Әйтеке би.
Қазақ сахарасының қай тарабынан көз салсаң да жанарыңа әуелі сол үшеуі ілігетін.
Иә, ол да үш арыстың тірегі, үш асылдың бірі еді.
Дүние жалған десейші!
Мәртөбе мен Күлтөбеде күнде жиын кезеңде алты алашты аузына қаратқан сол үшеуін де күндердің күнінде біреу білсе, біреу білмейтін болады деген кімнің ойына кіріп шықты дейсің?! Өздері түгілі астарындағы аттарының мінезін, қолдарындағы қамшыларының сыр-сипатын әркім-ақ жазбай танымас па еді?! Ал енді сол үш бәйтеректің өзін бірде шалса, бірде шалмайтын, бірде таныса, бірде танымайтын көз қанша?! Үшеуінің жұбын жазбай танитын жанар, үшеуінің қасиетін айтпай ұғынатын көкірек жылдан-жылға азайып, есін енді жиған ел-жұрт үшін тайға басқан таңбадай мағлұмат беретін көре қалған, ести қалғандардың өзі таусылып бітуге айналған.
Бір ғасырда, бір кезеңде, бір мақсат жолында тізе ажыратпай бірге күрескен үш сабаздың тағдыры үш қилы болғанға ұқсайды.
Біреуі асарын асап, жасарын жасап, ағайын ортасында, сонау пейіштей әсем Баянауыл аймағында дүние салып, әуелі аманат ретінде сол араға қойылып, артынан Түркістандағы Әзірет Сұлтанның киелі қорымына әкеліп, жерленеді.
Біреуі төбе би болып қана қоймай, өле-өлгенше бір ұлыстың төре билеушісі бола жүріп, қастандыққа ұшырап, шәйіт кетеді де, исі түркі байтағы Шаш шаһарының қақ ортасынан топырақ бұйырып, үлкен-кіші бірдей тәуеп етер әулие атанады.
Бағзы дастанның суреттеп отырған кезеңін тарихи деректер де тап осылай сипаттайды. Қалдан Бошақтың тұсында жоңғарлар Жетісудың көп жерін иемденді. 1684 жылы оның бас қолбасшысы Сыбан Раптан Сайрамды алып, күл-талқан етті. Егер жорық сол қарқынымен жүре бергенде, қазақтардың жағдайы не болары белгісіз еді. Бірақ сол кезде қонтайшы мен Қытай арасындағы қарым-қатынастың қатты шиеленісуі жоңғарлардың басты назарын басқа жаққа аударып әкетті. Қазақ майданында толас туды. Сол кезде қазақтар қалмақтардың мұншама еңсере қимылдауының сырын дұрыстап ұға бастады.
«Торғауыт жоңғар, ойрат – бәрі қалмақ,
Орыстар мен қытайды жүрген алдап,
Сол екі елден алған соң дәу мылтықты,
Келеді жолдағы елдің бәрін жалмап», – деп Қожаберген айтқандай, жоңғарлар ол кезде қазақтардан екі түрлі себеппен басым түсті. Бірінші, Орал тауларынан Тынық мұхитқа дейінгі байтақ кеңістікке бірдей көз сүзіп отырған Ресей мен Қытайдың арасында іштей бәсекені шебер пайдалана білді; соның арқасында өздері жасай алмайтын мықты қаруларға ерте ие болды. Осыны анғарған Тәуке жоңғар-қытай соғысына байланысты талас жақты пайдаланып, орыс әкімшілігінің көңілін табуға, сол арқылы оны өзіне саяси одақтас етіп, қару-жарақ бөлісуді көздеді. Тек 1686–1693 жылдардың өзінде Сібірге бес рет елшілік жөнелтті. Ал, 1693 жылы Қалдан Бошақтыға у беріліп, өлтіріліп, жоңғарлар арасындағы таққа талас қызған көзде, елші аттандыруды бұрынғыдан да жиілетті. Бірақ ол әрекеті ешқандай нәтиже бермеді. Өйткені, Ресей өзінің негізгі бәсекелесі қытайлармен алысып жатқан астыртын одақтасы Жоңғарияны әлсіреткісі келмеді. Екіншіден, тездетіп «Жаркент алтыны» мен «Үнді алтынына» жетіп алу үшін Еділ қалмақтарының башқұрттардың, шет аймақтағы қазақтардың қазақ даласына біртіндеп басып кіруіне жағдай жасағысы келді. Үшіншіден, қазақ билеушілерінің арасында Ресеймен одақтас болуды қаламайтын қарсы күштердің бар екенін жақсы білетін еді. Тәуке ордасындағы «Ресеймен тату болуды» жақтайтындар мен «Ресеймен араздықты» жақтайтындардың арасындағы тайталастың салдарынан 1692 жылы жіберілген А. Неприпасов, В. Кобяков, 1694 жылы жіберілген Ф. Скибин, М. Тришин елшіліктерінің қамауға алынып, елші А. Неприпасов пен тілмаш Оразай Түркістанда қайтыс болып, елшіліктің қалған мүшелері 1695 жылы зорға қашып құтылып, 1697 жылы Тобыл қаласына әзер жеткенін де ұмытпаған еді. Бұл – Ресей әкімшілігі үшін нағыз іздегенге сұраған болатын. Мұндай дүрдараздықтан түбінде Ресей емес, қазақтар зардап шегерін жақсы білетін. Өйткені, Ресей 1552 жылы Қазанға басып кіргенде де, 1873 жылы Хиуаға басып кіргенде де дәл осындай «орыс елшісі мен орыс тұтқындарына» көрсетілген зорлықты тілге тиек еткен-ді. Жалпы, болашақта қол салуды ойлап жүрген көрші елдерінен алдын-ала осылай ілік шығарып қою барша империялардың, соның ішінде патша империясының да кәнігі әдеті еді. Онсыз да жан-жағынан жау анталап, жаны алқымға келіп отырған қазақ хандығымен қырғи-қабақ жағдай ол кезде Ресей үшін стратегиялық жағынан да, тактикалық жағынан да әбден тиімді еді. Сондықтан да ол қазақ хандығының дипломатиялық табысқа жетіп, сыртқы факторларды пайдалана отырып, әлсірей бастаған ахуалын қайта күшейтіп алуына жол бергісі келмеді. Қазақ руларының Еділ, Жайық, Есіл, Тобыл, Ертіс бойындағы «казак бекіністерін жиі мазалайтындарын» тілге тиек етіп, қабақ жылытпауға бел буды. Тәуке ұсыныстарының бәрін аяқсыз қалдырды. Ол аз дегендей, қазақ даласына батыстан, терістіктен, шығыстан тіпті күнгейден жасалар қысымшылықтарға астыртын дем беріп отырды. Қожаберген дастанында да «Ағайын ел Естектің» де, Қоқан, Хиуа, Бұқардың да, «Еділдегі үбашы қалмақтың» да өз-өзінен қоқаңдап жүрмегендегі әдемі айтылған. Қолдарыңда қаруы бар Ресей мен Қытайдың қазақтың өзіне ғана «шөл», жан-жағындағы жұрттардың бәр-бәріне «көл» бола қалуының сырын да ақын дұрыс аңғарған:
«Қазақтың сахарасы жүз құлпырған,
Қытай мен орыстарды кызықтырған».
Арғы-бергіде қазақтардың халықаралық жағдайының мұнша шиеленіскен кезі болған емес. Соны пайдаланып, 1697 жылы қонтайшы болған Сыбан Раптан таққа отыра сала, Тәукемен алысуға бел буды. Бұл қазақ қауымын қатты тітіркентті. «Қайткенде аман қаламыз?» – деген сауал кім-кімді де қинады. Әйтекенің де әлгіндей тебіреніске түсуі сол кездің ахуалына сәйкес келеді. Оны осынша тебіренткен мәселелер 1710 жылы қазақ жүздерін Қарақұмда бас қосуға мәжбүр етті. Онда «Қазақ енді қайтуы керек, мұндай жағдайда қазақ әскерін кім басқаруы керек?» – деген мәселе талқыланды. Қожабергеннің айтуында, Әйтеке өзі айтып жүрген «бір көсемге бағынатын күнді», «көсем сайлайтын күнді» көре алмай кеткенге, ал ол келгесін оның өсиеті орындалмай қалғанға ұқсайды. Соған қарағанда, ол Қарақұм құрылтайынан бір жыл бұрын дүние салғанға сәйкеседі. Ендеше, Әйтеке 1653 жылы туған болып шығады. Ондай жағдайда жас шағынан Төле биден де, Қазыбек биден де үлкен болып шығады. Бәлкім, Қожаберген «Әйтеке боларын осы апаттың біліп кетті», – деп, 1723 жылғы «ақтабан шұбырындыны» айтып отырған шығар. Онда Әйтеке би 1666 жылы туып, 