Загрузка страницы

Для Казахстана

Курсовые

Дипломные

Отчеты по практике

Расширенный поиск
 

Предмет: Тарих

Тип: Баяндама

Объем: 55 стр.

Полный просмотр работы

9 май - Ұлы Жеңіс мерекесіне

Міне, Ұлы Отан соғысының жеңіспен аяқталғанына да 60 жыл өтті. Бұл сол кездегі кеңес халқының ержүректілігі мен төзімділіктерін паш ететін, тарихта мәңгілік қалатын күн. Бұл күнді соғыстың алғы шептерінде қайсарлықпен шайқас жүргізіп, ерліктің сан үлгісін көрсеткен ардагерлер тойлайды. Бұл мейрамды өздерінің тылдағы қажырлы еңбегімен жеңісті шыңдаған, станоктың қасынан, егін даласында, күні-түні мал бағып, тынымсыз жұмыс істеген жұмысшылар, ауыл адамдары тойлайды. Бұл мейрамды біздің аяулы да даңқты әйелдеріміз - өздерінің әкелерін, ерлерін, ұлдарын және сүйіктілерін көзінен жасы сорғалай жүріп төзімділікпен күткен, олардың орнын жоқтатпаған аналар мен жұбайлар, қалыңдықтар мен қыздар тойлайды. Бұл мейрамды өздерінің әкелері мен ағалары қанын төгіп, жанын қиып бақытты өмірін қамтамасыз еткен Ұлы жеңістің құрдастары тойлайды. Ұлы Жеңіс күні елі мен жері үшін жанын пида еткен, туған-туысқандарына, жақын-жарандарына, туған жеріне, ауылына оралмай қалған қаһарман ерлерді бүкіл елі болып еске түсіреді.

Бұл мейрамды бұрынғы кеңес одағына кірген 15 одақтас республика халқымен бірге, кеңес халқы неміс басқыншыларынан азат еткен Еуропа елдерінің Варшава мен Прага, Будапешт пен Бухарестің, София мен Белградтың, Париж бен Венаның, жер шарының басқа да көптеген қалаларының тұрғындары тойлайды.
Ұлы Отан соғысы халқымызға төнген ең ауыр күндер болды. Төрт жыл, 1418 күн мен түн бойы өз жері мен отаны үшін, келешек ұрпақ үшін жан қилы соғыс жүріп жатты.
Бір күшке жиналған орыс пен тәжік, грузин мен белорус, қазақ пен украин қарсы алдындағы жауға алмас қамал болып жұмылды...

« 1941-1945 жалынды жылдары:
1. Соғыстың басталуы- 22 маусым 1941 жыл
2. Брест қамалын қорғау- маусым 1941 жыл
3. Ленинградты қорғау- 1941- 1944 жылдар
4. Москва үшін шайқас - 30 қыркүйек 1941- 20 сәуір 1942 жыл
5. Сталинград үшін шайқас- 17 шілде 1942- 2 ақпан 1943 жыл
6. Курск шайқасы- 5 шілде- 23 тамыз 1943 жыл
7. Днепр үшін шайқас- тамыз- желтоқсан 1943 жыл
8. Берлин операциясы - 16 сәуір- 8 мамыр 1945 жыл
9. Жеңіс күні- 9 мамыр 1945 жыл».
Мың жылда бір-ақ көрінетін кометалардай сыры да, сезімі де терең, тұңғиық дана тұлғаларымыз фәни өмірден баз кешіп, бақилық болып жатыр. Әйтсе де, Баубек пен Бауыржан батырлығы, Әлия мен Мәншүк ерлігі, Қаныш пен Әлкей білімі, Мұхтар мен Ғабит, Ғабидендердің үні, Дінмұхаммедтің парасаты – бүгінгі ұрпаққа өнеге. Олардың өнегелі өмірлерін жас ұрпаққа жан-жақты насихаттау, таныстыру кітапхана қызметкерлерінің міндеті.

