Ислам
Жаратушы ұлық тәңiр Аллаһ Тағалаға иманды және мойынсұнуды бiлдiретiн нағыз бiртәңiрлi (монотеист) тәухид нанымы негiзiнде пайғамбарымыз Мұхаммед Абдұллаһұлы (с.а.у., 569-632) тарапынан 609-632 жылдары аралығында адамзатқа түсiндiрiлген әлемдiк дiн. Ислам барлық болмыс пен фәни адам өмiрiндегi ең маңызды ұғымдардың бiрi. Ислами ұғымда бұл дiн абсолюттi құдiрет иесi Жаратушы тарапынан ең алғашқы адамнан ең соңғы адамға дейiнгi барлық адамзатқа және заманаға жiберiлген дiн. Ислам – ақыл иелерi мен күллi махлұқаттың (жаратылыстың) ұлық Жаратушының құдiретiне тәсiлiм болуының, мойынсұнуының және дүниедегi өмiрдi белгiлi бiр тәртiпке келтiретiн құдайы жүйенiң, яғни пенде мен Аллаһтың арасындағы байланыстың аты. Ислам сөзiнiң түбiрi арабшадағы «сәлиме», «силм» етiстiгi.
Ислам дiнiндегi ең маңызды ғибадаттардың бағзылары мыналар: Құран Кәрiмдi оқу және түсiну, ғылыммен шұғылдану, жиһад ету, намаз оқу, дұға ету, Рамазан айында ораза ұстау, зекет беру, Меккеге қажылыққа бару, iзгi амалдар iстеу, ізгілікті уағыздау, адал жолмен ризық табу т.т.. Ислам дiнiнде «бәййине», яғни дәйектi дәлел болмайынша бiреудi кiналауға, айып тағуға болмайды. Иман ету нақты дәлелдерге сүйене отырып сенудi, ал имансыздық, «шiрк» (Жаратушыға ортақ қосу - М.Б.) және керi қағу - дәлелсiздiк пен бiлiмсiздiктi бiлдiредi. Олай болатын себебi Жаратушының барлығы мен бiрлiгiн дәлелдейтiн он мыңдаған айғақтарды көрмеу яки мойындамау тек дәлелсiздiктiң, махрұмияттың белгiсi ғана бола алады.
Ислам нанымы бойынша жәннет расұлдардың (пайғамбарлардың) дағуатына мойынсұнып, Аллаһтан келген хақ дiндi ұстанып, iзгi iс iстеп, жақсылық жасаған адамдарға сыйлықтары берiлетiн құтты мекен. Адам баласы Аллаһ Тағалаға құлшылық ету және қайырлы амалдар iстеу үшiн жаратылған. Бұл оның бұ дүниеге келу себебi. Жаратылыс заңдары да осыны дәлелдейдi. Әлемдегi нәрселердiң барлығы да Аллаһтiкi және адамдардың пайдалануына берiлген. Бұған шүкiршiлiк етiп, өзiне берiлген сансыз нығметтер мен iзгiлiктер үшiн Жаратушыға мойынсұну, бағыну адамның парызы болып табылады.
Бүгiнгi күнi ислам дiнi жершарының барлық құрлықтарында азды-көптi таралған. Мұсылмандардың саны 2 миллиард адам мөлшерiнде есептелуде. Әсiресе, Батыс халықтарынан исламды қабылдаушылардың саны тұрақты түрде өсуде. ХХ-ғасырда мұсылмандардың саны 7 есе көбейген. Халқының басым көпшiлiгi мұсылмандардан құралатын мемлекеттердiң саны 60 шамасында. Қазақстан халқының да 70 пайызы мұсылмандар. Елiмiз «Ислам конференциясы ұйымының» толық мүшесi.