Қазақ халқының ежелгі тарихы (сақ, үйсін, қаңлы, ғұн, алан тайпалары)
Қазақ халқы ежелгі заманнан Орта Азия өңірін мекен еткен түркі тілдес ру - тайпалар мен ұлыстардың ұзақ тарихи дәуірінде ортақ территорияда бірге өмір сүріп, этникалық даму заңдылықтарынан өтіп, бірте-бірте бірігуі және дамуы нәтижесінде жеке халық болып қалыптасты. Қазақ халқының негізін құрап, оның халық болып қалыптасқан кезде құрамына енген ру -тайпалардың аттары ерте замандағы жұңғо және шетел тарихшыларының ауыз әңгімелері мен жазбаларында сақталған. Деректердегі атаулар ежелгі атауларға сәйкес келеді. Сондықтан да бұл деректер қазақ халқының тарихын жазуда және баяндауда нанымды негіз болып табылады. Естеріңізде болса ең алғашқы «Тарихпен тілдесу» атты әңгімемізде қазақ даласы алғашқы адамдар пайда болған қазіргі белгілі үш ошақтың бірі екеніне назар аударып кеткенбіз. Олар: Қазақстан мен Орта Азия, Африканың шығысы, Үнді Қытай түбегі мен Суматра, Ява аралдары.
Біздің еліміздің тарихын баяндайтын жазба деректердің қатарына Қытай деректемелерін бөліп айтуға болады. Бұл жазбалардың көпшілігі қуатты Қытайдың Шығыс Түркістан, Қазақстан және Орта Азия жерлеріне экспансия жасау әрекетімен байланысты осы елдер жөніндегі мәліметтерді жинау қажеттілігінен туған болатын.
Грек тарихшыларының баяндауынша сақтар өте батыр, жауынгер, «қасқа қатал, досқа адал» халық болған. Сақ тайпаларын әрқайсысының өз алдына хандары болған. Халық хандарының өліміне қатты қайғырған, оның қабіріне асыл заттармен қатар сойылған ат, тіпті ханымдар мен қызметкерлерін де жерлеген.
Сақтардың шаруашылығының негізгі түрі мал шаруашылығы болды. Ежелгі авторлар баяндағандай олар суы мол, шөбі шүйгін, өріс қарай, бір жерден екінші жерге көшіп-қонып жүрді. Этнографиялық және археологиялық деректерге қарағанда мал шаруашылығының үш түрі: көшпелі, жартылай көшпелі және отырықшы болғанын баяндайды. Шаруашылықтың бірінші түрі Батыс және Орталық Қазақстанның құрғақшылық далаларында шөлдері мен шөлейттерінде жыл бойы көшіп жүруге негізделген, негізінен қой, түйе және жылқы өсірілді. Шаруашылықтың қосалқы саласынан аң аулау ерекше дамыды.