Сүйінбай Аронұлы (1815-1898)
Сүйінбай Алматы облысының Жамбыл ауданы, Қарақыстақ ауылында дүниеге келген, сонда қайтыс болды. Қазақ халқының ақыны, айтыс өнерінің шебері.
Ол айбынды айтыскер ақын және батырлық эпостарды жырлаудың шебері болған. Өтеген, Қарасай, Сұраншы, Саурық сынды қазақ батырлары турасында қаһармандық дастандарын дүниеге келтірді. Оның Тезек төре және Катаған ақындармен айтысы да дүйім жұртшылыққа мәлім. Бұл айтыстарда ол орын алған әлеуметтік мәселелерді арқау етіп, ерекше орындаушылық дарыны мен суырып салма ақын екенін паш етті.
Сүйінбайдың Тезек төремен кездесуі - кейінірек, ақынның ер жетіп, елге танылған шағы. Қалың бұқараға сүйенген ақын тайсалмай сөйлеп, Тезек төрені де жалайырдағы Солтанға ұқсатып ел алдында әшкерелеп, бас көтертпей жалынды сөзінің күшімен бөгеп отырады. Тіпті көрші қырғыз халқының қанды балақ, орақ ауыз Орман хан тұқымдарының орынсыз істерін де батыл сынайды. Ол шындық үшгін күресіп, хан-төре тұқымының қылмыстарын бетіне басадй. Әр түрлі дауға түсіп, әділ қазыдай әмірлі билік айтады.
Ақынның бұлайша ел ісіне араласуы оның қоғамдық бетін айқындайды, бетіне адам қаратпаған әрі ақын, әрі әкім төренің аузын буып, оның төріне именбей шығып, табағынан ас, малынан бас беруге мәжбүр еткен - Сүйінбайдың тас жібітер өткір де батыл тілі. Табиғатынан талантты ақынға ел артқан сенім, ол көрсеткен сый-құрмет өшпес даңқ әперіп, бойындағы сарқылмас талант бұлағының көзін ашты. Ақын енді үй айналасыңдағы әкесінің шағын шаруашылығымен айналыспай, ағайын арасы ұсақ дау-шарға бөгелмей, ел кезіп, өмір көру, ділмар-шешен ақындармен кездесіп, олармен дидарласу арманын алға қояды.
Сүйінбайдың өмірбаянына қатысы бар кейбір мәліметтерді жазушы С. Бегалиншң Жамбыл Жабаев өмірі туралы қолжазба кітабынан да ұшыратамыз. 1955-1960 жылдары біз Сүйінбай шығармаларын жинау жұмысына араласып, сол кезде көзі тірі көп ақындармен кездесіп, жаңа шығармаларының көзін таптық. Әсіресе, халық ақыны Әбдіғали Сариев табыс еткен Сүйінбай өлеңдері қүнды боп шықты. Онда бұрын жарияланбаған көптеген мәнді шығармаларына кезіктік. Бұрын баспаға шыққан кейбір туындыларын жаңа табылған нұсқамен салыстырып, олардың өзгешеліктерін тексеріп, түпкі асыл арнаның негіздерін табыс еттік. Біз салыстырған ақынның Тезекке айтқаны, кәрілік, Сарыбасқа, сары атқа айтқан арнауларынан біраз өзгешеліктер байқалады. Бірақ олардың жалпы сарыны бір.
Сүйінбай - өзі туып-өскен еңбекші халық ортасында жасап, сол ортадан тәлім алып, жетілген өнер саңлағы, дәуір қайшылықтарын аша да жырлай да білген шыншыл ақын. Оның шағармалары - өзінің өміршендігі мен көркемдігі мен құнды.