1722 жылы дүние салған болып шығады. Олай болған күнде де, Қазыбектен бір жас қана үлкен, Төле биден үш жас қана кіші болып шығады. Бәрібір, үш бидің ішіндегі ең жасы кішісі болмайды. Бірақ ондай жағдайда, дастанда айтылатын «көсем сайлау» жиырмасыншы жылдардың аяқ кезіндегі Ордабасыда болатын құрылтайға меңзеп тұрғандай болар еді. Оның реті келмейтін тәрізді. Өйткені, бүкіл дастанның сөз ләміне қарағанда, ондай көсем сайлау Әйтеке өлгесін іле-шала өткендей. Сонда атақты бидің өсиеті аяққа басылып, ғаскер басы қарадан емес, төреден сай-ланғандықтан 1723 жылы жауға тойтарыс бере алмай, ел тоз-тоз болып кеткендей көрінеді. Ендеше әңгіме 1710 жылғы Қарақұм құрылтайында Әбілқайырдың ғаскер басы болып сайлануы хақында болса керек. Өйткені, Ордабасыдағы жиындағы Малайсары турасында:
Билік жолындағы күрес қай тұста да болған. Тізгін ұстағандар алысты екен деп олардың қол астындағы халықтарды да алыстырып қоймайық. Әңгіме болып отырған кезеңде жүз бен жүз, ру мен ру алысқан жоқ. Жұрт сұлтандардың шашбауын көтеруші болмай, оларды айтқандарына жүргізе білді. Әскери демократиялық қоғамда қару ұстай алар естияр еркеккіндіктер ел тағдырына байланысты мәселенің қай-қайсысын шешуге де тікелей ат салысатын. Олай болмаған күнде Төле де, Қазыбек те, Әйтеке де шықпас еді. Олай болмаған күнде Тәуке Төле, Қазыбек, Әйтекеге; Әбілқайыр Жәнібек пен Бөгенбайға; Абылай Қазыбек пен Бұқарға; Барақ Шүрек пен Қабанбайға жүгінбес еді.
Расына келсек, қазіргі біз білетін алауыздық пен әкімшілік ол заманнан көп кейін, ол заманда қалыптасқан ел билеу жүйесі әдейі аяққа басылған кезде шықты. 1824 жылы хан билігі, 1868 жылы сұлтан билігі жойылды. Сол арқылы қазақ даласы дәстүрлі мемлекеттік сипатынан айырылды. Оған басқа топырақта қалыптасқан бюрократтық билеу жүйесі күшпен төленді. Елден гөрі өз басын, ұлттан гөрі ағайынын көбірек қамтып, ақылдан гөрі айлашарғыны көбірек малданатын пысықайлардың «партияшыл», «топшыл» күресі етек жайды. Ру-ру болып, ата-ата болып, билікке таласу да содан шықты. Сондай кикілжіңді тілге тиек ету үшін: «Анау ауылдан шыққандар шетінен сұңғыла, мынау ауылдан шыққандар шетіне миғұла» деп бірін-бірі көзге шұқитын әдет пайда болды. Көзі тірі жүргенімізді былай қойып, баяғыда сүйегі қурап қалған бабаларымызды әрі итеріп, бері жығатын болып бара жатырмыз. Одан құтылу үшін бір-бірін әрі итеріп, бері жығатын әуре-сарсаң емес, ортақ мақсат жолындағы ынтымақ керек. Ондай ынтымақ бір-бірімізден мін іздеу жолымен емес, әрқайсымыздың көкейкесті мүддемізді бірдей елеп, бірдей ескеру жолымен орнайды. Төле, Қазыбек, Әйтеке есімдерінің әлі күнге ауыздан түспейтіндігі де сондықтан. Замандастарына сүйек сындырысып, жаға жыртысуды емес, бірі жең, бірі жаға, бірі іні, бірі аға болуды, өзара теңдік арқылы елдікке, елдік арқылы өзгелермен тендікке жетуі үйреткендіктерінде.
Халқымыздың Қаратау бойындағы қашанғы қара жұрты болып келе жатқан Шымкент қаласының ортасында Ордабасы деп аталатын алаң бар. Оған бір тараптан Төле би, екінші тараптан Қазыбек би, үшінші тараптан Әйтеке би көшелері келіп тоғысады.
Үш сала – бір арна. Қай істе де, қай тұста да осыны ұмытпасақ, талай кемісіміз түзеліп, талай ортамыз толар еді-ау..