Ұлы Отан соғысы тарихының беттерін парақтаған адам жеңіс сағатын соқтыруға Қазақстанның қосқан үлесі телегей-теңіз екенін байқар еді. Осы бір аяқ астынан басталған әділетсіз арпалысқа Қазақстаннан 2 миллионға жуық түрлі ұлт өкілдері әскер қатарына шақырылды. Майдан даласынан 394 мың қазақ боздақтары қайтпай қалды. Бұл соғыс қайғы-қасірет әкелмеген бірде-бір отбасы болмады... Бірінің әкесі, бірінің ағасы қаза тапты. Қаншама жас боздақтардың қыршын жасы қиылды... Ішінде ақын да, әншісі де бар еді. Қауызын ашпай көктей қырқылған сол жастардың ішінде, әттең дариға-ай, қанша Абай, қанша Шоқан кетті екен ...
Фашистік Германия тізе бүкті... Бірақ сол сұм соғыс өзімен бірге 10 миллионнан астам немістің өмірін алып кетті. Оны жеңген Кеңестер Одағы 27 миллион адамның өмірін берді. Талай ғасырлар бойы жасалған материалдық және мәдени қазынаны құртты. Міне, соғыстың әкелген қасіреті. Сондықтан адамзатқа әрқашан соғысты тоқтататын жеңіс керек. Осыдан 60 жыл бұрынғы Жеңіс сонысымен қымбат. 1418 күн мен түн толарсақтан қан кешіп, кейінгі ұрпаққа тыныштық әкелгені үшін қасиетті. Әрине, жеңіс өздігінен келген жоқ. Оны елі, жері үшін отқа түскен ерлер ерлігі жеткізді. Қазақстаннан 1941-1945 жылдардағы қанды қырғынға 1,3 миллион ұл мен қыз аттаныпты. Бәрі де жанқиярлықпен соғысты. 500-ден астамы елге Батыр атанып, аңызға айнала оралды. Содан бері зымырап 60 жыл өте шықты.

Қазақстандықтар Ленинград (қазіргі Санкт-Петербург) қаласын туған жеріндей жанқиярлықпен қорғады, Сталинград (қазіргі Волгоград) түбінде, Украинаны, Белоруссияны, Прибалтиканы, Молдавияны неміс-фашист басқыншыларынан азат етуге қатысты. Ленинград қаласына қауіп төнгенде Жамбыл Жабаев «Ленинградтық өренім» атты жүрек жарды, жалынды жырын майдандағы «жүзі басқа болғанмен жүрегі бір, тілі басқа болғанмен тілегі бір» жауынгер балаларына жолдады. Кейіннен қаланы қорғаушы жауынгерлердің бірі: «Бұл сәлемді көзге жас, көңілге қуаныш толы сезіммен оқымауға болмайды... Біз күшімізді еселей түсіп ұрысқа аттандық»,-деп еске алды.
Қазақстандықтар Варшаваны, Софияны, Белградты, Праганы азат етушілердің қатарында болды. 151-қазақстандық бригада негізінде құрылған 150-Идриск атқыштар дивизиясы жауынгерлері «ұялы қасқырдың» ордасы Берлинге шабуыл жасады, Рейхстагтың күмбезіне жеңіс туын тігуге қатысты. Алқызыл туды биікке көтеріп, алғаш болып жеңіс дабылын қаққандардың қатарында қазақ Рахымжан Қошқарбаев болды.
Ұлы Жеңіске жау тылында ел кегін, ер намысын қорғаған партизан жасақтары да үлес қосты. Зерттеулер бойынша Белоруссия мен Украина ормандарының партизан отрядьтарында 3 мыңнан аса қазақтар шайқасқан. Партизан отрядтарына командир, комиссар болған, есімдері ел аузында аңызға айналып, кейінгі ұрпаққа жеткен Әди Шәріпов, Қасым Қайсенов, Жұмағали Саин есімдері көзі қарақты көпшілікке мәлім.

Әдебиеттер:

Момышұлы Б. Қанмен жазылған кітап/ Ауд. М.Қозыбаев.- Алматы: Қазақстан, 1991.-400 б.
Дінішев М. Сталинградты қорғаған қазақтар.- Алматы: Қазақстан, 1994.- 128 б.
Сәрсенбаев Ә. Батырлардың ізімен.- Алматы: Жазушы, 1974.- 208 б.
Адамбаев Б. Жауынгер жолы.- Алматы: Жалын, 1978.- 240 б.
Аманжолов Қ. Ерліктің жарқын беттері.- Алматы: Қазақстан, 1987.- 96 б.
Бейісқұлов Т. Кеудесін оққа тосып...- Алматы:Жазушы, 1976 .- 37 б.
Қалиақпаров Ш. Курск шайқасының қаһарманы.- Алматы: Қазақстан, 1988.- 56 б.
Мұқанов Ш. Жалынды жылдар жаңғырығы.- Алматы: Қазақстан, 1982.- 72 б.
Меңдібаев Ә. От кешу.- Алматы: Қазақстан, 1974.-112 б.
№Шәріпов Қ. Біз-панфиловшылармыз: Деректі хикая.- Алматы: Жазушы, 1980.-151 б.
Ыбыраев Ж. Майдан жыры мен сыры.- Алматы: Қазақстан, 1993.- 224 б.