай міз бақпай, кірпік қақпай тыңдағандай еді. Ол Ақшоқы биіктеріне көз жіберіп, бағана өзі теңеген Пушкинді есіне алып, Татьяна сазын ұйып тыңдайды… Өңі сұрланып, бойы тоңазығандай болады. Өзі сөйлеткен сөз, өзі жырлатқан ән, ең алғашқы рет әрі жас, әрі сұлу, әрі әсем әншінің көлденең үнімен айтылғанда, енді өзін де қатты толқыта әсер етті. Абайдың ажарына қарап, қасындағылардың бәрі де, құлақ қақпай, қыбыр етпей, Мұхаметжанның аузына қарап қалып еді. Қазақ әні емес. Бірақ сондай бір мұңды шермен, ұғымды күймен ырғалған, майда толқын тәрізді.
Жүргізуші ІІ: Мұхаметжан енді айрылып қалмайын, жадыма тоқып алайын дегендей боп тоқталмай айтады. Сонымен бірге өзі де бойы шымырлап, көңілі елжірегендей боп қатты сүйсініп айтып еді. Алғаш танысқаны осы болса да, ол Татьянадай назды жасты, көз алдында көргендей боп, шындап сезініп, ұғынған сияқты болып еді. Осы әннің үстінде ұғынды.
Мұхаметжан: (әнін тоқтатып) Тал бойыңды ұйытқандай сорлы, шерменде екен-ақ! Мұны осыншалық күңіренткен қандай ғана неме екен, Абай аға?
Дауыстар: Иә, бәсе кім болды екен? Қане, айта қойшы, Абайжан.
Кішкене Молда: Пошкин, айтқызып отырған Пошкин, Пошкин ғой…
Мұхаметжан (жаратпай): Қоя тұршы, Молда, Пошкин демей… тіпті сол ақынның аты да сен айтқандай емес…
Кішкене Молда: Е, енді қалай екен?.. Мен бек дұрыс айтам, солай.
Мұхаметжан: Жоқ, менің бағана құлағым бір шалып қалып еді. Абай ағам Пушкин деген сияқты еді… Осының дәлі қандай, Абай аға?
Жүргізуші І:Абай Пушкиннің өмірін, өлімін айтып беріп, жаңағы Татьяна әніне қайта оралды.
Пушкин өзінің сүйікті Татьянасын қолынан ұстап кеп, қазақ сахарасына ең алғашқы рет қадам бастырып еді. Өзі тыңдаушысын ұйытқан қадірлі ақын болды. Татьянасы қазақ жасының жүрек сезіміне бұрын қазақ сөзімен айтылып көрмеген көркем, шебер тіл бітіріп, жандай жақын туысы бола келіп еді...