Таңғажайып таңбалы тас
Тарих өткен мен бүгінгінің арасындағы алтын көпір деп тегін айтылмаған. Осылайша ежелгі адамдардың табиғатпен ара қатынасы, тұрмысынан, өмір тіршілігінен хабар беретін жәдігерлер тас дәуірінен (палеолит) бастап, қола дәуірін қамтитынын тарихшылар айтып та, жазып та жүр. Осы мәселе жайлы ғалымдар бас қосқан жиынға да қатысқан едім.
Дегенмен Елбасының “Мәдени мұра” бағдарламасына байланысты көне жәдігерге деген қызығушылығым осы мекенге тағы да ат басын бұрғызды. Бұған дейін Б.Аубекерова “Отчет по теме “Подготовка научно-методической документации к проекту создания музея-заповедника в урочище Танбалы” деген қомақты еңбекті парақтауыма тура келген. Өйткені, алыстағы қыстаудағы қой тастардағы жазу бала кезден таныс, әрі оны Майтөбе жайлауларындағы Керегетастан да кездестіруге болады. Ел тарихының терең тамыры болған құнды жәдігер ата-бабалардың кезінде жазба белгілері болғанының дәлелі. Осынау көне тарихымыз туралы тарихшылармен қатар кейбір көкірек көзі ояу жандар ғана білетін. Керісінше, жастар ғана емес, ересектер үшін де бағалы мұрағаттың үлкен ағартушылық мәнге ие екендігін атап айтқан парыз.
Табиғи қорық – мұражайды тікелей құзырына алған Мәдениет және ақпарат министрлігі оның қалыптасуына көп көмек беріп, ғылыми қызметкерлермен бірге қорықшылар, инженерлер, экскурсоводтар және туристік маршруттар бойынша гидтерді біріктірген 29 адамнан тұратын штат бірлігін бөлген. Нәтижесінде Қарабастау елді мекенінің жанынан арнайы мұражай салынып, онда тастағы суреттердің нақты көшірмесі мен бейіттерді қазу кезінде табылған қыш құмыра, ыдыстар мен тұрмыстық бұйымдар, тағы басқа жәдігерлер қойылған. Мұнда келгендер музейді көріп, одан әрі Таңбалы шатқалын жаяу аралайды. Осылайша біз де тарихи орынға жол тарттық.
Қола дәуірінің бейіттері екі топқа бөлінеді: терістігі шатқалдың аузында болса, оңтүстігі жазықтың кеңейер тұсына таман. Шатқалдың оңтүстік жағында Таңбалытас VІІ-нің қола дәуіріне келетін бейіттер орын тепкен. Ал ертедегі мыс дәуірінің үлесіндегі бейіттер шатқалдың өнебойынан табылатыны ғалымдар зерттеуінде айтылған.
Таңбалыдағы мұражай ғимаратында спутниктік байланыс орнатылған. Қазіргі заман талабына сай құрал-жабдықтармен, қорықшылар дүрбімен, мініс аттарымен қамтылған. Ашық аспан астындағы тарихтан сыр шертетін құнды мұрағаттармен келушілерді таныстыру мақсатында көрнекі құралдар шығарылса, ұжымның тиянағын келтірер жұмыстары әлі алда. Өйткені, тың және тыңайған жерлерді игеру кезінде Рославль кеңшарының мал қоралары мен үйлерін салуға осы мекеннің тастары пайдаланылған. Заңсыз салынған құрылыстарды бұзған кезде құнды жәдігерлері бар тастар табылып, ол қайтадан қорғауға алынуда. Оның біразы мұражайға қойылыпты.
“Таңбалы” мемлекеттік тарихи-мәдени және табиғи қорық-мұражайы Алматыдан 200 шақырымға жуық. Алматы-Бішкек бағытымен баратын автокөлік жолының біраз бөлігі жақсы болғанымен, дені – таптаурын жылдамдықты үдетуге мүмкіндік бермейді. Сондықтан екі арадағы уақыт үш сағаттан астам. Мұражай аумағында жаяу жүретін туристік маршруттың ұзақтығы 900-1900 метр, ал көру мерзімі үш жарым сағатқа жуықтайды.
Тарихи орыннан ұзаған сайын таңғажайып сырға толы Таңбалытас бізден алыстай берді. Бірақ біздің көңілімізде одан алған ыстық әсер, туған жердің тұнған сырына деген іңкәрлік пен оның ертеңіне деген алаңдаушылық көкейден берік орын алғандай.