Загрузка страницы

Для Казахстана

Курсовые

Дипломные

Отчеты по практике

Расширенный поиск
 

Предмет: Қазақ тілі мен әдебиеті

Тип: Дипломдық жұмыс

Объем: 65 стр.

Год: 2013

Предварительный просмотр

Қазақ прозасының дамуы мен қалыптасуы


МАЗМҰНЫ
КІРІСПЕ 5
1 Қазақ прозасының даму күйі 7
1.1 Дәстүр жалғастығы 7
1.2 Өнер, өнерпаз тақырыбын суреттеудегі этно-фольклорлық сарындар 10
1.3 Көркем шығармалар мазмұнындағы фольклорлық жанрлардың қызметі (миф, хикая, аңыз) 13
1.4 Халықтық дүниетанымның тағылымдық-тәрбиелік мәнін ашудағы этно-фольклорлық сарындар 16
1.5 Азалау дәстүрінің көркем шығарма өзегіндегі орны 20
1.6 Этно-фольклорлық үрдістердің ұлттық образ жасаудағы рөлі 22
2 Қазіргі қазақ повестерінің мәселелері және характер мәселесі 26
2.1 1970-1980 жылдардағы қазақ повестерінің тақырыбы 26
2.2 Қазақ повестерінің жіктелімі 30
2.3 Прозадағы характер мен тип 35
2.4 Қазіргі қазақ прозасындағы ұлттық идея 41
3 Тарихилық – көркем әдебиет дамуының негізі 44
3.1 Эпикалық шығармалар сабақтастығы 44
3.2 Қазіргі қазақ прозасындағы тарихи шындық поэтикасы 48
3.3 XX ғасырдың 90-жылдары мен XXI ғасырдың бас кезіндегі қазақ прозасы 51
3.4 Реалистік сипат пен көркемдік қиял 56
ҚОРЫТЫНДЫ 62
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР 65

КІРІСПЕ
Жұмыстың сипаттамасы. Бүгінгі күні жаңа сапалық өзгерістерге түскен қазақ прозасының тарихи даму жолы күрделі сатылардан өтті. Әсіресе, ұлттық прозадағы этно-фольклорлық үрдістердің көркемдік кеңістігін ғылыми тұрғыдан сарапқа салу кенже қалып келген болатын. Ол ұзақ жылдар бойына жүргізілген ұлттық сана мен сезімді тұмшалауға тырысқан саясатпен байланысты. Тәуелсіздік тұсында осы мәселені жаңаша зерделеудің мүмкіндігі туып отыр.

1 Қазақ прозасының даму күйі
1.1 Дәстүр жалғастығы
Қазірде кемелденген жазба әдебиеттің алтын арқауы, рухани өнеріміздің алғашқы тұғыры фольклор екені даусыз. Фольклор ілкі заманда туып, ұрпақтан-ұрпаққа аманат ретінде, қалдырылатын рухани мұра болса, ал, этнография фольклормен үндесе, жымдаса жүретін, халықтың санасынан берік орын алған, сол халықтың бүкіл тыныс-тіршілігінен хабардар ететін құбылыс. Ал, әдебиеттің этно-фольклормен арақатынасы әдебиеттің даму тарихымен тығыз байланысты. Әдебиеттің даму тарихы заман келбетіне, сипатына тәуелді болды. Әдебиет өз даму тарихының әрбір кезеңінде этнография және фольклормен біте қайнасып, бірге тіршілік еткен және шығармаларда белгілі бір сюжетті құруға, кейіпкердің образын ашуға, көркемдік тәсілдердің қолданылуында, оқиғалардың шешімінде яғни, шығарманың бүкіл өн бойында белгілі бір қызмет етіп отырған. «Халықтың байырғы тұрмыс-тіршілігіне тән, этнографиясы мен ұлттық өмір сүру ерекшеліктеріне сәйкес, әбден орныққан, қалыптасқан фольклорлық этнографиялық заңдылықтар мен ұғым-түсініктердің, ұлттық әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерге қатысты қағида, ережелердің қатаң сақталуын және сонымен бірге көшпелі тұрмысқа тән көркем детальдардың орнымен қолданылуын айтуға болады» [2 , 76 б].

