Алтынайұлы Қарасай батыр (1589-1671)
Алтынайұлы Қарасай (1589-1671) – қазақтың қаһарман батыры, әйгілі қолбасшысы, есімі шапырашты руының ұранына шыққан аса көрнекті тарихи тұлға. Қарасай батыр Алматы облысының Жамбыл ауданына қарасты Суықтөбе тауының етегінде Қарасаз деген жерде дүниеге келіп, арқа жерінде Көкшетау үшін болған шайқаста ауыр жараланып дүние салған. Топырақ Көкшетау алабындағы Айыртау сілемінің Құлшынбай деп аталатын төбесінен бұйырған. Қасына өзінің қанды көйлек досы арғын Ағынтай батыр жерленген. Қос арыс - шапырашты Қарасай мен арғын Ағынтай батырға және олармен бірге қанды шайқаста қаза болған сарбаздарға қос күмбезді кесене орнатылған (1999).
Қазақ халқының тарихи тұлғаларына деген марапат-құрметінің соншалықты баянды екені қайран қалдырады. Өлетін малмен, тозатын дүниемен алдарқатпайды, еліне лайық ер туса, олардың есімін тұтас ру мен киеі туған жерге бұйыртып отырған. Онысы жеріміз бүтін, еліміз аман болса, біртуар ерлердің де есімі ұмыт болмайды дегені болуы керек. Қазақ халқының мұндай мәртебеге лайық перзенті Қарасай батыр екенін тарихтың өзі дәлелдеп отыр.Қарасай Алтынайұлы – Жетісуда жоңғар шапқыншылығына қарсы азаттық соғыста қол бастаған батыр. Алатау бөктерінде туып өскен. Ұлы жүз Шапырашты тайпасының Есқожа руынан. Қарасай батыр Қарғалы, Ұзынағаш, Қастек, Жиренайғыр, Ырғайты өзендері бойындағы, Қарақия, Ақтасты, Сарыжазық, Суықтөбе тауларындағы ұрыстарда жау шебін бұзып, суықтөбе басына туын тіккен.
Қарасай батырдан алты бала қалды. Олар: Әуез, Өтеп, Көшек, Түрікпен, Еркен, Төркен. Соңғы екі баладан ұрпақ қалмаған. Бірақ екеуі де есейіп, азамат болғанда өлген. Әкесінің елу жасында туған егіз ұл Алтынай тұқымы Арқаға барған соң бір күнде мерт болған. Екі бірдей ұлының қазасы әке өлімін тездете түскен. Талай өлімді көріп, талай өлікті қолымен ұстаған Қарасай батыр: «Өліп көрген жоқпын, одан басқаның бәрін көрдім десем, әлі көрмегенім көп екен ғой» деп екі баласына қатты қайғырған. Қарасай екі ұлдың қырқына жетпей қайтқан. Қазақтың Қарасай батырының жылын берген соң Ағынтай батыр да дүние салған. Оны да Қарасай батыр қойылған бейітке жерледі.
Әдебиеттер:
Қарасай батыр (Тарихи зерттеулер, өлең-жырлар) / Құраст. С.Абаев, С.Дәуітұлы, Р.Терлікбаев.- Алматы: Санат, 1998.- 240б.
Қарасай батыр Алтынайұлы // Түркістан: Халықаралық энциклопедия.- Алматы,2000.- Б.409