Сақтандыру нарығының қарқынын республика бойынша рейтингтік бағалау
Қаржы нарығының ең маңызды салаларының бірі - сақтандыру нарығы. Сақтандыру дегеніміз - екі жақ тәуекелге бара отырып, бір жағы екінші жағын сақтандыруға келісімін беретін кәсіп. Сақтандыру адамдарды әр түрлі қауіп-қатерлер мен апаттардың залалдарынан қорғаудың бұрыннан келе жатқан әдісі. XVIII ғасырдың ортасында - ақ мүліктер мен жеке бастарды сақтандырудың 100-ден аса түрін жүзеге асырып үлгірген көптеген кәсіпқой сақтандыру қоғамдар пайда болды.
Қазақстанның сақтандыру нарығының тез өсу қарқынының үрдісі өткен кезеңде сақталды, бұған экономиканың корпоративтік секторы тарапынан сақтандыру өнімдеріне жоғары сұраныс, міндетті сақтандыру түрлері көлемінің өсуі, ипотекалық кредиттеудің өсуі себепші болды.
Қазіргі кезде сақтандыру нарығы зейнетақы және банк секторларымен салыстырғанда қаржы секторының неғұрлым аз бөлігіне (активтерінің мөлшері бойынша сақтандыру секторы зейнетақы секторынан 6 есе және банк секторынан 63 есе аз) ие болып отырғанына қарамастан, негізгі көрсеткіштер бойынша жоғары өсу қарқынын көрсетуде және сақтандыру заңнамасындағы бірқатар өзгерістерге және нарыққа шетелдік ойыншылардың келуіне байланысты өспелі бәсекелестікті бастан кешіруде.
Қазақстанның сақтандыру компаниялары 2008 жылы жинақтаған сыйлықақылардың жалпы көлемі 147,3 миллиарда теңгеге жетті, сәйкесінше, өсім 22,5% құрады. Жиынтық активтер 2009 жылғы қаңтардың 1-не 223,5 миллиард теңге құрады. Жиынтық активтер өсімі 65%. Жекеменшік капиталдың жиынтық мөлшері 126,2 миллиард теңгеге жетті, өсім 57,5% құрады. Сақтандыру резервтерінің жалпы сомасы 86,4 миллиард теңге құрады, бұл өткен жылғы қаңтардың 1 - інде қалыптасқан резервтер көлемінен 88,8%-ға артық болды.
Сақтандыру компанияларының қайта сақтандыруды сатып алуының басты себептерінің бірі өздерінің капиталдық базасын күтілетін шығын мөлшерлерінің айтарлықтай ауытқуынан қорғау болып табылады. Қайта сақтандырудың сақтандырушылар үшін айтарлықтай маңызы бар. Ол капиталға түсетін жүктемені азайтуға көмектеседі, тәуекелдерді және капиталды тиімді басқаруды жүзеге асыруға мүмкіндік береді, сондай-ақ қайта сақтандырушылардың әзірлемелеріне және қызмет көрсетулеріне, әсіресе жаңа өнімдерді әзірлеу, баға белгілеу және андеррайтинг саласына кіруге рұқсат ашады.