Тынышбаев Мұхаммеджан
Тынышбаев Мұхаммеджан (1879-1937) – қоғам қайраткері, қазақтың тұңғыш теміржол инженері, тарихшы ғалым, ІІ Мемлекеттік Думаның депутаты, Қоқан автономиясының басшысы, Алашорда үкіметінің мүшесі. Туған жері – бұрынғы Жетісу облысының Лепсі уезіне қарасты Мақаншы – Садыр болысындағы Жыланды тауының етегі, қазіргі Алматы облысының Қабанбай ауданы. Оқып, білім алу үшін уез бастығының тізіміне қазақтың кедейі түгіл, бай баласының ілуде, біреуі зорға ілігетін сол бір қиын кезде кедей шаруа Тынышбайдың баласының Верный қаласындағы ерлер гимназиясының екі жылдық дайындық класына алынуы айтарлықтай ерекше оқиға еді.
Қазақ тарихының білгірі М.Тынышбаевтың көзқарастары мен еңбектері жалпы қазақтың, оның мәдениетінің тарихын дамытуына елеулі үлес қосты. Ол қазақ халқының шығу тегін анықтау үшін оған қатысты деректерді ұзақ жылдар бойы жинақтайды да оны кейінірек қазақ шежіресін жазуға негіз етеді. М.Тынышбаевтың "Қазақ халқының тарихы" еңбегі ХХ ғасырдың басындағы қазақ халқының тарихын зерттеуге елеулі үлес болып қосылады. Бұл еңбегі жөнінде зерттеуші Озғанбаев "Қазақтың тарихи жазба дәстүрлері М.Тынышбаевтың қазақ руларының шығу тегі туралы еңбектерінен бір саты жоғары деңгейге көтерілді" деп жоғары бағалайды.
Ғалымның ғылыми-шығармашылық ой-әрекетінен туындаған ғылыми еңбектерінің сол дәуірдегі және қазіргі кезеңдегі бағалану дәрежесінің деңгейін тарихнамалық, әдістемелік зерттеулер аңғартуда.
М.Тынышбаевтың өмірі мен қоғамдық-саяси қызметін зерттеуге арналған еңбектер ХХ ғасырдың 20-жылдарынан жазыла бастайды. Мәселен ол жөніндегі алғашқы пікірлер сол кезеңдегі мерзімдік баспасөздерде кездеседі.
ХХ ғасырдың бас кезінде қазақ зиялыларының басын бір мақсатқа жұмылдырып, солардың қалың үнін жұртшылыққа жеткізіп отырған "Қазақ" газетінде (1913 жылдан Орынборда шыға бастаған) М.Тынышбаев туралы былай деп жазылады: "М.Тынышбаев – II Государственный Дума ағзасы, инженер. Саясат ісіне жетік, халыққа таза жолмен қашаннан қызмет етіп жүрген алдыңғы қатар зиялы азамат. 25-июнь жарлығы тақырыпты Жетісуда бүліншілік болғаннан бері М.Тынышбаев көзге көрінерлік көп пайда келтіріп жүр. Былтыр Түркістан уәлаятында Куропаткин генерал-губернатор болғандығын, мәселенің бәрі Жетісу қырғыз-қазағында емес, жергілікті хакімдердің жауыздығынан болғандығын Куропаткинге жете түсіндіруші Мұхаметжан. Түркістан уалайатындағы қазақ, қырғыздардың жерін Жетісу, Переселен мекемесінің зиянды саясаты бойынша мұжыққа алынғандығын, жергілікті халықтардың тау мен тасқа қамалып қалғандығын һәм мұнан былай да жер алынатын болса, қазақ пен қырғыз аса таршылықта қалатындығын дәлелдеп доклад жазған Мұхаметжан".
М.Тынышбаевтың "Қазақ халқының тарихы" еңбегін талдау барысында біз ғалымның қазақ халқының шежірелік тарихы бойынша жазған еңбектерін тарихнамалық талдау негізінде қолдандық.
Марк Блок "тарихшы сот емес, ол өлген қаһармандарды мақтап не даттауға тиіс емес, ол тек шындықтың құлы, ардың пірі. Қалай болғанда да тарихшы адам болмысын әлеуметтік психология жағынан зерттесе, шығарма толыққанды болары даусыз" деп көрсеткендей, М.Тынышбаевтың еңбектеріне ғылыми тұрғыдан талдау жасағанда мейлінше әділетті болуға тырысып, халықтың шежірелік тарихын жазуға үлес қосқан ғалымдар еңбектерін түгел қамтыдық. Ондағы мақсатымыз М.Тынышбаевтың жан тебіренісі мен ой-өрісінің даму заңдылығын, ғалым өскен заманы мен ортасында шежірелік тарихтың концептуалды проблема ретінде қаралу орнын айқындауды мақсат еттік.
Пайдаланылған әдебиеттер.
1. История и историки // Историография истории СССР. М., 1965.
2. "Сана" журналы. 1923 ж. қаңтар, 1-саны.
3. И-69-қор, 1-тізім, 53-іс, 3-8-беттер.
4. Тынышбаев М. Материалы истории киргиз-казахского народа. Ташкент, 1925.
5. Қозыбаев М. Тарих зердесі. А., "Ғылым", 1998, II том. 5-бет.
6. К.Нұрпейіс. Алаш һәм Алаш Орда. А., 1995; М.Қозыбай. Ақтаңдақтар ақиқаты. А., 1992.; М.Қойгелдиев. Алаш қозғалысы. А., 1995.; Т.Омарбеков. 20-30-жылдардағы Қазақстан қасіреті. А., 1997.
7. М.Қозыбаев. Ақтаңдақтар ақиқаты. А., 1992.
8. Т.Жұртбаев. Талқы. А., 1997, 368-бет.
9. М.Дулатов. "Қазақ, қырғыздың ата-тегі туралы" // "Қазақ әдебиеті". 1993, 21-22-наурыз.