Предмет: Бастауыш оқытудың педагогикасы мен әдістемесі
Тип: Дипломдық жұмыс
Объем: 65 стр.
Год: 2013
Абайдың ақындық мектебі және әдеби ортасы
МАЗМҰНЫ
КІРІСПЕ 5
1 АБАЙТАНУ ҒЫЛЫМЫ ЖӘНЕ ӘДЕБИ ОРТА МӘСЕЛЕСІ 13
1.1 АБАЙТАНУ ҒЫЛЫМЫНЫҢ ЗЕРТТЕЛУ АЯСЫ 13
1.2 ӘДЕБИ ОРТАНЫҢ АҚЫНҒА РУХАНИ ЫҚПАЛЫ 19
2 АБАЙДЫҢ АҚЫНДЫҚ МЕКТЕБІ 29
2.1 АБАЙ ШЫҒАРМАЛАРЫНДАҒЫ РУХАНИ БАЙЛАНЫС КӨЗДЕРІ 29
2.2 АБАЙ ШЫҒАРМАЛАРЫНДАҒЫ ТАРИХИ ТАҚЫРЫП ЖӘНЕ НАЗИРАГӨЙЛІК ДӘСТҮР ҮЛГІЛЕРІ 35
2.3 АБАЙ АЙНАЛАСЫНДАҒЫ АУДАРМА ДӘСТҮРІ 43
2.4 АБАЙ ҚАЛЫПТАСТЫРҒАН ӨНЕР ОРТАСЫ 52
2.5 АБАЙ ҚҰНАНБАЕВТЫҢ ҚАРА СӨЗІНДЕГІ АДАМГЕРШІЛІК ҚАСИЕТТЕР 54
2.6 АБАЙ МЕКТЕБІНДЕГІ АЙТЫС ЖАНРЫНЫҢ ӨЗІНДІК ДАМУ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ 61
ҚОРЫТЫНДЫ 62
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ 65
КІРІСПЕ
Әр қаламгерді оның әдеби ортасынан жеке-дара алып қарау, тану біржақты болмақ. Ақын, немесе жазушы өз ортасында өсіп, содан сусындап, шыңдалып қана қоймай, біте қайнасып, сол қауымның өкілі ретінде ғұмыр кешеді. Рухани дүниесі толысқан шақтан бастап айналасына ықпалды болған тұлғалар өз әдеби ортасын қалыптастырады. Демек, белгілі бір әдебиет өкілінің шығармашылық өсуіне ықпал ететін үрдістер және сол тұлғаның кемеліне келгеннен кейін өз айналасына, кейінгі буынға әсері деген мәселелер әдеби орта ұғымын тудырады.
Абайдың әдеби ортасы дегенде белгілі бір тұлғаның ақындық жолына өз әсерін тигізген, рухани жетілуіне темірқазық бағдар бола білген ақын-жырауларды, би-шешендерді, кейіннен нағыз ақындық кемеліне жеткен сөз зергерінің әдебиеттегі дәстүрін жалғастырған ақын шәкірттерін, оның мұрасын халыққа насихаттаған өнерпаз буынды айтамыз.
1 АБАЙТАНУ ҒЫЛЫМЫ ЖӘНЕ ӘДЕБИ ОРТА МӘСЕЛЕСІ
1.1 АБАЙТАНУ ҒЫЛЫМЫНЫҢ ЗЕРТТЕЛУ АЯСЫ
Абайтану мен Абайдың ортасы деген мәселелер тек бір-бірімен біте қайнасып жатқан дүниелер ғана емес, Абайды тану ең алдымен осы әдеби ортаның, нақтырақ айтсақ сол ортаны құрайтын әдеби топ – Абайдың ақын шәкірттерінің еншісінде. Ең алғаш Абай шығармаларын елге таратушы, жинап, кітап етіп бастырушы, ақын туралы құнды деректер беруші Абайдың айналасындағы көзі ашық ақындар мен өнерлі жастардың абайтану ғылымының іргетасын қалауға қосқан үлесі орасан.
