Пушкин қазақ жерінде
Қазақстан үшін Пушкиннің кім екенін түсіндіріп жату артық болар, мұнда ол әрбір үйде Абаймен бірге қазына ретінде қастерленеді. Өйткені ұлы ақынның өмірі мен шығармашылығы өзінің көзі тірісінде-ақ Қазақстанмен, қазақ халқымен байланысты болды. Бұл байланыс сонау 1823-24 жылдардың өзінде-ақ басталған еді. Бұл жылдары ол Одесса қаласында айдауда жүрген, генерал М.С.Воронцовтың кеңсесінде жұмыс істейтін. Сонда жүріп ол атақты шығыстанушы – ғалым Алексей Левшинмен танысады. Алексей Левшин бұған дейін қазақ жерінде болады, қазақтар туралы «Қырғыз-қайсақ немесе қырғыз-қазақ ордалары мен далаларының сипаттамасы» деген үш томдық еңбек жазып жариялайды. Міне, осы А.Левшин өзінің қазақ жеріне жасаған саяхаты, қазақ елінің өмірі, тарихы, әдет-ғұрпы және салт-санасы жөнінде ұлы ақынға тебірене сыр шертеді.
Кейінірек бұл аңыз туралы, Қозы Көрпеш – Баян сұлу бейітінің тұрған жері, мазардың мән-жайы, қалпы, айналасындағы мүсіндер туралы орыс шығыс зерттеушілері терең пікір-тұжырымдар айтқаны белгілі. А.С.Пушкин мұрағатынан табылған қолжазба – орыс әдебиеті мен шығыстану ғылымында қазақ поэмасы туралы алғашқы материалдардың бірі болды. Поэманың мазмұны баяндалмастан бұрын қолжазбада Аякөз маңындағы Қозы Көрпеш – Баян сұлу мазарының тұрған жері, онда Қозы Көрпеш пен Баянға және жырда кездесетін басқа екі кейіпкерге орнатылған төрт мүсін болғаны туралы айтылады. Бұл деректер ғылымда өткен ғасырдың соңғы ширегінде ғана пайда болғаны аян. Олай болса, Пушкин мұрасындағы жазбалар – бұл жыр туралы тұңғыш деректердің бірі.
Алматы және Орал қалаларында ақынның ескерткіштері бар. Орал қаласындағы Пушкин тоқтаған үй мұражайға айналып, Қазақстандағы көптеген оқу орындары мен мектептер, кітапханалар мен көшелерге Ресей перзентінің аты берілген. Қазақстанның басқа да көптеген қала-ауылдарының көшелері Пушкин атымен аталады.