1.2 Өнер, өнерпаз тақырыбын суреттеудегі этно-фольклорлық сарындар
Қазақ прозасындағы күй өнері, күйші тағдыры жайлы жазылған шығармалардің бірі – Ә.Кекілбаев «Күй» атты повесінде ежелгі аңыз-әңгімені, өткен күннің елесін ой елегінен өткізіп, бүгінгі күннің көкейкесті мәселелерін қозғайды. Жазушы ескі аңызды қайта жаңғыртып, қайта баяндап қана қоймайды, оған философиялық, психологиялық реңк үстемелей отырып аңыздың әлеуметтік сипатын, ашады. Бітімге келмей, тек қана жауласумен болған, өзара сыйыса алмай, ұғыса алмай өткен екі бауырлас жұрт талай тауқыметті бастан кешіріпті, бірін-бірі кешіре алмапты. Автор талай замандар бойы қазақ даласы мен түркімен құмдарындағы зорлық-зомбылықтың неше алуан түрі: алып кету, шауып кету, жер дауы, жесір дауы, жазаның ең ауыр сұмдық түрі – мәңгүрт жасау сияқты аңыздық желілерді шебер қолдана білген. Шығармада түркімен батыры – Жөнейіт қолға түскен тұтқын жас-өспірімдерді мәңгүртке айналдырып, жаулықтың, дұшпандықтың ең ауыр да сорақы үлгісін көрсетеді. Бағзы заманнан адам баласына неше түрлі қиянат зұлымдық-әрекеттер жасаудың ішіндегі ең сұмдығы, ең шектен шыққаны адамды қинап, мәңгүрт жасау болып табылады.

1.3 Көркем шығармалар мазмұнындағы фольклорлық жанрлардың қызметі (миф, хикая, аңыз)
Фольклорлық санамызға берік орын тепкен, қазіргі прозада ұлттық негізбен байланыстырылатын рухани байлығымыздың бір қайнар көзі мифтер болып табылады. Қазіргі қазақ прозасындағы миф – бұл өте таңғажайып сан қырлы құбылыс. Миф әртүрлі көркем бағыттар мен жанрларда орнығып қана қоймай, көркем мәтіннің барлық деңгейіне енді. Әсіресе оның реминсценция түрінде көрінуі өте айқын. Реминисценция ұғымының қазақша баламасы көркем шығармада басқа біреу шығармашылығының әсерінен байқалуы, соның «жаңғыруы» немесе басқа бір шығарманы еске түсіруіне алып келетін бір сипаты, әдетте бұл автордың бөгде образ, мотив, стилистикалық тәсілді интонациялық–ритмикалық жүрісті ерікті немесе еріктен тыс алып пайдаланылуының нәтижесі. М.Ысқақбаевтың «Ұят туралы аңыз» атты повесінде сонау бағзы замандардан да әрідегі біздің бабаларымыз тәу еткен «Тәңірі» туралы әңгімеленеді.

1.4 Халықтық дүниетанымның тағылымдық-тәрбиелік мәнін ашудағы этно-фольклорлық сарындар
Көне анимистік, тотемдік ұғымдар аталар аруағына табыну, киелеу, дүниеден көшкен жанның аруағын еске алып, қабірін қастерлеу дәстүрі қазақта күні бүгінге дейін жалғасып келеді.
Осындай киелі ой-түсінікті жазушы Әбділдәбек Салықбай «Құлпытастың киесі» атты әңгімесіне арқау еткен. Аталар аруағын қастерлеген халық марқұмның жерленген орнын да ерекше қадірлеген. Ата-баба қорымы – ата-баба сүйегі жатқан жер олардың мәңгілік мекен тұрағы ретінде жан-жақты қамқорлықпен күтілген. Қабірді бүлдіру ата-баба намысын қорлау, таптау боп есептеліп, қорлықтың ең үлкені саналған.

1.5 Азалау дәстүрінің көркем шығарма өзегіндегі орны
Азалау дәстүрін Т.Әбдіков сынды қаламгерлер кеңестік әдебиет тұсында да жан-жақты көрсете білген. Науқас адамның көңілін сұрау, өмірге үміттендіріп, көңілін аулаудан бастап, жерлеуге дейінгі аралықтағы дәстүрлі рәсімдер жүйесін қаламгерлік шеберлікпен қиюластырған Т.Әбдіковтің «Әке» атты повесінде әке жайлы толғаныстар перзент ой-көзқарасымен беріледі. Халі ауырлаған қарт әкені қаумалаған ауыл адамдарының жанашыр пейілі мен ықыласы біраз үміт отын жаққандай болғанмен, науқастың есін жиып, ел-жұртымен араздасуы – оқиғаның мұнан арғы өрбуінің кілті.

