Уәлиханұлы, Шоқан Шыңғысұлы
Уәлиханұлы, Шоқан Шыңғысұлы (1835-1865) - қазақтың ұлы ғалымы: ориенталист, тарихшы, фольклоршы, этнограф, географ, ағартушы, демократ. Шын аты - Мұхаммед Қанафия.
Әжесі бала күнінде «Шоқаным» деп еркелетіп айтуымен, «Шоқан» аталып кеткен.
Шоқан 1835 жылдың қараша айында қазіргі Қостанай облысының Құсмұрын бекетінде туған. Әкесі Шыңғыс Уәлиханұлы сол жерде аға сұлтан болған. Өз атасы Уәли де хан болған. Арғы атасы қазақтың ұлы ханы Абылай, Шоқан оның шөбересі. Шоқанның балалық шағы Сырымбет тауының баурайында өткен.
1852 жылы Костылецкийдің көмегімен Шоқан көрнекті шығыс зерттеушісі, Петербург университетінің профессоры Березин танысады. Березин Шоқан жинаған қазақтың ауыз әдебиеті нұсқаларын, «Қозы Көрпеш Баян сұлу» жырын алған, ал өз тарапынан Шоқанды ескі жазу ескерткіштерін зерттеу ісіне тартқан. Березиннің тапсырмасы бойынша Тоқтамыс ханның «Жарлығына» талдау жасайды. Бұл оның алғашқы ғылыми еңбегі еді. Жастығына қарамай, оның білімдарлығын, әсіресе, шығыс әдебиеті мен тарихын жақсы білетіндігін сол кездегі орыс ғалымдары да жоғары бағалап, мойындай бастаған болатын.
Кадет корпусын он сегіз жасында бітірген Шоқан Батыс Сібір генерал губернаторының кеңсесінде қызметке қалдырылады. Бір жылдан кейін Батыс Сібір мен Қазақстанның солтүстік шығыс аудандарын басқаратын генерал губернатор Гасфорттың адьютанты болып тағайындалады. Осы қызметті атқара жүріп, ол Орта Азия халықтарының тарихын, этнографиясы мен жағрафиясын зерттеуге белсене араласады.
1858 — 1859 жылдары Шоқанның Қашғарияға сапары ғалымдық, ағартушылық саласындағы еңбегінің жаңа белеске көтерілуіне жол ашты. Қашқария ол кезде Ресей тарапынан зерттелмеген өлке болатын. Қоқан хандығының Қашқардағы консулы әрі саяси резидентінің көмегімен Қашқардың экономикалық саяси құрылымын зерттеп, бұл халықтың тарихы мен этнографиясынан көптеген материалдар жинайды. Қашқар сапарынан «Алты шахардың, яғни Қытайдың Нан лу провинциясының шығыстағы алты қаласының жайы» атты еңбегі дүниеге келді. Бұл Шығыс Түркістан халықтарының тарихына, әлеуметтік құрылысына арналып, сол заман ғылымының биік деңгейінде жазылған әлемдегі тұңғыш зерттеу жұмысы еді. Ұзамай ол Германияда, Англияда жарияланады.
Бірақ ол сол аз ғұмырында адам қабілетінің ғажайып мүмкіндіктерін, гуманизмнің биік өресін, ұлтжандылықтың жалтақсыз үлгісін, ғылыми қабілет пен алғырлықтың қайран қаларлық өнегесін барша болмысымен, нақтылы іс әрекетімен дәлелдеп үлгерді.