Әбілхан Қастеев
Қастеев, Әбілхан (1904-1973) - қазақтың әйгілі кескіндемешісі, график суретші, қазақ бейнелеу өнерінің негізін салушылардың бірі, Қазақ ССР-ы халқының суретшісі.
Туып-өскен - жері Алматы облысына қарасты Жаркент қаласының жанындағы Шежін ауылы. Топырақ бұйырған жері Алматы қаласы.
1929 жылдан 1931 жылдары Қастеев Николай Гаврилович Хлудовтың көркем студиясында оқыды (Хлудовтың Қазақстанда тұрған кезінде). Содан кейін білім алуын 1934 - 1937 жылдары Мәскеу қаласында Крупская атындағы көркем студиясында жалғастырды.
Қазақстанның халық суретшісі (1944). Қазақстан Суретшілер одағы басқармасының төрағасы (1945-1956). Еңбек жолын Түрксіб темір жол құрылысында жұмысшы болып бастады. Москвадағы көркемсурет студияларында Н.Г. Хлудов пен И. Бродскийден сабақ алды (1929-1936). Халық өмірінің алуан көріністерін шынайы бейнелеген мыңнан астам көркем туындыларды дүниеге келтірген.
Әбілхан туған жердің әсем табиғатын, оның дидарындағы адам қолының жасампаз өзгерістерін зор шабытпен бедерлей алған суреткер. Оның «Биік таулы мұз айдын» (1954) , «Гүл ашқан алма» (1958), «Менің Отаным» (1959), «Жайлаудағы автодүкен» (1963), «Қапшағай ГЭС –І» (1972) сияқты полотнолары эпикалық қарымымен, шыншылдығымен назар аударады. Әбілхан Қастеев суретші ретінде өзіндік дара қолтаңбасымен ғана ерекшеленіп қоймайды, сонымен бірге, ол туған жері мен өскен елін перзенттік махаббатпен жырлай алған біртуар суреткер.
Әбілхан Қастеевтің көп еңбектерін Алматы қаласы Т.Г. Шевченко атындағы Қазақ көркем галереясынан көруге болады.
Қастеев есімі Қазақстан Республикасы Мемлекеттік өнер мұражайына және Қазақстанның бірнеше қалаларындағы көшелерге берілген.