Загрузка страницы

Для Казахстана

Курсовые

Дипломные

Отчеты по практике

Расширенный поиск
 

Предмет: Қазақстан Республикасының тарихы

Тип: Реферат

Объем: 15 стр.

Полный просмотр работы

Қазақтың текті қыраны

Талғат Бигелдиновтің еншісіне ерекше тағдыр бұйырған
Ол тағдыр – қазақтың текті қыранының тағдыры. Қыран бүркіт қашан да мәрт келеді. Қыран мекені қияда. Қыран аңсары – күн астындағы шексіз, шетсіз кеңістік. Қыран самғауы зеңгір көктің төрінде. Қыранның шырқау биікті көксемейтін күні жоқ. Мұзбалақ қыран тұғыры – мәңгілік мұзарттар. Қазақтың текті қыраны, жеті қат көкте жаумен қисапсыз жағаласқанда жүрегі әсте шайлығып көрмеген, ел бағына туған қаһарман ұланы Талғат Бигелдинов даңқының, соны сүйіншілеп қуанған халық мерейінің биігі екі дүркін Кеңес Одағы Батыры жұлдыздарының сөнбес жарығымен сараланады.
Қарт қыран бүгінде сексеннің жетеуінде. Әлі де сол мұзарттағы тұғырында. Мәшинесін өзі айдайды. Көптен бергі сүйікті хоббиі – бал арасын бабымен ұстап, омартасын Алатау аңғарларында мұқияттап сайлайды. Жетпістен асқанда күркіреп жауға шапқан баяғы Бөгенбай бабасындай “Бетін аулақ қылсын, бірақ күн туа қалса ұшаққа отырып қайтадан самғауға әзірмін!” деп ширығуынан-ақ қайтпаған батыр сұсы білінгендей. Соған қарамастан батыр көңілі баладай риясыз. Күркірей күлімсіреген батыр ағаның бала мінезінен қилы-қияпат жылдарға мойынсұнбаған жан тазалығын танығандай жадырай түсеміз. Осынау қыран қазақпен аз-кем де болса әңгімелескен адам оның сөзінен, мінезінен ертегі батырларының ерекшелігін байқамай тұра алмас еді. Өзіміз байқадық.

Үш жүз бес рет жауынгерлік тапсырмамен ұшып, ұрыс салып майдандасты деп айтуға ғана оңай. Басты гәп жан алып, жан берісе жағаласқан сол жанталастарда жеңіп шығу болса, Талғат соғыста 305 рет жеңіске жетті, жауынан мерейін 305 рет үстем етті. Ерліктің мақсаты әрдайым жеңіске жетіп отыру болса, сол қасиетті мақсат биігіне Бигелдинов мәрттікпен көтеріле білді. Ол жер жастандырған жау саны, талқандаған техника мен жабдық-жарақ, дұшпанды ойрандатқан шығын молая берді. Бір өзі алғашқы он ұшу жорығында-ақ дұшпанның Демьян тобындағы 10 автомәшинесін, 2 зеңбірек, 4 дзотын, 100 шақты гитлершіл мен бір жойғыш-қырғиын құртып жіберген. Сол ерлігі үшін ең алғаш рет Екінші дәрежелі Отан соғысы орденін алды.

Бүгінде Талғат Жақыпбекұлы тәуелсіз елінің өркендеріне қуанулы. Халық құрметіне бөленген. Елбасы да ілтипатынан әсте қалдырмайды. Егемен елінің де марапаттарынан кенде емес. “Отан”, І дәрежелі Даңқ ордендерімен мерейленуі соның айғағы. Ақтөбе Жоғары азаматтық авиация ұшқыштар институты мен Қарағанды республикалық авиациялық училищесіне екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигелдиновтің есімі берілген. Бірнеше қалалардың құрметті азаматы. Ел өмірін қадағалап, үн қосып отырады. Кейбір өкпе-назы болса ішінде шығар, сыртқа шығармайды.