«Қазақ» атауы туралы
Қазақ халқының өз алдына жеке халық болып қалыптасу барысы ұзақ тарихи даму дәуірлері мен кезеңдерін басынан кешірді. Осы тарихи кезеңдерге жеке-жеке тоқталардан бұрын «қазақ» деген аттың қалай, қайдан шыққанын, ол жөнінде қандай болжамдар бар екеніне тоқталып өтуді жөн көріп отырмыз. Бірден айта кететін жағдай қазақ ұлтының атауының (ғылым тілінде этнонимінің) шығу тегі, мән - мағынасы мен сөз төркіні әлі толық зерттеліп біткен жағдай емес. Пікір таластары өте көп, бірақ тоқ етер жауап жоқ. Бұл жерде ескертетін бір негізгі жағдай - қазақ халқының құрылу, қалыптасу тарихы мен уақытын «қазақ» атауының шығу кезеңімен айыра білу қажет. Өйткені бір халықтың тарихи қалыптасуы мен оның атының шығуы деректемелерде бір мезгілде бола бермейді. Дей тұрғанмен бір ұлттың атының шығу тегін, мән-мағынасын анықтау сол ұлттың арғы тегі мен алғашқы кезеңдегі тарихын түсінуге көмегі көп. Міне, сондықтан да біз қазақ халқының қалыптасуының ежелгі тарихына тоқталардан бұрын оның ұлттық атауының шығуы жөніндегі тарихи деректерде орын алған болжамдар мен пікірлерді атап өтуді жөн көріп отырмыз.
Византия императоры Константин Порфирордни (905-957) өз жазбаларында Кубаннан шығысқа қарай мекендеген елді «қазақия» деп атаған. Ол кезде (X ғ.) бұл елдің құрамында болған аса зор, саны мол тайпалардың бірі қыпшақ елі тұрғаны тарихқа әйгілі. Егер қыпшақтар өзін «қазақ» деп атамаса Византия императоры бұл атауды қайдан ойлап тапсын. Ал ол кезде орыс және украин (яғни Дон және Запорожье) казактарының аты да, заты да жоқ еді.
«Қазақ» сөзінің шығуы аңыздар мен шежірелерде де кездеседі. Оларда «қазақ», «алаш» және «жүз» (үш жүз) деген атауларды байланыстыра баяндайды. Тарихи аңыздардың бірінде былай баяндалады: ерте заманда Қалша Қадыр деген батыр қолбасшы болады. Бір жолғы жорығыңда ауыр жараланып, көгі қиындықтар керіп, әбден әлсіреген кезде аспаннан бір ақ қаз (аққу) ұшып келіп аузына су тамызып, өлімнен алып қалады. Аққу перизат - ақ қыз кейпіне айналады. Жазылған соң Қалша Қадыр ақ қызға үйленіп, дүниеге келген ұлдарын «қазақ» атайды.
Сонымен, қазақ халқының, қалыптасуы ұзақ жылдарға созылған тарихи процесс. Ол - жалпы халықтың ойы. Қазақтың арғы тегі осы күнгі Жоңғария мен Жетісу өңірін мекендеген сақ, үйсін тайпаларынан шыққан деген тұжырым ежелгі тайпалар атының қазіргі қазақ арасында сақталып отыруына ғана қарап айта салған жай болжам емес, дәйекті ғылыми тұжырым екені анық.