1.2 ӘДЕБИ ОРТАНЫҢ АҚЫНҒА РУХАНИ ЫҚПАЛЫ
Есейіп, ақылы толысқан шағына дейін Абай өз ауылының, көршілес елдердің ең танымал деген ақыны мен жырауынан, биі мен шешенінен сөз маржандарын сүзді, халықтың бай ауыз әдебиетін бойына сіңірді. Қаратай шешен, Жанақ, Шөже, Балта ақын сынды Құнанбай замандастарының Абайға рухани үлгі-өнегесі ізсіз қалған жоқ.
2 АБАЙДЫҢ АҚЫНДЫҚ МЕКТЕБІ
2.1 АБАЙ ШЫҒАРМАЛАРЫНДАҒЫ РУХАНИ БАЙЛАНЫС КӨЗДЕРІ
Абайдың ақындық өнер туралы, ақындар туралы өлеңдері әдебиетке, оны жасаушыларға үлкен жаңашылдықпен бірге биік талабын ала келді. Өлеңге қойған талабы биік Абайдың сынына жарағаны – Бұхар, Дулат, Шортанбайлар десек, ендігі жерде «Сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел» деген қағиданы ту еткен ақын қасындағы шәкірттеріне талабын мейілінше күшейте түседі. «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін» деп басталатын өлеңінде «сөзімді тасыр ұқпас» деп талапты жас ақындарға салмақты ескерту жасап, үш ақынды, өзінің ең талантты деген үш шәкіртінің өлеңдерін сынаған. Шәкәрім, Көкбай, Әріп – үш шәкірті де ұстаздың сынын қалай қабылдады, қандай нәтиже шығарды деген мәселелер дипломдық жұмыста егжей-тегжейлі сөз болды.
2.2 АБАЙ ШЫҒАРМАЛАРЫНДАҒЫ ТАРИХИ ТАҚЫРЫП ЖӘНЕ НАЗИРАГӨЙЛІК ДӘСТҮР ҮЛГІЛЕРІ
Абай мектебіндегі тарихи тақырыптардың бастау көздерін Абайдың тарихи шығармасы «Біраз сөз қазақтың түбі қайдан шыққандығы туралы», Орта жүз қазақтарының рулары туралы» еңбектерінен іздесек, Шәкәрімнің шежіресі Абай еңбегінің заңды жалғасы ғана емес, жазылу мақсаты бір, ұстаз идеясының толықтырылған нұсқасы деп қабылдауға болады. Сондай-ақ, Шәкәрімнің діни-философиялық «Мұсылмандық шарты» еңбегі де Абай тапсырмасымен жазылған. Тарихи тақырыпта көркем шығарма жазбағанымен Абайдың бұл мәселедегі назары ақын шәкірттеріне тапсырма беруімен ерекшеленді. Шәкәрімнің «Жолсыз жаза», «Қалқаман – Мамыр», Мағауияның «Еңлік – Кебегі», Көкбай ақынның Абылай тақырыбындағы тарихи жырлары, Уәйістің «Жошы – Алаша ханы» сияқты шығармалардың жазылуына Абай тікелей себепкер болды. Мәселен, Еңлік пен Кебек оқиғасы туралы бірнеше интерпретациялық үлгідегі көркем туындылардың басында Абай тұр.