1.6 Этно-фольклорлық үрдістердің ұлттық образ жасаудағы рөлі
М.Әуезовтің әдебиеттегі ұлттық тұлға мәселесіне ерекше назар аударып кейіпкер парасатының интеллектілік тереңдігіне мән беру талабы қазақ прозасында жалғасын тауып отыр. Шығармадағы диалог арқылы берілген басқалардың Ахметжан ұста жайлы ой-пікірлері болашақ кейіпкердің кім екендігінен хабардар етеді.Жазушы Ахметжан ұстаның қолы ғана ісмер емес, ой-өрісі кең, өткен-кеткен тарихтан мол хабары бар жан екендігін аша түсу үшін ас үстіндегі оның әңгімесін береді. Әңгіме ішіндегі әңгімеден оқырман да ұсталық өнердің қыр-сырына бойлап, оны үйрену, меңгеру, сол жолдағы шыңдалу өнегесіне қаныға түседі. Шығармада Ахметжанның әңгімешілдік қыры, өткен мен бүгінді шебер қиюластырып, тағлымды тұстарын баяндай білетін өнері ерекше көзге түседі. Бұл үшін жазушы еске алу, еске түсіру әдістерін қаламгерлік шеберлікпен пайдалана білген. Ахметжан ұстаның аузымен шертілген әңгімесі арқылы Кітапбай шебердің асқан өнерпаздығы мен өз ісіне ыждағаттылығы, шәкіртін шеберлікке шыңдау жолындағы қатаң талапкерлігі танылады.Автор әңгіме сюжетіндегі еске түсіру әдісін тереңдете түсіп, ойдан ой өрбітеді. Сол арқылы Ахметжан кейіпкердің ұстазымен тұстас өмір сүрген шеберлердің тұтас бір тұлғасы сомдалады.

2 Қазіргі қазақ повестерінің мәселелері және характер мәселесі
2.1 1970-1980 жылдардағы қазақ повестерінің тақырыбы
Нағыз жазушы заманның көзі мен құлағы ғана емес, сонымен бірге оның ары мен иманы да. Ол өзінің өмірден көзімен көргенін, құлағымен естігенін баз бір дәл-дүріштер секілді мықшыңдап ақ қағазға көшіре бермейді, ең әуелі сол көргендерінің ең мәнділерін, жүрегі мен рухын толғантқандарын өз ары мен иманының сүзгісінен өткізіп, таразысына салып безбендейді, миы мен жүрегінің «мың градустық домнасында» (С.Мұқанов) балқытады. Суреткер кейде характер арқылы тақырыпты табады, ал тақырып пен характер өз кезегінде идеяға жол бастайды. Кейде көркем идеядан тақырып пен әдеби характердің, типтің туындауы да мүмкін. Көркем шығарманың қалай өмірге келетінін соны жасаушы суреткерден артық кім білуі мүмкін.

2.2 Қазақ повестерінің жіктелімі
1970-1980 жылдардағы таңдаулы қазақ повестерінің басты тақырыптарын шартты түрде бес блокқа бөліп жіктеуге болады. Олар – жоғарыда біз кеңірек тоқталған 1) ауыл 2) қала, 3) тарих, 4) шетел өмірі деп аталатын тақырыптар.
Күні кешеге дейін қазақ халқының басым көпшілігі ауылдар мен қам-қарекеті мен әлеуметтік жіктелуі сол ауылдарға ұксас шағын қалаларда тұрып келгенімен, туған жұртымыздың белгілі бір бөлігі осы жылдары республикадағы үлкен өркениет орталықтарына қоныс теуіп үлгерген болатын. Олар алыс ауылдар мен кенттерден оқу іздеп келген шәкірттер, ғылыми-техникалык революция дәуірінде жаңадан пайда болған мамандыққа бейімделіп кәсіп қуған жастар, сондай-ақ астанада, немесе облыс орталықтарында қызмет бабымен қалып қойған мемлекеттік, партиялық чиновниктер, интеллигенция өкілдері болатын. Бұлар, негізінен, маргинал тұлғалар-тын: оларды әлі ауылдардан біржола қол үзіп кеткен нағыз қалалықтарға жатқызу қиындау еді, екінші жағынан, істеп жүрген кәсіптері мен тұрып жатқан тұрақты саяси-әлеумеітік, қоғамдық орталарына қарап, қалалықтарға жатқызбау да қиянат болатын.

