Әкiмшiлiк құқық бұзушылық
Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы заңдары Қазақстан Республикасының Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы осы кодексiнен тұрады. Әкiмшiлiк жауаптылықты көздейтiн өзге заңдар осы Кодекске олар енгiзiлгеннен кейiн ғана қолданылуға тиiс.
Осы Кодекс Қазақстан Республикасының Конституциясына, халықаралық құқықтың жалпы жұрт таныған принциптерi мен нормаларына негiзделедi.
Қазақстан Республикасының аумағында әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасаған адам осы Кодекс бойынша жауаптылыққа тартылуға тиiс.
Қазақстан Республикасының аумағында басталған немесе жалғасқан, не аяқталған әрекет Қазақстан Республикасының аумағында жасалған әкiмшiлiк құқық бұзушылық болып танылады. Осы Кодекстiң күшi Қазақстан Республикасының континенттiк қайраңында және айрықша экономикалық аймағында жасалған әкiмшiлiк құқық бұзушылыққа да қолданылады.
Қазақстан Республикасының портына тiркелген және Қазақстан Республикасының шегiнен тыс ашық суда немесе әуе кеңiстiгiнде жүрген кемеде әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасаған адам, егер Қазақстан Республикасының халықаралық шартымен өзгеше көзделмесе, осы Кодекс бойынша әкiмшiлiк жауаптылықта болуға тиiс. Тұрған жерiне қарамастан, Қазақстан Республикасының әскери кемесiнде немесе әскери әуе кемесiнде әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасаған адам да осы Кодекс бойынша әкiмшiлiк жауаптылықта болады.
Әкiмшiлiк құқық бұзушылық, және оны жасағаны үшiн қолданылатын әкiмшiлiк-құқықтық ықпал ету шаралары тек осы Кодекспен белгiленедi. Осы Кодексте белгiленген негiздер мен тәртiптен басқа жағдайларда, ешкiм де әкiмшiлiк жазаға, әкiмшiлiк-құқықтық ықпал ету шараларына немесе әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жүргiзудi қамтамасыз ету шараларына ұшыратылуға тиiс емес.
Соттар адамның және азаматтың Конституциямен баянды етiлген құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтiретiн заңдар мен өзге де нормативтiк құқықтық актiлердi қолдануға құқылы емес. Егер сот, қолданылуға жататын заң немесе өзге де нормативтiк құқықтық акт адамның және азаматтың Конституциямен баянды етiлген құқықтары мен бостандығына нұқсан келтiредi деп тапса, ол iс жүргiзудi тоқтата тұруға және осы актiнi конституциялық емес деп тану туралы ұсыныспен Конституциялық Кеңеске жүгiнуге мiндеттi. Сот Конституциялық Кеңестiң шешiмiн алысымен iс жүргiзудi қайта бастайды.