Керей хан (1456-1473 ж.ж. билік құрған)
Болатұлы Керей хан (?-1473 ж.) – қазақ хандығының негізін қалаушы, Көк Орданың ханы Өрістің (Орыстың) шөбересі.
Шайбани әулетінен шыққан Дәулет – шайхтың баласы Әбілқайыр ханның көк кесене төңірегіндегі шайқаста Үз-Темір Тайшы басқарған ойрат әскерінен ойсырай жеңілуі – Барақ ханнан кейін биліктен айрылған Өріс хан әулеті сұлтандарының бас көтеріп, жеке бөлініп шығуына мүмкіндік туғызады. Осы мүмкіндікті жұрыс пайдаланған Өріс ханның ұрпақтары – Болатұлы Керей мен Барақ ұлы Жәнібек өздеріне қарайтын тайпаларды бастап, Әбілқайыр хандығынан бөлініп шығып, Моғолстан жеріне кетеді. Онда оларды Моғолстан ханы Есен-бұға аса құрметпен қабылдап, өз мемлекетінің батыс жағынан Шу бойы мен Қозыбасы өңірін оларға бөліп береді. Осы арада олар жаңа Қазақ хандығының шаңырағын көтереді. Хан тауында Керейді ақ киізге отырғызып, хан көтерді.
Керей хан немере інісі Жәнібекпен біріге отырып, жас мемлекеттің іргесін бекітіп, шаңырағын биіктету үшін үлкен еңбек сіңіреді. Моғолстан ханымен бірлесіп, ойрат тайпаларына қарсы күреседі.
Алайда жаңадан құрылған қазақ хандығының экономикалық негізі әлі де әлсіз еді. Бірсыпыра қазақ тайпалары Әбілхайыр хандығының, Моғолстанның, Ноғай одағының және Батыс Сібір хандығының қол астында төрт хандыққа телі болып отырған болатын. Оның үстіне шығыс Дешті-Қыпшақты билеген Әбілхайыр хан өзіне қарсы шығып, Жетісуға қоныс аударған қазақтардың өз алдына хандық құрып, масайрап отырғандығына, әсіресе Әбілхайыр хандығынан көптеген тайпалардың оған ағылып барып жатқанына азуын басып, қылышын қайрап отырды.
Керей ханесімі тарихи деректерде соңғы рет 1472-1473 жылдары Сырдария жағасындағы қалалар үшін Моғолстан ханы Жүністің ордасына Бұрыш сұлтанның шабуыл жасаған кездерінде айтылады.
Тарихи материалдарда Керей ханның хандық билікті ұлы Бұрындыққа бергені туралы, Керей ханның өзбек ұлысын басқарған кезеңі, оның тағдыры қай уақытта, қандай жағдайларда қаза болғаны туралы нақты мәліметтер көрсетілмеген. Керей хан 1472-1473 жылдардағы оқиғалардан кейін қайтыс болған деп есептеледі.
Әдебиеттер:
Керей хан (1456-1473 ж.ж. билік құрған) // Қазақтар: Көпшілікке арналған тоғыз томдық анықтамалық.- Алматы, 1998.- Т.2. Тарихи тұлғалар.- Б.60-61
Керей хан // Қазақ совет энциклопедиясы.- Алматы, 1974.- Т.5.- Б.391
Қазақ хандығының құралуы және нығаюы // Қазақтың көне тарихы.- Алматы, 1993.- Б.232-236
Кәрібаев Б. Алғашқы қазақ ханы - Керей хан // Егемен Қазақстан.- 1997.- 22 наурыз
Қайырбеков Ә. Тарихи таным таразысы: [Қазақ мемлекетінің құрылуы, шекарасы, ұлы қайраткерлер Керей, Жәнібек, Тәуекел, Хақназар, Есім, Қасым, Абылай, Кенесары туралы] // Халық кеңесі.- 1995.- 14 ақпан.