Ақын үніне сахара мүлгіді (А.С.Пушкин шығармаларының қазақ тіліндегі аудармалары туралы әңгіме)
Егер Александр Сергеевич Пушкиннің өзі қазақ даласына алғаш рет 1833 жылы келген болса, арада елу төрт жыл өткеннен кейін, яғни 1887 жылы ақынның асқақ жырлары да қазақ арасына келіп жетті. Қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаев дәл осы жылы ұлы орыс ақынының «Евгений Онегин» романын қазақ тіліне аударады. Абайдың ұлылығы сонда – ол Орта Азия мен Қазақстан, Еділ бойы мен Орал тауын мекендеген халықтар ақындарының ішінен бірінші болып А.С.Пушкин шығармаларын өз ана тіліне аударады. Ал басқа көрші халықтардың ақындары, атап айтқанда, татар, башқұрт, өзбек, тәжік ақындары Пушкин шығармаларын Абайдан соң, екі жылдан кейін, яғни 1889 жылдап бастап аударды. Өйткені бұл жылы А.С.Пушкиннің туғанына 100 жыл толып, оны бүкіл Ресей кеңінен атап жатқан болатын.
Абай Пушкиннің «Евгений Онегинін» аударуға неге ерекше құмартты және бұдан нені көздеді? – деген сұраққа Белинский сөзімен жауап берген жөн сияқты. Ұлы сыншының «Евгений Онегинді» Пушкиннің өзге шығармаларынан бөліп алатын себебі: «Орыс қоғамының өркендеу жолындағы аса қызық бір кезеңін поэзия арқылы көркем суреттеп беруінен (1633 бет), шын энциклопедиялық шығарма болуынан» еді.
Сосын қай елдің жастарына болса да үлгі етерлік көркем бейнелердің асқан ақындық шеберлікпен жасалуы, Татьянаның бойындағы кіршіксіз таза махабаттың суреттелуі шығарманы биік деңгейге көтерді. Француз романдарын бойтұмар ғып жүрген помещик қызына қыр қазақтары өз қыздарындай бауыр басып кетті. 1887 жылды сөйтіп Абай поэзиясындағы «Пушкин жылы» деуге болады.
Абайдың «Евгений Онегиннің» кейбір тарауларын қазақ тіліне аударуы, Татьянаның қазақ сахарасына келуі, ақынның «Татьяна әні» елге тарауы – Қ.Бекхожиннің «Россия дауысы» өлеңінің де өзегі. Бала кезінде ауылда естіген Татьяна әні туралы өлең кестелей отырып, Қ.Бекхожин ұлы Абайға ризашылығын білдіреді.
Тайсалмай, мыңмен жалғыз алысқан кім?
Жауына найза сөзін шанышқан кім?
Өзендей құйған барып көк теңізге
Лермонтов, Пушкиндермен табысқан кім? –
деген өзінің сұрақ қойған өлең жолдарына ақын С.Сейітов «Кім?» деген өлеңінде былай жауап береді:
«Евгений Онегин» романының желісімен бір емес, бірнеше поэма жазылуы, оның қазақ халқының төл туындысына айналуы Ұлы Пушкиннің талантында, Абайдың аудармашылық құдіретінде... Абай қалыптастырған ақындық мектептің дәстүр сабақтастығында. Халқымыздың өлең-жырға құмарлығында. Аударма мәдениетінің жоғарылығында, сол арқылы әлемдік әдебиет қалыптасқанында. Өзге ұлт әдебиеті өкілдерінің арасынан фольклорлық бейнеге айналып кеткен Пушкиндей ақын-жазушыны кездестіру қиын. Шығарма кейіпкерлерінің халық жүрегіне ұялап, санасына сіңгені сондай-Татьяна есімі қазақ арасына Тәтіш деген қыз атты болып енген...