Загрузка страницы

Для Казахстана

Курсовые

Дипломные

Отчеты по практике

Расширенный поиск
 

Предмет: Қазақстан тарихы

Тип: Реферат

Объем: 13 стр.

Полный просмотр работы

Ахмет Байтұрсынов - әдебиеттанушы

Ахмет Байтұрсыновтың ғалым-теоретик, эстетик-сыншы тұлғасын айқындап беретін күрделі, толымды, жаңашыл туындысы Ташкентте 1926 жылы “Әдебиет танытқыш” (“Теория словестности”) деген атпен басылған. Араға екі-үш жыл салып, авторы ұсталып кеткен соң, бұл еңбек көпшілік арасына мол тарап үлгермеді. Бірақ қазақтың ұлттық әдебиеттануының ғылыми негізі, методологиялық арналары, басты-басты терминдері мен категориялары түп-түгел осы кітапта қалыптастырылған.

Өнер туралы жалпылай мәлімдеп, көркем сөз өнерінің тарауларын жеке-жеке ерекшелеп көрсетіп, сөз өнері, шығарма сөздің ақылға, қиялға, көңілге беретін әсерін анықтап алып, ұғыну, тану, ойлау, ұқсату, бейнелеу, суреттеу, түю, талғаудың айырмасын анықтап, тақырып, жоспар, түр дегендерді түсіндіріп, мазмұн алуандығын әуездеу, әліптеу, пайымдау деп үшке бөледі. Бұларды түсіндіру үшін Абай, Мағжан өлеңдері, М.Әуезовтің “Еңлік-Кебек” трагедиясы, “Жәнібек батыр” аңыз әңгімесі мысалға алынған.

Батырлар жырының азайып бара жатқанын автор қазақ арасында сауықтың кемігенімен сабақтастырып, олардың бірте-бірте өлең түрінен айырылып, ертекке айналатынын, рухы, көркі жоғалып, құр сүлдесі қалатынын ескертіп, сондықтан жыршылар жоғалмай тұрғанда батырлар жырын жазып алуды ел ішіндегі азаматтардың халық алдындағы борышы деп көрсетеді. “Қарақыпшақ Қобыланды батыр”, “Нәрікұлы Шора”, “Алпамыс батыр”, “Ер Тарғын”, “Ер Сайын”, “Едіге”, “Қамбар” қазақ арасында көп айтылатын жырлар ретінде көрсетіледі. “Тарихи жыр” деп тарихта бар, мағлұм оқиғалар турасында өлеңмен шығарған сөздері айтылады” деп анықтама беріледі де, мысалға “Орақ-Мамай”, “Абылай”, “Кенесары-Наурызбай”, “Ерназар”, “Бекет” жырлары алынады. Айтыс өлеңдердің ерекшелігін екі палуанның күрескенімен, екі батырдың жекпе-жек ұрысқанымен салыстыра түсіндіреді, тақырып ретінде жұрттың, ұлттың, рудың, елдің кемшілік-олқылығы, осал-оңтай жерлері алынатындығы, жазу жайылған сайын айтыстың азаятыны аңғартылады. “Кеншімбай мен Ақсұлу”, “Жанақ пен бала”, “Есентай мен Балық”, “Жарылқасын мен Айқын” айтыстарының жалпы сипаты көрсетіледі.

Қазақ әдебиетінің дамуына, әсіресе, әсері күшті болған Абай шығармалары екенін, сындар дәуірдің басы Абайдан басталатынын кесіп-пішіп тиянақтайды. Абайдың сөзге талғау кіргізгені, әдебиеттің басты-басты сипаттарын анықтағаны “Өлең сөздің патшасы – сөз сарасы” өлеңін мысалға келтіру арқылы көрсетеді. Ахмет Байтұрсынов жаңа әдебиет тудыруда талғамның, өнегенің, үлгінің, ықпалдың, әсердің рөлін айта келіп: “Қазақтың сындар әдебиеті Еуропа үлгісімен келе жатыр. Және сол бетімен баратындығы да байқалады. Еуропа әдебиетіндегі сөз түрлері бізде әлі түгенделіп жеткен жоқ. Бірақ қазір болмағанмен, ілгеріде болуға ықтимал”, — деген көрегендік тұжырым жасайды.

Ахмет Байтұрсыновтың ақын, публицист, ғалым, қоғам қайраткері санатында жасаған барлық еңбегі, тартқан қорлық, көрген азабы, болашаққа сенген үміт-арманы – баршасы осы ұлы миссияны орындауға, туған халқы үшін қасықтай қаны қалғанша қалтқысыз қызмет етуге арналған.