Азаттық жырының ақтаңгері
Қазақтың ұлттық Ренессансының басы Абай Құнанбаев, оны дамытқан әрі қалыптастырған ХХ ғасыр басындағы Алаш қайраткерлері дейтін болсақ [1,5], оның пайда болу процесіне ХІХ ғасырдың алғашқы жартысында ғұмыр кешкен кемел ақын Дулат Бабатайұлы бастаған «Зар заман» дәуірі әдебиеті өкілдерінің әсері бар екенін жоққа шығара алмаймыз. Дулат ақынның Абайға дейінгі поэзияда көркем ойлау жүйесінің жаңаша үлгісін тудырып, ұлттың әлеуметтік үнін, халқының азаттығын жырлауда замандастарынан даралық танытқаны туралы Қ.Жұмалиев, Х.Сүйіншәлиев, Р.Сыздықова, Қ.Өмірәлиев т.б. сияқты көрнекті әдебиет зерттеушілері Кеңестік идеологияның екпіні басылмай тұрған кездің өзінде толымды пікірлерін жазды. Өткен заманның озығынан үйреніп, тозығынан жиренген, тарихтың тұнығынан қанып ішкен талғампаз Алаш қайраткерлері Семей жеріне туларын тіге отырып, сол өлкеде ұлы Абайдың алдындағы бүтіндей бір әдеби дәстүрдің бастауы болған, азаттықты аңсаған саф алтындай бағалы жырлар тудырған Дулат Бабатайұлының шығармашылығын мүлде білген жоқ десек қателескен болар едік.
Егер «жаңашылдық деп кешегі күннің тәжірибесі мен жемістерінен мән-мағынасы бай, дәрежесі жоғары заман талабына жауап беретін, бұрынғы-соңғының шеңберінен шығып, болашаққа кең жол ашатын аса маңызды ізденіс әрекеттерді айтатын болсақ», Дулат поэзиясы осы қалыптасқан қағидаға толығымен жауап бере алатыны анық. 1959 жылы қазақ әдебиетінің негізгі проблемаларына арналған ғылыми-теориялық конференцияда баяндама жасаған ғалым М.Базарбаев: «Әрине, Абайда алуан түрлі жаңалықпен қатар, халық поэзиясынан алынған, онан үйренген жәйттар бар, бірақ ол көбіне тек суреттеу тәсілі ретінде, онда да мүлде басқаша контекске келеді. Мәселен, әлгі айтқан мүлде жаңаша жазылған «Көлеңке басын ұзартып» өлеңінде:
Адасқан күшік секілді,
Ұлып жұртқа қайтқан ой.
Өкінді жолың бекінді,
Әуре болма оны қой! –
дейді.
Мұнда «адасқан күшік» дегені бұрыннан, қазақтың өлеңінде болсын, жай сөзінде болсын бар нәрсе. Бірақ тынымсыз, мазаң ойдың, жабырқау көңілдің суретін беруге алынуы – жаңалық» [3,47] ,– дейді.
Дулат ақынның тағы бір жаңалық енгізген саласы – поэма жанры. Оның шағын сюжетке құрылған «Еспембет» дастаны ілгерідегі ғалымдарымыздың зерттеуінде қазақ поэмасының алғашқы үлгісі ретінде дәлелденіп жүр. Өйткені бұл эпикалық шығармада ой шұбалаңқылығы, артық тіркестер, сол кезеңдегі кейбір жауынгерлік, батырлық жырлардағыдай көпірген көп сөзділік жоқ. Оқиғаны қысқа әрі нақты түрде баяндайды. Формасы жағынан қазіргі поэма деп жүрген жанрға өте жақын келеді. Ол жайында академик Қ.Жұмалиев: «Олақ ақындардай көп сөзділікке салынбай, поэмада суреттелетін көп оқиғаны аз жолға сыйғызып, көрсетейін деген образын, айтайын деген идеясын шебер түрде, ойдағыдай етіп бере білген» [4,155], – деп атап көрсетеді.
Жетім баладан ел қамын жейтін дулығалы батырға айналғанға дейінгі Еспембеттің өмір жолын суреттеуге арналған поэманың бастан-аяқ айтылатын идеялық мазмұны соңғы түйінді екі жолға сыйғызылған. Мәселен,
Еспембеттей ер қайда,
Ер күтетін ел қайда? –
деген жолдар ХІХ ғасырдағы қазақ поэзиясының ең озық үлгілерінің бірі ретінде бағаланады. Өйткені Дулат заманына дейін тұтас көлемді туындының идеясын екі жолға ғана сыйдырған, айтайын деген ойға қатыссыз жолдар мен буын мен бунақ санын толтыруға арналған басы артық тармақтар өте сирек кездесетін шығарма туған жоқ болатын. «Еспембет» поэмасындағы шиеленіс пен тартыс, батырлардың ұрысы кезіндегі суреттеулер өте шебер сомдалып, бояуы қанық шешен тілмен кестеленген.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Тілешов Е. «Алаштың» жолы //«Алаш қозғалысы» жинағы, Алматы, 2008. 324 б.
2. Сыздықова Р. Дулатты танып болдық па? // Қазақ әдебиеті, 1992, 25 желтоқсан.
3. Әдеби мұра және оны зерттеу. Алматы: Қазақ ССР ғылым академиясы баспасы, 1961. 374б.
4. Бабатайұлы Д. Шығармалары мен тағылымы. Алматы: Раритет, 2003. 288 б.
5. Әдебиеттану терминдерінің сөздігі. Семей-Новосибирск: Талер-Пресс, 2006. 398 б.
6. Өмірәлиев Қ. Қазақ поэзиясының жанры және стилі. Алматы: Ғылым, 1983. 240 б.