2.3 АБАЙ АЙНАЛАСЫНДАҒЫ АУДАРМА ДӘСТҮРІ
Ақындық өнердің басқа салаларындағыдай Абайдың аударма саласындағы жаңалығы оның қасындағы шәкірттерін бірден елітті. Қазақ поэзиясына келген жаңа құбылысқа дені орыс тіліне жетік Абай мектебі өкілдерінің қызығып, бірден бас қоюы заңды-тын. Абайдың бағыт-бағдарымен, тікелей қолдауымен Европа, орыс ақын-жазушыларының түрлі деңгейдегі әдеби туындылары қазақша сөйлей бастады. Шәкәрімнің А.Пушкиннен аударған «Дубровский», «Боран», Л.Толстойдан «Алты әңгіме» әңгімелер циклы, американ жазушысы Г.Бичер Стоудың «Том ағайдың балағаны», Әсет ақынның «Евгений Онегин», Уәйіс Шондыбайұлының «Иванушке-дурачок», Тұрағұл Абайұлының М.Горкийден аударған «Челкаш», А.Неверовтен «Мен өмірге жерікпін», «Ортақшыл Мария» әңгімелері, Б.Прустан «Антек», Д.Лондоннан «Баланың ерлігі», бізге жетпеген Д.Лондоннан «Матин Иден» романы сияқты кейбірі нәзиралық үлгіде жалпы оқиғасы қазақшаланса, кейбірі түпнұсқадан алыс кете қоймаған түрлі жанрдағы көркем шығармалардың дүниеге келуінің басында Абай тұр.
2.4 АБАЙ ҚАЛЫПТАСТЫРҒАН ӨНЕР ОРТАСЫ
Абай айналасына ақындар ғана емес, сегіз қырлы өнерпаз жастар жиналды. Әнші-күйші, музыкант пен ертегіші, дойбышы мен тоғызқұмалақшы, құсбегі мен балуан сияқты түрлі өнердің иелері бас қосты. Солардың ішінде ақындықтан бөле-жаруға келмейтін әншілік өнер туралы, әнші-ақындар туралы осы тарауда кеңірек сөз етілді. Себебі, Абай заманында ақындық пен әншілік бөліп жаруға келмейтін егіз ұғым болғанын ескерсек, Абай айналасындағы әнші, күйші, музыканттар мұрасы ақындық өнермен біте қайнасып, тонның ішкі бауындай жымдасып жатыр. Сол уақыттағы ән мен өлеңнің біртұтас өнер ретінде қабылданатыны, әрі ақын сөзінің әнге қосылып айтылғанда насихаттық қуатының артатыны Абай айналасындағы ақындардың бәрін дерлік әншілікке итермеледі.
2.6 АБАЙ МЕКТЕБІНДЕГІ АЙТЫС ЖАНРЫНЫҢ ӨЗІНДІК ДАМУ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
Абай айналасындағы айтыс өнерінің дамуына, айтыс жанрының өркендеп қанат жаюына Абайдың өзі тікелей себепкер болып, қасындағы ақын шәкірттердің айтысты шебер меңгеруіне ықпал етті. Айтыс өнеріне тән негізгі белгі суырыпсалмалық өнер болса, Абайдың жас кезіндегі өлеңдері – нағыз суырып салып айтқан дүниелер. Жазба поэзиясының асқан шебері болуымен қатар Абай бойында далалықтарға тән хас өнер – табан астында тауып өлең ұйқастыру өнері ерекше дарыған-ды. Қазақтың суырыпсалмалығын жасынан бойына сіңірген ақын өмір бойы бұл машықтан қол үзген емес. Тек өзі ғана емес, соңынан ерген ақын шәкірттерін тосыннан сөз табуға, табан астында «айналасы теп-тегіс, жұмыр келетін» өлең құрауға баулыды. Айтысқан ақындардың сөзін түзеп, қазылық төрелігін айтты.
ҚОРЫТЫНДЫ
Абайдың әдеби ортасын анықтау Абайды, оның ақындық болмысын тани түсуге жетелейді. Қандай да бір тұлғаны қалыптастыратын заманы, қоғамдағы ортасы десек, сол ортаның өкілдері Абайдың ақын болып қалыптасуына игі әсерін тигізді, әрбір әдебиет өкілі оның ақындыққа көтерілуіне баспалдақ іспетті. Демек, Абайдың әдеби ортасы – ақын өмір сүрген уақытта ақынға өз әсерін тигізген, үлгі көрсеткен аға буын ақындар, би-шешендер және сол Абайдан үлгі алған ішінде ақыны бар, әншісі мен күйшісі бар өнерлі жастар, яғни ақынды қоршаған айналасы.