Ұжымдық шарттар және келісімдер
Ұжымдық шарттың түсінігі және қағидалары. Ұжымдық шарттар және әлеуметтік-әріптестік келісімдер жұмыс берушілердің қанауына қарсы жұмысшылардың күресінің нәтижесінде ғана пайда болды. Алғаш рет ұжымдық шарттар Англияда ХІХ ғасырдың ортасында еңбек пен капитализмнің үйлесу негізі ретінде пайда болды. Алайда, оларды құқықтық реттеу, соның ішінде, Халықаралық еңбек ұйымының халықаралық-құқықтық актілерімен реттеу тек ХХ ғасырдың екінші жартысынан бастап қана мүмкін болды.
Бұл бір немесе бірнеше жұмыс берушілер (олардың өкілдері) және бір немесе бірнеше кәсіптік одақтар, не кәсіптік одақтарға мүше емес, келіссөздер жүргізу үшін өз ұйымын құрған қызметкерлер қол қойған жазбаша шарт түрінде ресімделген құқықтық акт (Еңбек туралы заңның 1-бабы).
Тиісті түрде рәсімделген ұжымдық шарт локальдық (жергілікті) нормативтік құқықтық акт болып табылады. Жеке еңбек шартына қарағанда ұжымдық шарт тараптардың еңбек жағдайының жалпы ережелеріне байланысты келісімі болып табылады, бүкіл ұжымның немесе қызметкерлердің жекелеген топтарының мүдделерін қамтиды.
Сонымен, ұжымдық шарттың тарапын айқындап алған жөн: тараптар ретінде қызметкерлер (еңбек ұжымы) және ұжымдық шарттық үрдістің қатысушылары шартқа қатысады. Жоғарыда атап өткеніміздей, шартқа қызметкерлер тарапынан кәсіптік одақ органдары не ұйым қызметкерлерінің жалпы жиналысында (конференцияда) құрылған және арнайы уәкілеттіктерге ие қоғамдық органдар қатысады.
Ұжымдық шарттың мазмұны – бұл нақты бір кәсіпорында немесе ұйымда әлеуметтік-экономикалық және еңбек қатынастарды реттеу үшін тараптармен келісілген және қабылданған ережелер (жағдайлар). Ұжымдық шарттың негізгі ережелері ҚР «ҚР еңбек туралы» заңының 33-бабында және ҚР «Ұжмдық шарттар туралы» заңының 5-бабында көзделген.
Келіссөздердің нәтижесінде ұжымдық шарттың жобасы жасалады. Бұл жобаны ұйымның немесе кәсіпорынның қызметкерлері міндетті түрде талқылауы тиіс. Шарт жобасын талқылау нысандарын қызметкерлердің өздері анықтайды.
Ескертулерді ескере отырып, комиссия шарт жобасын қайтадан қарайды және өзара келісімге келген жағдайда ұжымдық шарт кемінде 2 дана болып жасалып, оларға тараптардың өкілетті өкілдері қол қояды.
Ұжымдық шарт қол қойылған күннен не шартта белгіленген күннен бастап күшіне енеді. Ұжымдық шарт ұзақтығы бойынша қысқа мерзімді (бір жылға дейінгі) және ұзақ мерзімді болуы мүмкін. Шарттың әрекет ету мерзімін тараптардың өздері анықтайды.