Қарахан әулетіне кемінде 2800 жыл. Парсы, түркі және қытай деректері осылай дейді
Тараз қаласының қақ ортасындағы Әулиеата Қарахан атымен белгілі билеушінің мазары осы кесене ішінде кім жатқандығы
туралы талай зерттеушілерді толғандырғандығы сөзсіз. Тіпті сонау қытай еліндегі небір сен тұр - мен атайын деген ғалымдар да Қарахан әулетінің шығу тегі және атауы туралы бірнеше ғасырдан бері қалам тербеп келеді. Мәселен, қытай ғалымдары Гын Шымин Қарахандар тарихына қысқаша шолу жасаса Вэй Лянтао Қарахан әулетінің шығу тегі мен оның атауы туралы жазған, ал сол мақалаларды қазақстандық ғұлама Қойшығара Салғараұлы «Таным тармақтары» атты жинақта жариялаған еді (Алматы, «Санат», 1998). Вэй Ляңтао « Қарахан әулеті біздің жыл санауымыз бойынша 840-1240 жылдар аралығында билік құрды», деп жаза келе әулеттің шығу тегі туралы әлем зерттеушілерінің еңбектеріне тоқталады. Ал, Гың Шымин «Ислам тарихы материалдары (жергілікті тарихи материалдарды қамтиды) бұл әулетті «қаған әулеті» немесе «хан әулеті», яғни «Афрасияб әулеті» деп атайды. Кейінгі атаудың тегі парсының әйгілі дастаны «Шаинаманың» аңызындағы Тұранның батырының аты деп айтылады. Сөйтіп Афрасияб атын түрік тіліндегі Алып Ер Тоңамен сәйкестендіреді. Осындағы «тоңа» атауы қарахандар әулетінің билігі белгісі ретінде үнемі қолданылатын атауы «табғашпен» қатысты. «Табғаш» деген атау -(күшті, пәрменді мағынасында) Қытайдың Солтүстік Вій патшалығын құрған алтай тіл жүйесінде сөйлейтін «жыба» деген ұлттың аты. Кейін келе бұл атты түріктер мен хуйху адамдары «қытай» деген атты білдіруге қолданған. Қарахандар әулеті билеушілерінің бұл атты қолдануы олардың шығыстағы отанын әсте ұмытпағанын білдіретіндігімен қатысты»,- дейді.
Бұл жөнінде австриялық ғалым Отто Прицак қарахандар әулетін қарлықтардан шықты деп санайды. Қарлықтар чігіл және ягма болып екі тайпаға бөлінген. Қарлықтар қытайлықтар мен арабтар арасындағы соғыста мұсылмандардың жеңуін пайдаланып, Жетісудағы түркеш жерлерін, түркештерге қарасты Шу бойындағы Суяб, сондай-ақ Талас қаласын жаулап алғаны тарихтан белгілі. Қарлықтар қытайлық Таң патшалығы мен оның одақтасы ұйғырлардың Тибетке қарсы күресін пайдаланып, үні ғасырдың екінші жартысында Қашқар аймағын басып алды. Мұнда қарлықтар 840 жылға дейін ұйғырлар қағанатына қарап келгендігін айта кету керек. Дәп сол жылы қырғыздар Қүлтегін, Тоныкөк жазуларында айтатын Өтікен тауын орталық еткен ұйғыр қағанатын тас-талқан етті. Бірақ қырғыздар ұйғырларды батысқа жер аударғанымен олардың . мекенін иемденбей, өздерінің жұртына қайтып кетті. Шаман дініндегі қарлық билеушісі қаған лауазымына ие болып, Баласағұнды астана етті.
Қазақ халқы әртүрлі той болып, жол-жораға кешкенде жалайырларға тек ұлы жүз ғана емес, бүкіл қазақ халқы ноқта ағасы ретінде ең бірінші үлесті, сыйды беретіндігі әуелі осы Афрасияб - Қарахан әулетін құрметтегендіктен болуы әбден мүмкін. Жалайыр Мұхали, кейбір деректер бойынша Майқы уәли - атақты Майқы би Шыңғыс ханның Қытайды, оның астанасы Пекинді жаулап апып берген бас қолбасшысы болғандығы тарихтан белгілі. Майқы бидің қолбасшы ұлы Бақтыяр есімі ұлы жүздің жауынгерлік ұранына айналғаны мағлұм. Жалайырлар Шыңғыс хан ұрпақтары 1258 жылы Бағдатқа дейінгі мұсылман елдерін күшпен бағындырғанда Иран да осы билеушілердің қол астына көшкен еді.
Осы орайда Әулие ата атанған қарахан кім деген сауал өзінен өзі туындайды. Қытай ғалымы Гын Шымин Қарахандар әулеті шамамен 1041/42 жылдары бақталастық салдарынан екіге бөлініп, шығыс, батыс тараптардағы түріктерге билік жүргізе бастады дейді. Шығыс Қарахан әулеті Қашқарды Ордакент деп атап, Баласағұнды астана еткен. Қашқарлық Махмұд ғұлама да, атақты «Құтты білік» дастанын жазған баласағұндық Жүсіп хас хажиб те осы шығыс қарахан әулетінен шыққандығы белгілі. Ал, батыс қарахандар әулетінің орталығы Самарқанд болды.
Сонымен, парсы, түркі және қытай деректерін өзіміздің ата-бабаларымыз Дулат Мұхаммед Хайдар мырзаның, қашқарлық Махмұд ғұламаның, баласағұндық ақын Жүсіптің қазір қазақша аударылған еңбектерімен салыстыра пайымдағанда қазақ халқының тарихы оның құрамындағы жалайыр қарахандар әулеті арқылы тарихтың кемінде 2800 жыл тереңіне кететіндігіне кез жеткіземіз. Биыл негізі қаланғанына - 2000 жыл, ал, шындығында 2044 жыл толып отырған Қазақстанның ең байырғы қаласы Тараздың тарихы -халқымыздың тарихының темірқазығы деген Елбасымыз Н. Ә. Назарбаевтың уәлі сөзі ақиқат екендігін сөзсіз мойындаймыз.