Ұлы Отан соғысы жылдарындағы қазақстандағы кітапхана ісі
Кітапхана - ғасырлар бойы келе жатқан биік парасаттылық пен білімділіктің киелі ордасы - Еліміздегі бірден - бір руханият ордасы - кітапханалар кеңістігінің әрқашанда, қай жерде болмасын алар орны ерекше.
Ұлы Отан соғысының қатаң жылдарында Қазақстан еңбекшілері барлық халықтармен бірге Отанды қорғауға шықты. Көп ұлтты мәдениетіміз соғыс жылдарында өзінің өмірге бейімділігін және өтімділігін көрсетті. Ол біріншіден, сұрапыл жылдардың алғашқы күндерінде – ақ мемлекетіміздің барлық мәдени қызметі соғыс жағдайына икемделіп қайта құрылды, мәдениет қайраткерлері, Халықтық интелегенция армиясы осы кезеңде күшті де айлалы жауды жеңуге өздерінің зор үлесін қосты. Екіншіден, барлық күш - қуатпен құралдар отанды қорғауға жұмылдырылғанмен мәдени революция жалғаса түсті [1].
1941 жылдың шілде - тамыз айларында республиканың көпшілік кітапханаларында 1120 әуе шабуылына қарсы қорғаныс және мемлекеттік санитарлық қорғаныс үйірмелері жұмыс істеді. Ол уақытта халықтардың арасына барып кітап беру ісі кеңінен тарады. Соғыс жылдарының алғашқы күндерінен бастап әскери шақыру пункттерінде, әскери бөлімдерде, госпитальда үлкен де қызықты жұмыстар жүргізілді. Онда кітапханалар өздерінің бөлімшелерін, кітап беру пункттерін, көшпелі кітапханаларын, жазғы оқу залын, анықтамалық бұрыштарын ұйымдастырды. Кітапхана белсенділерінің көмегімен дауыстап оқу, әңгіме өткізу, қажетті тақырып бойынша дәрістер оқу, кітап көрмелерін ұйымдастыру, плакаттар мен фотомонтаждар шығару кеңінен жүргізіледі.
Алматының кітапхана кызметкерлері облыс, аудан орталықтарына барып нақты көмек көрсетті, жарыстың жағдайымен таныстырды. Жарыс қорытындысы бойынша 32 қалалық және аудандық кітапхана жүлдегер атанып, 21 кітапхана қызметкеріне ақшалай сыйлық берілді. Соғыс жылдарындағы еңбегі үшін 300 - дей кітапханашы медальдармен, ордендерге ие болды.