Сәрсен Аманжолов
Қазақ тіл білімінің туып, қалыптасуы, дамуы бүгінгі кемелденген шағына жетіп, биіктерге көтерілуі оның ірге тасын қалап, қазақ тілін ғылым ретінде қалыптастырған ардақты есімдермен тығыз байланысты. Қазақ тіл білімінің тарихында оның ғылыми-теориялық негізін салған ғалымдардың әрқайсысының орны ерекше.
Артына қалдырған мол мұрасын арнайы зерттеуді лайық ететін біртуар ғалымның бірі-филология ғылымының докторы, профессор Сәрсен Аманжолов (1903-1958). Қарап отырсақ, ғалым С.Аманжоловтың әрбір тілді зерттеуі диалектикалық даму көзқарастарымен ұштасып отырады. Бұдан тілдің қалпын дамуымен тығыз байланыста зерттеудің, тіл жүйесінің әр элементін қолданыста қарастырудың ұтымды болатынын байқауға болады.
Профессор Қ.Жұбанов салалас сөйлемдердің компоненттерінің бір-бірімен құрмаласуының он түрлі жолын көрсетсе, профессор С.Аманжолов өз еңбегінде салалас құрмалас сөйлемнің он тоғыз түрлі мағыналық жағынан айыруға болатындығын көрсетеді.
Ғалымның пікірлерін қорыта келгенде, салалас сөйлемнің жетеуі шылаулы (жалғаулық), он екісі шылаусыз байланысқан сөйлемдердің қарым-қатынас арқылы жасалатынын білуге болады:
1) Екі я бірнеше жай сөйлемдердің бірі объектіге я субъектіге байланысты өзді-өзінің мағыналары жақын екенін көрсетеді. Мысалы: Биылғы егін жақсы шықты, біз ерте жиып алдық. Бұл жердегі екі сөйлемнің мағынасы ешбір дәнекерсіз-ақ бір-бірімен тығыз байланысты. Оның әрқайсысы жеке тиянақты сөйлем болып тұр. Логика жағынан да, форма жағынан да мұның әрқайсысы жеке сөйлем бола алады да, бірақ мағына жағынан бір-бірімен өте тығыз байланысты болғандықтан, бөліп тастауға болмайды.
Әшім баяндама жасағаннан соң, сақай шығып сөйледі. Әшім баяндама жасауына қарай, жұрт көп жиналды. Әшім баяндамасы басталуына таман, біз де келіп қалармыз. Әшім баяндама жасаумен бірге, өзі ән-күйді басқарады. Әшім баяндама жасағанмен де, жұрт жалыққан жоқ. Әшім баяндама жасаудың алдында, бізге тезисті көрсетті. Әшім баяндама жасаудың орнына, әңгіме айтып кетті.
Жалғаусыз есімше я тұйық етістік шылаудың я жұрнақтың жәрдемімен сабақтас сөйлем жасайды. Мұндағы шылаулар: сайын, бойынша, кезде, мезгілде, түгел, шақта, күнде, уақытта. Мысалы: Әшім баяндама жасаған сайын, жұрт көп келеді.
Сонымен қатар профессор С.Аманжолов төл сөзден жасалған аралас құрмалас сөйлемдердегі «деп, деді, деген, еді» көмекшілерінің ерекшеліктерін де жан-жақты аша білді. Ғалымның айтуынша, мұндағы көмекшілердің атқарар рөлі зор. Ол алдыңғы сөйлемді бірге тиянақсыз, бірде тиянақты етіп тұрса, енді бірде алдыңғы сөйлемдер «соңғы деп еді етістіктердің орауына түсіп, бір-ақ сөйлем есебінде» айтылады.