2.3 Прозадағы характер мен тип
Жоғарыда барлық талантты суреткерлер секілді 1970-1980 жылдарда жарық көрген таңдаулы қазақ баяндарының авторлары өз тақырыптарына алуан-алуан жолдармен, қилы-қилы бұралаң соқпактармен келді дедік. Алайда, осы тұста жазушы үшін тақырып табудың жалаң мақсат еместігін, тақырып оған өзінің окырманға айтар ең көкейкесті сыры - идеяны ашу үшін қажет екендігін айта кетуге тиістіміз. Ал, суреткердің жан сыры - идеяны жан-жақты толғап, жарқыратуға сәтімен табылған бір тақырып аздық етеді. Көркем шығарманың тақырыбын да, айтар идеясын да заттандырып, тірілтетін, оның бойына қан мен жан беретін сол туындылардағы характерлер мен типтер, образдар жүйесі. Такырып, характер, немесе тип, идея - бұл үшеуі бейнелеп айтқанда, көркем шығарманы шығарма ететін ошақтың негізгі үш бұты, қасиетті ұштаған. Әрине, көркем туындының композициясы да, сюжеті де, тағы да басқа толып жатқан компоненттері болашақ шығарманың керегесін жайып, шаңырағын көтеру процесінде аз міндет атқармайды, дегенмен характерлердің айшықты дараланып, тақырып пен идеяның сәтімен табылуы қашан да көркем әдебиет туындысы үшін шешуші рөл атқарады.

2.4 Қазіргі қазақ прозасындағы ұлттық идея
Соңғы жиырма жыл ішінде қазақ қоғамында болып жатқан түбегейлі өзгерістер әлеуметтік рухани өмірімізді жаңа белеске шығарды. Кеңес кезіндегі саяси шектеуден, социалистік реализм құрсауынан босаған қазақ көркем сөзі алғашында абдырап қалғаны рас. Мұның өзі қоғамда «қазақ әдебиеті тоқырауға ұшырады, бүгінгі заманның жедел даму қарқынына ілесе алмай қалды» деген пікірлер тудырды. Алайда көркем өнер тез күш жинап, уақыт көшінен қалмай, жемісті ізденістерге батыл кіріскенін зерттеу нәтижелері көрсетіп отыр. Ұшқыр да оңтайлы жанр – поэзияны былай қойғанда, шығармашылық толғанысы ұзаққа кететін проза жанры ширақ қимылдап, жаңа заман биігінен қарап жазылған бірқатар үлкенді-кішілі шығармалар жаңа тақырып, тың сюжеттерді алып келді.
Қазіргі қазақ прозасының көркемдік көкжиегі кеңейіп, шағын жанр әңгіме мен повесть жанрының болсын шығармашылық объектілері көбейді.

3 Тарихилық – көркем әдебиет дамуының негізі
3.1 Эпикалық шығармалар сабақтастығы
Қазақ жазба әдебиетінің қазіргі заманғы эпикалық түрлерінің (поэма, роман) тарихилықпен жазылуына эпикалық шығармалардың көркемдік негізі үлгі болғандығы ақиқат. Осы арада белгілі әдебиеттанушы-ғалым Н. Келімбетовтің сақ, ғұн дәуірі тарихи дастандарының поэтикасы хақындағы пікірі эпикалық жанр шығармалары табиғатының қалыптасу, даму эволюциясын түсінуге бағдарлайды: «Сақтар мен ғұндар дәуірінде өмірге келген жоқтау, мақтау түріндегі өлең үлгілері, мақал-мәтелдер, қанатты сөздер, бертін келе Түрік қағанаты тұсында жазылған ерлік жырларының шынайы көркем шығарма ретінде қалыптасуына үлгі-өнеге, модель-форма болды» [19, 11 б]. Бұл – қазақ әдебиетіндегі кейінгі көп жанрлы жазбаша дәстүрдің дамуына негіз болған үрдіс үлгісі.

