Жәнібек хан (1473-1480)
Жәнібек Әбусағит (туған жылы мен өлген жылы белгісіз) - Қазақ хандығы мен қазақ хандары әулетінің негізін қалаушы, Барақ ханның ұлы, Орыс ханның шөбересі. XV ғасырда өмір сүрген. XV ғасырдың 50-жылдарына дейінгі өмірі мен қызметі туралы нақты деректер жоқ.
1456 жылы Дешті-Қыпшақта шайбанид Әбілхайыр билікті қолына алған соң, көшпенді халықтың Жәнібек пен Керей бастаған бір бөлігі Моғолстанға қоныс аударып, Шу мен Қозыбасы өзендерінің аңғарында орын тепті. Моғолстан ханы өз қарсыластарымен болатын күресте көмектесер деген есеппен қазақ басшыларымен одақтас болды. Өзара қырқысулар мен соғыстардан жапа шеккен 200 мыңға жуық көшпенділер Жәнібек хан мен Керей ханның маңына топтасты, олардың билігінің күшеюі 1468 жылы Моғолстанға әскери жорық жасамақ болып, бірақ жол үстінде кенеттен қайтыс болған Әбілқайырға олар тарапынан қауіп төнуі мүмкін деген ой салды.