«Масғұд» поэмасындағы Абай бейнесі
Абай өзінің поэзиясымен қазақтың көркем әдебиетін өлшеусіз биікке көтерсе, әдеби тілді дамытып, қалыптастыруда да аса үлкен еңбек сіңірді. Ол қазақтың жазба әдебиеті тілінің негізін салушылардың бірі болды.
Абайға дейінгі және Абай тұсындағы ақындарда ескі араб, парсы сөздерін көп қолдану, оны қазақ сөзімен араластыра сөйлеу салтқа айналған еді. Кейін орыс сөздері араласты. Абай осыларға қарама-қарсы шет тілдер сөздерін көп қолданбай, негізгі шығармаларын қазақтың таза ұлттық тілінде жазды. Тіл, сөз мағынасын жаңартып, байытты. Сөздің халықтық үлгілерін жонып, қырнап, өзі айтқандай, «тіл ұстартты».
Поэманың негізгі ойы – негізгі герой Масғұдты бірнеше ерекше халдерге, уақиғаларға ұшыратып барып, оған үлкен сапалы адамгершіліктің қасиеттерін бітіру. Және осы арқылы қай заманның адамына болса да , үлгі боларлық ұжданды адамды жарату. Осы ойының аясында ақын Масғұдқа Қызырды кездестіріп, оған үш жемісті ұсындырады.
«Ағын жесең, ақылың жаннан асар,
Сарыны алсаң, дәулетің судай тасар,
Егерде қызыл жеміс алып жесең,
Ұрғашыда жан болмас сенен қашар,»
Масғұд ақылдылықтан да, еңбексіз табылған байлықтан да қашып, әйелзатын адамзаттың қақ жарымы деп түсініп, қызыл жемісті алады. Бұл әрекетін ол әйелдің достығын ерекше қадір тұтатындығымен түсіндіреді. Ер жынысы мен әйелді адамдық алдында тең дәрежеде бағалап, қадірлейтіндігін айтады. Осының барлығы да біз танып, білген Абай шығармаларында ақынның өзі кеңіен жырлап, терең ойлар тудырған тақырыптары емес пе? Мәселен, «Ғашықтық құмарлық – ол екі жол» , «Жастықтың оты жалындап...», «Ғашықтық тілі – тілсіз тіл» атты өлеңдерінде өрнектелген тақырыпты, яғни махаббат, әйелзаты туралы мораль философиясын гуманист ақын жаңа түрде шартты мазмұнға байланыстырып, осы поэмасында ұсынып отыр. Сонымен қоса, осы поэмада қызықтыратын бір нәрсе – ол Масғұдтың бойынан көрінетін ақынның өз бейнесі. Масғұт ақылдан қашады. Байлықтан қашады. Соның екеуін де сынап, талғап отырып жиреніп шығады. Сол Масғұдтың ақылдан қашуы Абайдың өз басындағы, өз ортасындағы күйге аса жақын келеді. Менінше, көп наданның арасындағы бір жалғыздың халінкешкен Абай өз трагедиясын Масғұдқа сол өз басының аянышты күйін айтқызып отыр. Себебі, Абайдың өзі білімді, ақылды, халыққа билік айтар көсем болған, әрі жеті атасынан дәулет дарыған отбасынан шыққан. Солай бола тұра ол өз жырларында надан, кердең байдың бет болмысын әшкерелейді. Сұм байлық пен елге керексіз білімнен безеді.
Поэманың жазылуы туралы жазушы Д.Досжан мынадай пікір айтады: «Композициялық құрылыстың өзінде, яғни қызыл жемісті таңдап, соңында білімдарлығын танытып, логикалық байланыстың болмауы, қиыспауының өзі осы қызыл жеміске оқырманның бар ынтасын қойғызады.»
Жалпы Халиф һарон Рашид Бағдатты 786-809 жылдар аралығында, яғни 23 жыл билейді. Ең әділ, ақылды әмірші бейнесінде «Мың бір түннің» бас кейіпкерінің бірі болып, өлмейтін өнер бетіне ауысатын кезеңі де осы тұс. Халифтың Жафар есімді уәзірі болған. Ал осы дастанды аударған Тургенев оны Жафар емес Жиаффар деп, дастанның нобайын өзгертіп, өзінше бір жоба, өзінше қиял, бояу қосып, өзгешелеу етіп жаңа шығарма туғызады. Тіпті бас кейіпкерін Халиф һаронды ақылдан гөрі айлаға бейім етіп көрсетеді.
Ал, поэманың соңындағы «жұртың жынды болса, ақылды болма, қоса жынды бол!» дейтін жолдар, Абайдың «болды енді сұм, құр өкініштен ештеме шықпас, Тоғжан да көнді, ақымақ болма, сен де көн,» - деген сөздерді білдірсе керек. Міне, осылай композициялық құрылысы толық емес, логикалық тұтастығы жеткіліксіз поэмаға, осындай өмір философиясын қолдана отырып, шешімін тауып беруге болады. Бірақ жамандықтан кейін жақсылық болар дегендей, махаббатынан айрылған Абай соңында қазақ ғұлама ақындарының бірі болып қалыптасты. Мүмкін оның ақындық шабытының оянуына сол Тоғжанға деген махаббат пен қосыла алмауынан пайда болған зар сезім әсер еткен шығар.
Әдебиеттер:
1. Дүкенбай Досжан Абай айнасы,-Алматы «Қазақстан» 1994 жыл
2. Абай Құнанбаев – Шығармаларының екі томдық толық жинағы,- Алматы «Ғылым», 1977 жыл