Абай Құнанбаевтың Евгений Онегиннен аудармасы
Онегин мен Әбдірахман бейнелерінің ұқсастықтары, екеуінің ұқсамайтын тұстарынан әлдеқайда басым. Тек Онегиннің ішінің қалтарысы көптеу.
Эпистолярлық романда Татьянаның Шығыс әулетіне туыстас қасиеті басым. “Досың ақпын, “тағдыр араз”, бәрін “сорлы нәсібімнен” көремін деген сөздерді айта келе, Татьяна сөзінің ақырында “Көрісуге шыдамаспыз, Айрылалық сол үшін” (Абай. 2 том. 49 б.) деген ең соңғы шешімін Ләйлі-Мәжнүн махаббатын еске түсіретін жәйтқа сүйейді. Екі асық Ләйлі мен Мәжнүнге жарық дүниеде қауышып, құшақтасып бір сүйісуге жазбаған ғой. Екеуінің өне бойлары өртеніп, ерінге ерін тигізе алмайды. Татьянаның көрісуге шыдамаспыз дейтіні сол хикаямен ағайындас. “Ләйлі-Мәжнүн” дастанымен таныс қазақ Татьянаның ғашықтығы Ләйліден кем соқпайтынын түйсініп, тебіренері сөзсіз. Ләйлі мен Мәжнүннің ғашықтық дертін тартуы Алланың бұйрығы болғанда, Татьяна “тағдыр араздығына” шағынады.
Онегин сияқты Татьяна да қазақ құлағының құрышын қандыратын орамды, образды тілмен сөйлейді.
Қаймақ еді көңілімде,
Бізге қаспақ болды жем.
Екі сөз жоқ өмірімде,
Мен де – сорлы бақыты кем. (1 том.76 б.).
Қазақ ақыны пікірінше, адамзат керуені (бір ғана қазақ елі емес) даму бағытын дұрыс ұстанбай отыр. Қарын қамына беріліп, рухани жұтаңдыққа ұшырауда. Бүкіл дүние қауіпті дағдарыста. Қай тарапқа қаңғырарын білмейтін Онегин бейнесінің астарында, міне, осы әлемдік бәлелі құбылыс жатыр.
Романның эпосқа тән кең құлаштылығы, нақтылы өмірмен байланысы осындай болғанда, жеке адам характерін жасау жағынан қалай көрінеді? Міне, бұл рөлді адамның ішкі жан дүниесінің шетсіз-шексіз құбылыстарына тіл бітіретін Абай лирикасы әдемі атқарып шыққан. Өлеңмен жазылған эпистолярлық шығармада төңіректе өтіп жатқан әлдене оқиға бөлек баяндалмайды. Оның бәрі психологиялық талдауға сіңіп кеткен. Сырт оқиғаның табы яки эпостық тағы бір белгі кейіпкерлердің жан сілкініс-тебіреністерінен, рухани өзгерістерінен бой көрсетеді.
Абайдың лирикалық романының драмалық тектілікке де қатысы бар. Өмірден баз кешкен Онегиннің аяқ астынан ескі жараны білтелеп, ескі сертінен тайып өзгеруі, тірі адам қалыбына еніп, бойына қан жүгіріп, алас ұруы, жан айқайына көшуі лириканың драмалық әрекетшіл сюжетін қоюландырып мейлінше тартымды етіп тұр. Ғашық жүректің ауыр қасірет күй-жайы яки лирикалық ағын күші зор поэтикалық қуатпен тасқындайды.
Өлі бойға жан жүгірді,
Қайратым құрыш болды, нан.
Мұз жүрегім май сықылды
Еріп, от боп күйді жан. (Сонда. 44 б).
Жат жұрттық боп кеткен, бірақ әлі де сені сүйемін дейтін Татьянаға арнаған Онегиннің соңғы сөзінде лирикалық ағын драмалық қимыл-әрекетке ұласады.
«Евгений Онегин» романында Онегиннің Татьянаға жазған хатында және Татьянаның Онегинге жауабында екі ғашықтың жұптаспауы жеке бастарының ебеп-себебімен түсіндірілген. Жігіт жеке басымның бостан болуын аңсап едім, оным қате екен деп опынады. Татьяна бар кінәні Онегиннің өркөкіректігіне артады. Енді тағдырым шешіліп қойғанда, менің соңыма түскеніңізге жол болсын дейді. Сізді сүйемін. Бірақ бөтен кісінің жары болдым. Жар борышынан айныман, деп жігітін соститып жалғыз қалдырады.
Эпистолярлық романда екі ғашықтың қосыла алмауларының түп себебі, қайталаса артықтығы жоқ, қоғам мен адамның бір-біріне өгейлігінде. Оның арты “жапалақты таспен ұрсаң да жапалақ өледі, тасты жапалақпен ұрсаң да жапалақ өледіге” әкеп соғады.
Абайдың эпистолярлық романының жарияланғанына енді бір-екі жылда ғасыр толады. Ғасыр бойы ол жан жадырататын, рух демдейтін құдіретті поэзиясына бөлеп келеді.