3.2 Қазіргі қазақ прозасындағы тарихи шындық поэтикасы
Қазіргі қазақ прозасындағы тарихи шындық поэтикасы бағдарымен жазылған І.Есенберлиннің «Мұхиттан өткен қайық», Ә.Нұрпейісовтің «Соңғы парыз», 3.Шүкіровтің «Сыр бойы», Қ.Шабданұлының «Қылмыс», Д.Досжановтың «Ақ орда» Р.Тоқтаровтың «Абайдың жұмбағы», М.Мағауиннің «Мен», Б.Тілегеновтің «Тұйық өмірдің құпиясы», «1986 жыл», С. Елубаевтің «Ақ боз үй» және т.б. романдар ұлттық әдебиетіміздің әлемдік тәжірибедегі үлгілермен үндестігін айқын аңғартады. Аталған романдардағы ұлттық тарихымыздағы қайраткерлер тұлғаларының, оқиғаларының барлығы да шындықты көркемдік шешіммен өрнектеудегі қаламгерлер шеберліктерін, өзіндік мәнер- машықтарын танытады. Бұл орайда, белгілі әдебиеттанушы ғалым, профессор Т.Н.Рахымжановтың пікірі эпикалық шығармалардың мазмұны мен пішіні жүйесіндегі өмір шындығы бейнеленуінде авторлық ұстанымдар табиғатын түсінуге бағдар береді: «Қазіргі романның көркем бейнеленген объектісі – қоғамдағы әлеуметтік-психологиялық құбылыстар, адамның жан қозғалысы, орталық және қосалқы кейіпкердің ішкі «менінің» өсу, кемелдену эволюциясы болып табылады [28, 219 б]. Бұл пікір қазіргі қазақ романдарындағы тарихилықты, деректерді мол қамтып жеткізетін эпикалық авторлық баяндаулар болмысын дәйектей түседі.

3.3 XX ғасырдың 90-жылдары мен XXI ғасырдың бас кезіндегі қазақ прозасы
Қазақ әдебиетіндегі роман жанрының қалыптасу, даму жолында тарихи шындық эпикалық шығарманың сипатына тән басты поэтикалық ерекшелік ретінде колданылады. Әдебиеттану ғылымының теориялық қисыны бойынша, бұл өзекті мәселе көркем шығармалардың халық тарихын негізге ала жасалатын поэтикалық ерекшелігі тұрғысында бағаланады: «Тарихи шындық - өмір шындығының тарихи тақырыпқа арналған шығармадағы көркемдік көрінісі. Тарихи шындыққа қоғамдық өмірдегі нақтылы құбылыстар, болған уақиғалар, өмір сүрген тұлғалар арқау болады. Тарихтың, халық өмірінің шынайы болмысын елестету арқылы өткеннің сипаты танылады. Алайда, әдеби шығармадағы тарихи шындық - көркемдік бейнелеу тәсілімен берілетін өмір шындығы, яғни көркемдік шындық [26, 95 б].

3.4 Реалистік сипат пен көркемдік қиял
Адамдардың тұрмыстағы іс-әрекеттерін өзара қарым-қатынастарын табиғи болмысымен ала отырып, өнер психологиясы заңдылығымен суреттеу, бейнелеу, эпикалық баяндау, лирикалық әуенмен тұтастыра жазу – қаламгерлердің реалистік ұстанымын айқындайды. Академик З.Ахметов реализм көркемдік әдісі ұстанымындағы шығармалардың поэтикалық сипатындағы өмірлік болмыстың реалистік сипатпен, тарихи шындықпен негізделуін тұжырымдайды [26, 172-173 бб].

ҚОРЫТЫНДЫ
Зерттеу нәтижелерінде қазақ прозасының эстетикалық, тәрбиелік-тағылымдық қуатын арттырудағы этно-фольклорлық үрдістердің сан алуан формалары мен элементтерінің, сюжеттері мен сарындарының көркем туынды өзегіне жымдаса кірігіп, оның тұтастығының бір маңызды бөлшегіне айналғандығына көз жеткізілді. Кеңес дәуіріндегі зерттеулерде қоғамдық қысымға байланысты құлашын кең жазып, этно-фольклорлық үрдістер жайлы түбегейлі пікір білдіре алмады. Ал тәуелсіздіктен кейінгі жылдарда еркін ой құрсаудан арылған соң дәстүр мен салттың мәніне тереңдей бойлауға қалам иелері де қанаттана кіріскені байқалады. Сондықтан, қазақ прозасындағы этно-мәдени сипат көріністері дәстүрлі отбасылық құндылықтарды көркем тұрғыдан зерделеп, бүгінгі жас ұрпақты отбасын, отанын, ұлтын сүюге баулитын тәрбиелік-тағлымдық рөл атқарып, шығармаларда әке мен бала, ана мен қыз, үлкен мен кіші, жалпы ұлттық ерекшеліктерді суреттеу басымдық алды.